Жаңатастағы 5 баланың өлімі: «Birgemiz» қоры отбасына 2 млн теңге бөледі

2257
Adyrna.kz Telegram

«Birgemiz» қорының қамқоршылық кеңесі Жамбыл облысының Жаңатас қаласында өрт салдарынан 5 баласынан айырылған Әбдімәліковтер отбасына 2 млн теңге беру шешімін қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Қор атынан қаза тапқан балалардың ата-анасы мен жақындарына қайғы-қасіреттеріне ортақтасып көңіл айтамыз. Бұл, балалардың ата-анасы үшін де, біз үшін де орны толмас ауыр қаза. Әбдімәліковтер отбасының қайғыларын бөлісе отырып, біз материалдық көмек көрсетуге шешім қабылдадық», - деді қор төрағасы Руслан Сакеев.

Естеріңізге сала кетейік, «Birgemiz» қоры өткен жылдың наурыз айында Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін құрылған болатын. Осы уақыт ішінде қор қаражатынан 655 мыңнан астам мұқтаж азамат 50 мың теңгеден алды. Пандемия басталған кезеңде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әлеуметтік әлсіз 100 мың отбасыға 5 млн маска таратылды. Сонымен қатар, қор есебінен Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында 32 үйдің құрылысы аяқталды.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер