Украина - Грузия –Молдавия арасында әскери одақ құрылуы мүмкін

2272
Adyrna.kz Telegram

Ресми Киев бірнеше күннен бері Украина-Грузия-Молдавия арасында әскери альянс құру жөнінде  мәселені талқылап жатыр. Бұл ең алдымен аталған үш елдің қауіпсіздігі үшін керек болып отырғанға ұқсайды.

Ақиқатын айту керек, АҚШ билігіне Байден келгеннен кейін Украина-Грузия-Молдавия арасында әскери үштік одақ (УГМ) құру мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Өйткені Байден Украинаға жан-жақты көмек беру қажеттігін, ресми Киевті енді қайтадан қолдау басталатынын айтты.

Мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Тони Блинкенмен әңгіме барысында Қара теңіз және Орталық Еуропа аймағында қауіпсіздік үшін аталған үш ел арасында әскери одақ құру жөнінде бастама көтердім. Мұны АҚШ тарапы қолдады. Әзірге басқа ештеңе айта алмаймын. Тек нәтиже үшін жұмыс істейміз.Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін қажет, деді Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.

Қазір бұл мәселені Украина ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекеттер де қызу қуаттап жатыр. Үш ел арасындағы бұл одақ не үшін қажет? Еңалдымен Ресейден келетін қауіпке қатысты үш ел осылай өз қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Польшаның wPolityce  басылымы кеше «Вашингтон Украина, Грузия және Молдова арасындағы әскери одақтың құрылуын қолдайды» деген тақырыппен үлкен материал берді.  

«Қара теңіз аумағында қазіргі уақытта Ресейдің әскери күш-қуаты мықты. Сондықтан келешекте әскери- теңдікті өзімізге қарай бұруымыз керек»,- деп жазды поляк басылымы.

Алайда Украиананың көксеп отырған үштік одағы жүзеге аса ма? Бұған қатысты Молдаваның Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Виктор Гайчук «Егер бұл бастаманы біздің шенеуніктердің бірі қолдап, жүзеге асырғысы келсе, онда ең алдымен елдің конституциясын өзгерту керек. Бұл оңай шаруа емес, -деп мәлімдеді.

Алайда Молдавияның Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Виктор Гайчуктың лауазымдық мерзімі жақын уақытта бітеді. Ал ресми Киев «Гайчуктың орнына келеді»  деп жоспарлап отырған АҚШ ұлттық қорғаныс университетін бітірген Анатолий Носатыймен жасырын келіссөз жүргізіп отырғанға ұқсайды. Ал Молдованың президенті болған Майя Санду жақында «Приднестровьеге Ресейдің шабуыл жасау қаупі бар» деп мәлімдеме жасағаны белгілі. Соған қарағанда Украина сыртқы істер министрінің қауіпсіздік үшін әскери одақ құруға мүдделі болып отырғаны бекер емес сияқты.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер