"Шетелдіктерге жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды!"

4725
Adyrna.kz Telegram

"Ақ жол" Демократиялық партиясы Жер туралы Заңға енгізуге ресми түрде өз ұсыныстарын жолдады. Еске сала кетейік, осы жылдың 20 қаңтарында фракция атынан депутаттық сауал жариялаған Берік Дүйсембинов таяу арада мораторий мерзімінің аяқталатынына байланысты Жер мәселесіне нүкте қоюға шақырды. Баршаңызға белгілі, 2016 жылы елімізде резонанс туғызған митингілерден кейін, Елбасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізген.

Бүгінде осы мораторийдің аяқталуына санаулы уақыт қалды. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жер жұмыс істейтін адамдарға берілуі тиіс. Жер өндірістің басты факторы, тиімділік пен ашықтық болмаса, ауылды дамыта алмаймыз. 2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий аяқталады. Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл туралы Парламент депутаттары, саяси партиялар, қоғам ой қосады деп үміттенемін», - деп, Үкіметке нақты тапсырма берген еді.

«Ақ жол» партиясы 2016 жылы Үкіметтің жанындағы Жер жөніндегі комиссияға шетелдік компаниялар мен азаматтарына жерді сатуға да, жалға беруге  тыйым салу туралы ұсыныстарын жолдаған еді, бірақ сол кезде белгісіз себептермен, Комиссияның қорытынды Хаттамасына енгізілмей қалды.

"Ақ жол" партиясы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жер мәселесіне қатысты ұстанымын толық қолдай отырып және мораторий мерзімінің аяқталуын ескеріп, жер заңнамасына жедел түрде тиісті түзетулер енгізу қажет деп санайды.

"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» партиясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керек деп біледі. Ұсынысымыз қабылданбаған жағдайда, «Ақ жол» партиясы Жер кодексіне өз тарапынан өзгерістер енгізуге дайын екендігін білдіреді", - деген болатын фракция депутаты Б.Дүйсембинов ҚР Үкіметіне жолдаған депутаттық сауалында.

Осыған сәйкес, сауал жолданғаннан кейін 3 апта өткен соң, бірақ Үкіметтен жауап болмаған соң партия ресми түрде өз ұсыныстарын жолдады. Атап айтсақ:

- Жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі бола алмайды.

- Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.

- Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғасы кірген кезде, жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімдеуге немесе иеліктен шығаруға жатады.

- Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері осы Кодекстің 23-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен беріле алады.

- Ұлттық қауіпсіздікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, сепаратистік үрдістерді болдырмау мақсатында, Қазақстан Республикасымен тікелей құрлықтық және теңіз шекарасы бар мемлекеттердің шетелдік азаматтары мен заңды тұлғалары үшін, сондай-ақ жарғылық капиталында тиісті мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының қатысу үлестері (акциялар пакеттері) бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына қатысты уақытша жер пайдалану құқығын беруге жол берілмейді.

"Ақ жол" демократиялық

партиясының баспасөз қызметі

Пікірлер