Халық арасында қалыптасқан құқықтық сана, құқықтық мәдениет, қоғамдағы болып жатқан заңсыз іс-әрекеттер төңірегіндегі өзекті сұрақтардың жауабын «Адырна» ұлттық порталының тілшісі арнайы заңгерден алды.
-Сағнадин мырза, сұрақ төңірегін халықтың құқықтық санасынан бастайық. Тұғыры биік тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жыл таяп қалды. Құқықтық мәдениет қалыптасқан ба?
-Жасырып қайтеміз, көз куә. Елімізде құқықтық мәдениет пен сана қарқынының дамуы төмен деңгейде десек болады. Бұл құбылыс тек қарапайым адамдар арасында ғана емес, белді адамдардың іс-әрекеттерінен де көрініс тауып жатыр.
-Интернет желісі дамыған заманда, заң жобасының барлық электронды нұсқасы бар. Білмеген сауалға жауап тез қазір. Алайда қарапайым халықтың отбасылық проблемаларын, заң аясында шешілетін мәселелерін эфир алдына келіп, “ заңды білмеймін” деуіне не себеп?
-Қоғамның кейбір тұсы қараңғыланып қалған. 90 жылдары білім деңгейі құлдырап кетті. Бәрі жан бағу бағытында ғана іс-әрекет жасап, білімге құштарлық азайып кетті. Халықтың көзқарасы бойынша кейбір заңдар бізде жұмысты нақты істемейді. Бір қызығы, көп адамның ой түкпірінде «Барлық шаруа заңмен емес, тек ақшамен, пара берумен ғана шектеледі» деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан да арнайы заңды оқып, ізденіп уақыт шығындағылары келмейді. Әр адам өз ойын дұрыс жаққа қарай бұрып, нақтылықты талап етсе жақсы болар еді.
Ал қалталарында қаражаты жоқ, заңнан хабары жоқ азамат, азаматшалар осы себептен теледидарға барып, «біз заңды білмейміз» деп, у-шумен дұрыс шешімге қол жеткіземін деп ойлайды. Тағы бір ақиқат, заң расында кейде көмектеседі, кейде көмектеспейді. Жыл сайын әрбір кодекске өзгерістер енгізіліп жатыр. Бір кодекстің аясында бірнеше қаулылар шығып жатыр. Әрине, өзгеріс дұрыс дүние. Алайда, дәл осы өзгерістерді үнемі бақылап отыру қарапайым халыққа ғана емес, заңгерлердің өзіне де қиынға соғуда.
-Мемлекет басшысынан көмек сұрап, бейнеүндеу жариялайтын адамдар көбейіп кетті. Заң көмектесе алмаған жағдайға президент “араласып” мәселені шеше ала ма? Қалай ойлайсыз?
-Мемлекет басшысынан көмек сұраудың көбейіп кетуінің себебі қолданыстағы заңдардың жұмыс істемеуі деп білемін. Сот, прокуратура, әділет басқармасының заңды дұрыс талқыға салмауында боп тұр.
Кейбір азаматтар елбасыдан көмек сұрап бейнеүндеулер жариялауда. Елбасы барлық өтініштерді қарастырмайтыны белгілі. Ол арыз-шағымдар қайтадан төменгі органдардың құзырына түседі. Кейін, елбасының тапсырмасы болған соң, олар оны ендігі жерде дұрыстап қарауға тырысады. Барлық дүние президенттің, елбасының айтуымен шешіледі дегенге сену қиын.
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Інжу ӨМІРЗАҚ,
«Адырна» ұлттық порталы