Тілді қорлаған бойжеткен сотталды

2034
Adyrna.kz Telegram
фото: Ratel.kz
фото: Ratel.kz

Алматыда қазақ тілін "мәмбеттердің тілі" деген бойжеткен сотталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Алматы соты 16 сәуірде әлеуметтік желіде тіл туралы жағымсыз пікір білдірген азаматты 2 жылға бас бостандығынан айырған.

Бұл оқиға 2023 жылдың қазан айында орын алған. Элина Лю есімді 21 жастағы Тик-Ток қолданушысына тікелей эфирде оның ұлты, діні туралы сұрақ келіп, балағат сөздерді пайдаланып, қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен оқырман болған. Артынша Лю қазақ тілін ұнатпайтынын айтады. Бойжеткен қазақ тілін  "ауылдан келген мәмбеттер ғана сөйлейтін балағат сөз" деп санайтынын айтқан.

Одан бөлек, ол Алматыдағы кептелістерге байланысты сырттан келушілерді ұнатпайтынын ашық айтады.

Шулы эфирдің жазбасы желіде тарап, бойжеткен сынға ұшырап, артынша қылмыстық іс қозғалған.

Сотта бойжеткен мемлекеттік тілді білмегендіктен желі қолданушылары оның Қазақстаннан кетуін талап еткенін айтқан. Сол себепті ол өзінің "арандатушылыққа бой алдырғанын" мәлімдеп, кінәсін сотта мойындамаған.

Тек осы әрекеті арқылы өзіне жағымсыз пікір жазғандардың "намысына тигісі келгенін" айтты. Ал "жағымсыз тіл" деп қазақ тіліндегі балағат сөздерді меңзегенін айтты.

Пікірлер