Оқу-ағарту министрлігі педагогтарды аттестаттау қағидаларын қайта қарап, министрлікте бұған дейін бекіген бұйрықтарды қайта зерделейтін болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Министрлік мәліметінше, саладағы құқықтық актілерге талдау жүргізетін жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер кірген.
«Жұмыс тобын құрудағы басты мақсат - педагогтік қауымдастықпен кері байланысты күшейту, ұсыныстарды ашық және жариялы түрде талқылау. Жұмыс тобы жүргізген талдау нәтижелері бойынша министрлік нақты ұсыныстар пакетін әзірлейді. Біз он негізгі бағыт бойынша жұмыс жасап, барлық нормативтік құқықтық актілерге талдау жасаймыз. Талдау қорытындылары бойынша ұсыныстарыңыз алдағы жылдың ақпан айында әрбір бағыт бойынша бөлек талқыланатын болады»,- деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Жиында жұмыс тобындағы белсенділер педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидаларын да қайта қарау мәселесін көтерді. Бұған дейін министрлікке келіп түскен ұсыныстардың дені аттестаттаудан өту кезінде педагогтардан авторлық бағдарламаларды әзірлеу туралы талапты алып тастау жөнінде болатын.
«Бүгінде «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі- республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Сараптамалық кеңес мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы педагогтердің авторлық бағдарламаларына республикалық деңгейде сараптама жүргізеді»,-делінген хабарламада.
2025 жылы Республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған. Оның ішінде 303 авторлық бағдарлама мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілді. Ұсынылған авторлық бағдарламаларды талдау нәтижелері әрбір екінші жұмысты толықтыру керектігін көрсетіп отыр.
Сала министрі авторлық бағдарламалардың көбі мазмұндық және техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін және мұндай құжаттың талап етілуі педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға және формализмнің күшеюіне алып келгенін алға тартты. Мақұлданған авторлық бағдарламалардың тізімі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланғанымен, бағдарламалар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайды.
«Аттестация кезінде педагогтарға қойылатын талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуды, педагогтердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға және кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс. Осы орайда сіздердің тараптарыңыздан нақты ұсыныстар күтеміз»,- деді Жұлдыз Сүлейменова жұмыс тобының мүшелеріне.
Алдағы уақытта «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеуді алып тастап, оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін нақты әрі әділ бағалауға мүмкіндік беретін, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға ықпал ететін баламалы инструменттер енгізілетін болады.