Қазақстан АҚШ-тың ықпалына өтеді ме?
21-ші ғасыр АҚШ пен Қытайдың геосаяси тартысының өршіген ғасыры болғалы тұр деп батыстың саяси сарапшылары ойларын білдіріп жатыр. Әсіресе Орта Азияда АҚШ-тың ықпалы артатынын дәлелдеп бағуда. АҚШ 21-ші ғасырда Ресейден емес, Қытайдан қауіптенеді. АҚШ-тағы сайлаудан кейін АҚШ-тың тағына қытайшыл Байден келді, ол Қытайға жұмсақ болады деген саяси сараптамалар ғұмырсыз екенін көрсетіп жатыр. Көп ұзамай-ақ АҚШ бастаған НАТО елдері Қытайды да, Ресейді де, Түркияны да, Иранды да санкцияның астына алды.
Бүгінгі күні АҚШ-тың президент әкішілігіне тікелей ұсыныс айтып отырған саясаткерлер мен саясаттанушылар да қарасын көрсетіп жатыр. Соның бірі АҚШ-тың саясаттанушысы - Камран Бохари. Тікелей Байденге Орталық Азия елдерінің ішінде АҚШ-тың геосаяси ықпалын арттыру үшін Қытай мен Ресейге қарсы көп векторлы саясатта ыңғайлы ел - Қазақстан деп атапты.
Қазақстанның сыртқы саясатта ядролық қару қолдануға қарсы болуы, ядролық қаруды жою мен болдырмаудағы ұстанымы, сонымен қатар Ресеймен де, Қытаймен де жан-жақты саяси-дипломатиялық қарым-қатынасы АҚШ-тық саясаттанушының тіліне тиек болыпты. Қазақстанның сыртқы саясаттағы саяси позициясы мен дипломатиялық ұстанымы АҚШ үшін де тиімді деп санаған. Бұл Орталық Азияда саяси тұрақсыздық болғанымен, саяси текетірес пен соғыстың тұтанып кетпеуіне де ықпалы болмақ депті саясаттанушы. Онымен қоса, Қазақстанның Сирия соғысы мен Ауғанстан соғысында тараптарды келіссөздерге шақырғаны, Иранның ядролық қару шығарғанына халықаралық қауымдастықтың алдында теріс көзқараста екендігі тілге тиек етілген. Бұл позиция болашақта Қазақстан үшін тиімді саяси фактор болып қалады дейді саясаттанушы.
Орталық Азия әлемдегі АҚШ-тың ықпалы ең аз жүретін аймақ болып саналып келген. АҚШ-тың ендігі геосаяси қадамдары да осы Орталық Азия территориясында басталмақ. Себебі, Қытай Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінің бәрін өзінің экономикалық ықпалына кіргізіп барады. Қытайдың "Бір жол - бір белдеу" стратегиялық ғасырлық жобасы АҚШ-қа нағыз конкурент боларлық жоспар. Сондықтан да АҚШ өзінің саяси серіктестерімен Қытайға қарсы алып жобаны триллиондаған доллар қаражатпен іске қосқалы жатыр. Бұл жоба арқылы Орталық Азияның барлық елін ықпалында ұстамақ. Байден әкімшілігі Орталық Азияға тікелей өз өкілін қойып, қаржылай көмектің бәрін жамасақ дейді саясаттанушы Камран Бохари.
Бұл ретте "Орталық Азия немесе АҚШ" (C5+1) форумының да перспективасы айтылыпты. C5+1 жобасы Вашингтонның Мәскеу мен Пекинге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан арқылы геосаяси тартысқа түсу үшін 2015 жылы құрылған стратегиялық жоспары. АҚШ енді C5+1 арқылы ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын Орталық Азияда іске асырмақ. Сол үшін Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі функцияны атқаруға лайықты ел. АҚШ үшін осы территориядағы ықпалды ел болып отыр саясаттанушының пікірінше.
Әлемде дәл қазір АҚШ, Ресей, Қытай, Түркияның Орталық Азия елдері үшін геосаяси тартысы басталды. Кешегі онлайн кездесудегі Ердоғанның ұстанымы да Түркияның геосаяси амбициясын анық көрсетіп отыр. Төрт тараптың тартысында Қазақстан қай тарапқа болса да біржақты ауып кетпей, өзінің саяси ұстанымын, позициясын, мүддесін қорғай отырып, жеті рет өлшеп бір рет кескені дұрыс.
Бұл геосаяси тартыста Қазақстан өзінің мүддесін алға қойып, ешбірімен кикілжіңге бармағаны жөн деп ойлаймын. Себебі, аталған елдер сияқты біздің әлеуметтік әл-ауқатымыз да, қорғаныс саламыз да қандай да болсын текетіреске төтеп бере алмайды. Біздің жағдайда қандай да бір күштің ықпалына кіріп кету дұрыс нәтижеге алып келмейді.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы