Маңғыстау облысында бұрын Мәжіліс депутаттығына кандидат болған азамат соққыға жығылды

254
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7ThCL0b1qswYDPocvyy8G68cZxTgEnWKzDBmiSgd.jpg

28 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» компаниясының белсендісі, бұрын Мәжіліс депутаттығына кандидат болған Мұратбай Жұмағалиев соққыға жығылды.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 28 желтоқсан күні таңғы сағат 04:10-да Жаңаөзен қалалық ауруханасына М.Жұмағалиев жеткізілген. Ауруханаға түскен кезде оның жағдайы өте ауыр еді.

Алдын ала қойылған диагнозы: жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, маңдай тұсы мен бет аймағында екі жақты көптеген сырылу жарақаттары бар. Жағдайының ауырлығына байланысты науқас жансақтау бөліміне жатқызылды,  деп хабарлады Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Кейін науқас травматология және нейрохирургия бөліміне ауыстырылған. Қазіргі уақытта оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.  М.Жұмағалиевті өзінің туысы соққыға жыққаны анықталды.

— Оқиға түнгі уақытта Жаңаөзен қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде ер адам мен оның туысы (жиені) бірге спирттік ішімдік ішіп отырған кезде болған. Олардың арасында тұрмыстық жанжал шығып, арты төбелеске ұласты. Нәтижесінде ер адам дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді, — деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаменті.

Полиция өкілдері алкогольді шамадан тыс тұтыну, агрессия көрсету, сондай-ақ жеке және отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды күш қолдану арқылы шешуге ұмтылу қоғамға қауіпті әрекет екенін атап өтті. Олар мұндай құқық бұзушылықтар үшін туыстық деңгейіне немесе тараптардың жеке қарым-қатынасына қарамастан, заң алдында жауапкершілік көзделетінін және кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.

Мұратбай Жұмағалиев Жаңаөзен мұнайшыларының наразылық акцияларын бірнеше рет ұйымдастырған азамат ретінде белгілі. 2023 жылы ол бір мандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат болып қатысты. Бірақ Еділ Жаңбыршиннен ұтылып қалған болатын.

Пікірлер