Қазақстан мен Al Jazeera журналистік жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды көздейді

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tKKQcyGcsXBnHbPoVwmhIn8htRutrC1ACyGmRQkY.webp

Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Al Jazeera Media Network басшылығының кездесуі өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Al Jazeera Media Network бас директоры Шейх Нассер бин Фейсал Әл Тани қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Al Jazeera медиажелісінің Орталық Азия өңіріндегі қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.

Келіссөз барысында Al Jazeera тарапынан Қазақстан аумағында арна хабарын ұйымдастыруға және бүкіл Орталық Азиядағы оқиғаларды қамтитын кәсіби медиа алаң құруға қызығушылық білдірілді. Сонымен қатар, өңір журналистерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Тараптар бұл бастамаларды 2026 жылдан бастап практикалық тұрғыда жүзеге асыруға уағдаласты.

Al Jazeera Media Network бас директоры Раушан Қажыбаеваға кездесуге шақырғаны үшін алғыс білдіріп, жақын арада Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге дайын екенін растады.

Сапар аясында Раушан Қажыбаева Al Jazeera Media Institute директоры Иман Әл Амримен де кездесті. Еске сала кетейік, 2024 жылы тараптар Maqsut Narikbayev University жанындағы Халықаралық журналистика мектебінің студенттері мен қазақстандық журналистер үшін Қазақстанда алғаш рет «Al Jazeera апталығын» өткізген болатын.

Кездесу барысында 2026 жылы «Al Jazeera апталығын» қайта өткізу жоспарлары нақтыланып, қазақстандық студенттер мен медиа саласының мамандарына Al Jazeera Media Institute-тің көпжылдық тәжірибеге негізделген кәсіби әдебиеттер кітапханасына қолжетімділік беру ұсынылды.

Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera English телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген. Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені – елдегі контент өндірісі мен таратудың толық циклін қамтитын ірі медиа құрылым. Оның құрамына Jibek Joly телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық арналары, Қазинформ халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

Al Jazeera телекомпаниясы 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған. Бүгінде ол араб және ағылшын тілдерінде әлемнің көптеген елінде хабар таратып, 50-ден астам шетелдік бюросы арқылы жаһандық ақпарат кеңістігінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Пікірлер