«Ұлттық құрылтай қоғамды алдау үшін құрылған жоқ»

3468
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші мәжілісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жалғасады. Екінші құрылтай жиыны кеше басталып, бірнеше тақырып талқыға түскен. Қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму және білім және ғылым саласының мәселелері сөз болды. Ұлттық құрылтайдың қоғамға ортақ сипаты неде?

Заң шығарушы Парламент тұрғанда Ұлттық құрылтай құрудың не қажеті бар. Осы және өзге де сұрақтарды Ұлттық құрылтай мүшесі, белгілі тележурналист Серік Әбікенұлына қойдық.

ДӘНЕКЕРШІЛІК

– Түркістан қаласында өтіп жатқан құрылтайдан не күтесіз?

Биылғы құрылтай бір күн бұрын басталды. Кеше, 16 маусымда жұмысшы тобы жұмыс істеді. Құрылтайдың 117 мүшесі мәдениет, руханият, қоғамдық даму және саяси әлеуметтік даму мәселері бойынша төрт секцияға бөлініп, жұмыс істеді. Оған жауапты үкімет мүшелері яғни Мәдениет министрі Асхат Оралов пен Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

Мысалы, өзіміз кеше мәдениет және руханият секциясында болып, екі министрдің алдында қоғамдағы мәселерді айттық. Өзге сессияда не айтылғанын білмеймін. Бірақ өз тобымызда қоғамда қордаланып қалған мәселелерді айттық. Руханияттың бір тірегі кино десек бүгінгі туындыларда діни бағыт басым болып бара жатыр.

Сондай-ақ президент тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақ тілі» қоғамының мәселесін көтердім. Бір қызығы халықаралық деген статусы бар ұйым қоғамға ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ. Жиыннан кейін Мәжіліс депутаты әрі аталған қоғамның төрасының орынбасары Максим Рожин «Қазір президенттің айтқан тапсырмалары қараусыз қалып бара жатыр. Біз мемлекеттік тілдің дамытуға байланысты қаншама бастама көтердік. Әйтсе де ол депутаттар арасында қолдап таппай жатыр. Біздің осы мәселемізді қолдағаныңызға көп рахмет» деді.

Сенбі күні осы мәселе тұжырымдалып, әр топтың жетекшілері президенттің алдында көтереді. Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты қоғамдағы ушыққан дүниелерге дәнекер болып, осындай жиындарда айтып, шешілуіне себепші болу ғой.

«КӨКЕ, МЫНА ЖҰМЫСЫҢ ШИКІ ҒОЙ»

- Қоғамда «Парламент бола тұра Ұлттық құрылтай құрудың не қажеті бар?» деген пікірлер айтылды. Депутаттық мандаты бар Максим Рожин шеше алмай отырған мәселені Ұлттық құрылтай мүшесі қалай шешеді?

Бұл жерге топтасқан адамдардың аузында дуасы бар адамдар шығар деп ойлаймын. Енді мысалға қоғамның сөзін біреу сөйлемесе кім сөйлейді? Депутаттар қазір жалақысын алып отырған азаматтар ғой. Олардың құзыреттік фнукциясы нақтыланған. Бұл жерде Ұлттық құрылтайдың жұмысы қоғамдық жұмыс болып саналады. Қоғамдық жұмыс болғандықтан Ұлттық құрылтайды өткізгенде шақырғаны болмаса 365 күнге ақы төлеп отырған жоқ.

Мысалы, біз әлеуметтік желіде пікірімізді өткір айтамыз. Ал сәті келгенде кездесіп «Көке, сендердің мына жұмысың шикі ғой» деп бетке айтқанның қандай кемшілігі бар деп ойлаймын өзім. Халықтың сөзін бір адам жоғары жаққа жеткізу керек қой.

Мысалы, киногерлердің мәселесі бойынша Азамат Шарғын бастаған азаматтар шырылдап жүр. Солардың мәселесін Мәдениет министрі Асхат Ораловқа айттым. Әйтеуір, шақырылған кезде бір адам мүмкіндігін тауып көтеріп отыр ғой. Ертең бұл мәселе президенттің алдында айтылып, қолдау табатын болса, киногерлерге көмек болмай ма? Ұлттық құрылтайды «керегі жоқ» деп жауып тастай салса да маған бәрібір. Өйткені одан түсіп жатқан материалдық пайда жоқ.

Мысалы, былтырғы құрылтайда өзің айтқандай «функциясы түсініксіз, әрі парламент бар кезде біздің құрылтайға қатысымыз қанша? Неге біз шабылып жүрміз?» деген ой менде де болды. Бірақ Түркістанда, жұма күні үкімет мүшелері мен президент әкімшілігінің өкілдері қатысқан жиында басқаша ой пайда болды. Оларға «тоқтаңдаршы, менің айтатын пікірім бар» деп өз ойымды жеткіздім. Жалпы бүгін ашық диалог болды.

«ПРЕЗИДЕНТТІ МАҚТАУ ҚАЖЕТ ЕМЕС»

– Қоғамда қандай да бір дау шықса комиссия құру әдеті бар. 2019 жылғы президент сайлауынан кейін Ұлттық сенім кеңесі құрылды. Ұлттық құрылтай халықты алдарқатудың құралы емес пе?

Мысалға мен өз басым халықты алдау ісіне бармаймын. Мәселен, мен өз ойымда айтамын деп келдім, айттым. Егер де маған манипуляция жасап, «мынаны айт, мынаны айтпа» десе мен оған бармаған болар едім. Оны қоғам да, журналистер қауымы да жақсы біледі. Құрылтайда менен бөлек өз сөзінде тұра алатын біраз азаматтар бар. Ұлттық құрылтай қоғамды алдау үшін құрылған жоқ.

Қаңтар оқиғасы жауырды жаба тоқудың салдарынан халықтың қандай дәрежеге жеткенін көрсетті. Ол жерде арандатушылар болғаны да анық, бірақ халықтың еріп кетуіне назар аударуға тиісті нәрселерге мән бермеу себеп болды. Не де болса тәуекел етіп көруге болады.

– Ұлытауда өткен құрылтайда президентті Асқар Жұмаділдаев, Мақсат Толықбай секілді азаматтар мақтады. Екінші құрылтайда да сол сценарий қайталанып, президентті мақтап ала жөнелмейсіздер ме?

 - Сенбі күнгі құрылтайда елдің қалай сөйлейтінін мен білмеймін. Бірақ қазір бізге президентті мақтау да, даттау да қажет емес, екіұдай болып тұрған қоғамды сақтап қалу керек боп тұр. Халықтың әлеуметтік және рухани жағдайы қалай болып тұрғанын көріп отырмыз.

– Әлі де болса қоғамда жағымпазданып қалатын адамдар кездесіп қалады. Біз әлі өткеннен сабақ алмаған сияқтымыз ба?

Ауру батпандап кіріп мысқылдап шығады емес пе? Түбінде бұдан да арыламыз. Бірақ мен Назарбаевқа да, бұл президентке де ода айтқан жерім жоқ. Әркім өз сөзіне жауап бергені дұрыс деп ойлаймын.

– Билік халық алдында репутациясы таза яғни кезінде «ураламаған» азаматтарды өзіне тартып, сүйкімін қалыптастырып жатқан жоқ па?

– Елдің алдында аздаған болса да абыройы бар азаматтар туралы өзің айтып отырсың ғой. Менің жасым қазір елуден асты. Қазір мен билік үшін де, басқа үшін де емес, бала-шағамның есі дұрыс мемлекетте тұруы үшін жұмыс істегім келеді. Мен осы жасыма дейін саяси істерге белсене араласқан емеспін. Журналист ретінде өзімнің ойымды айттым да, отырдым.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер