Қазақстанда танымал әнші-әртістердің концерттеріне билет сатудың заңдылығы тексеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық портаоы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Эпидемиологиялық жағдайға арналған онлайн баспасөз мәслихаты барысында журналистер Қазақстанда ірі концерттерге билет сатуға неге рұқсат берілгенін сұрады. Әртістер жүздеген көрерменге арналған стадиондарда өнер көрсетпек.
"Бұған қатысты жеке тергеу жүргіземіз. Бірақ, жалпы, "жасыл" аймақта концерт залдары мен театрларда залды 30 процентке ғана толтырып, барлық санитарлық талапты сақтап, шаралар өткізуге рұқсат етілген. Ал "сары" аймақта концерт залдары, театрлар мен кинотеатрларда көрермендер саны 20%-тен аспауға тиіс. Бұл параметрлер республика деңгейінде шыққан қаулы негізінде енгізілді", - деді Қиясов.
Ол қазіргі таңда үлкен іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын атап өтті."Сіз айтқан фактілер бойынша толық ақпарат сұратып, әр деректі жеке-жеке қараймыз. Қаншалықты заңбұзушылық болғанын анықтаймыз. Бәлкім, билет сату келісілмеген шығар. Билеттер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары "жасыл" аймақта тұрған кезеңде сатылған болуы мүмкін. Дәл қазіргі таңда бұл шараларды өткізуге тыйым салынған", - деді вице-министр.
Айта кетсек, билет сататын сайттарда алдағы айлары елорда мен Алматыда Скриптонит, Emin, "Нервы" тобы және тағы басқа әртістердің концерттері өтетіні көрсетілген.