Түрмедегі Арон мен Макстың жағдайын сен жасап жүргенсің бе, Тұрарбек?

3078
Adyrna.kz Telegram

Елім дейтін бір бөрі туылса, оны талайтын екі ит қоса туылады

Әлеуметтік желідегі жұртты елең еткізген "ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫСЫ - ТҮРМЕДЕ, АТТЫҢ ЖАҚСЫСЫ- КЕРМЕДЕ" атты  Демос ҚБ төрағасы Құсайынов Тұрарбектің мақаласы «Адырна» ұлттық порталына шығып (adyrna.kz), қызу талқылауға түсті.  Бірақ автор белгілі қоғам белсенділері Арон Атабек пен Макс Боқаевтың жеке басына қарата жазған постын бүгін алып тастапты. Соған байланысты мен де өз ойымды айта кеткім келді. Белгілі азаматтың бұлай сөйлеуіне мен де жауап бергім келді. 

 

Біздің қоғам өте ұзақ уақыт бойы өзіне көш бастайын тұлғаны іздеумен келді. Осы уақытқа дейін біздің қоғамда өзінің ішінен шыққан көшбасшыны қолдауға дайын бұқараның демократиялық құндылықтарға жұмыс жасауы және принципшілдігі пісіп жетілді ме? 30 жыл бойына біздің қоғамда оппозициялық топтан болсын, азаматтық қоғамның ортасынан болсын бір тұлғаның халықты соңынан жетектеп кететін уақыты да болды емес пе...  Тұлғалар бар. Оған еретін халық бар ма? Бірақ, неге екені түсініксіз, тұлғаның ешбірі біздің қоғамның талғамына сай келетін түрі жоқ. Шынын айтқанда, бізге қандай тұлға керек? Өте қиын сұрақ.

 

Біз қоғам болып адам баласына түсініксіз бір жолайрыққа келіп тұрмыз. Бұл бәрімізді ойландырса да, бір шешімге келе алмаудамыз. Тұлға шықса, оны жерден алып жерге саламыз. Бірақ жұмыла отырып, сол тұлғаның соңынан еріп, оны қолдап, құзырлы орнына отырғызатын қоғам емес сияқтымыз. Бұлай сөйлеудің өзі де ауыр. Көпті кінәлау да дұрыс емес. Кешірерсіздер! Біз не істеуіміз керек?

 

Осы уақытқа дейін халықтың ой-санасында халық батырлары болып келген азаматтық қоғамның белсенділерін Құсайынов Тұрарбек мақтамен бауыздапты. Оның ойынша, Арон мен Макс түрмедегі орынды ыңғайлы көріпті. Себебі, оларға қоғам белсенділерінің  тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр екен. Өз басым осыған сене алмаймын. Бұл мүмкін де емес. Сонда түрмеде отырған Арон мен Макске барлық жағдайды Тұрарбек жасап отырған ба? Белгілі азаматқа осылай бөсудің өзі ұяттау болар.

 

Әр тұстан аттандап шапқылаған осындай белсенділер тұрғанда, біздің қоғамның ешқашан да басы бірікпейді. Мүмкін қолдан біріктірмей отырған шығар... Қазіргі жағдайда қоғамның ортақ идеяға бірігіп, жұмыс жасап кетуі мүмкін емес сияқты. Батырды майдан тудырады деген ертедегі қағида қазіргі ақпараттық, технологиялық заманда жүре бермейді. Себебі, біздің заман білім мен бірліктің ғана заманы. Біз қашан білімді, білікті, кәсіби адамдар бола аламыз, сонда ғана ұлттық ортақ идеяларға жұмыс жасай бастаймыз. Оған дейін бұл болмайды.

 

Мұны жаза отырып, мен өз басым біреуді ақтамаймын да, даттамаймын да. Мені ойландыратын бір сұрақ бар. Біз мынадай түрімізбен өзіміздің талғамымызға сай келетін көшбасшыны қайдан табамыз? Ортақ ұлттық идеяларға біріге отырып жұмыс жасай алмайтын қоғам көш бастап шығатын азаматтардың қадіріне жете ме? Заманауи процеске, саяси ағымға реали көзқараспен қарамай, жалғызды алға салып қойып, біз ешқашан да көшбасшы тұлғаны таба алмаймыз.

 

Менің ойымдағы Макс – ол жердің тағдыры үшін түрмеде отырды.

Менің ойымдағы Арон – ол халықтың жоғын жоқтап 10 жылдап әлі күнге дейін түрмеде отыр.

Арамызда осындай Тұрарбектер көбейсе, қазіргі тұрақтылық та сақталып тұра беретін сияқты.

Тұрарбек, саған сұрақ. Түрмедегі Арон мен Макстың жағдайын сен жасап жүргенсің бе?

 

Бекболат ҚАРЖАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер