Білім басқармалары былыққа белшеден батуда

5024
Adyrna.kz Telegram

Қашықтықтан оқыту кезінде балаларды компьютермен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаражатты жымқыру фактілеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 650-ге жуық сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. 60 лауазым иесі ұсталып, 57 адамға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды»,-деді Д. Бекайдаров онлайн брифингіде.

Сонымен қатар ол ҚР Үкіметі резерві есебінен ағымдағы іс-шараларды жүргізу бағдарламасы бойынша компьютер, планшет пен ноутбук сатып алуға 2020 жылы бөлінген бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істер тергеліп жатқанын айтты. Осы орайда білім беру басқармасының лауазым иелеріне қатысты еліміздің бес өңірінде 6 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Қаражат қашықтықтан оқыту кезінде табысы аз отбасылардың балаларын компьютермен қамтамасыз ету үшін бөлінген болатын. Аталған сотқа дейінгі тергеу мемлекеттік ішкі аудит актілері негізінде тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», - деді Данияр Бекайдаров.

Әлемнің дамыған, өркениетті елдері пандемия кезінде мейлінше халқына көмектесіп, азаматтарына барынша қолдау көрсетуге күш салды. Ал біздің елімізде жағдай керісінше өрбіді. Ел басына күн туған шақта да қу құлқынын ғана ойлағандарды вирус та, басқа да тоқтатпағаны өкінішті. Сабақты үйінде отырып оқуына ыңғайлы болсын деп үкімет тарапынан арнайы ақша бөліп, ноутбук тарату ісі қолға алынды-ақ. Өкінішке қарай, бюджеттен бөлінген ол ақшаны да аранына тоғытудан тайынбағандар болыпты.

Бұл әзірге анықталған бірер ғана дерек. Ал ит арқасы қияндағы ауыл-аймақтарда бұл мәселенің қалай шешілгенін кім білсін?! Тек жеп қалу, қарбыта ауызға салу, өңештен қазір өткізе салу... Бұл қазіргі біздің қоғамның шынайы келбетіне айналды. Білім басқармаларының пандемия кезіндегі батқан былықтары мұнымен тоқтамайтыны сөзсіз. Ел қазынасының миллиардтаған қаржысы қаншама адамның қалтасында кеткені анықталу-анықталмауы белгісіз шаруа. Алайда Қазақстан қоғамы сәт сайын тек қалтаға басып қалуды, жеп қалуды ғана көздейтіндердің ортасына айналғаны өкінішті.

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер