Қытай лагеріндегі қорлықтар

2863
Adyrna.kz Telegram
Суретте Тұрсынай Зияуидин.
Суретте Тұрсынай Зияуидин.

Кеше ВВС Шыңжаңдағы лагерьлерде мұсылман әйелдерді күзетшілердің зорлайтыны туралы көлемді мақала жариялаған болатын деп жазады "Адырна" ұлттық порталы  Facebook-тағы журналист Ораз Әлімбековтің жазбасына сілтеме жасап.

 Мақала негізінен Тұрсынай Зияуидин есімді 42 жастағы ұйғыр әйелдің сұхбатына негізделген. Сөзіне қарағанда, күн сайын түнге қарай Тұрсынайды маска киген қытай еркектер камерасы жоқ қараңғы бөлмеге апарып зорлап жүрген.

Журналист сонымен қатар қазір Қазақстанда тұратын Гүлзира Әуелхан есімді әйелмен сұхбаттасқан. Ол да бірнеше ай лагерьде болған. «Менің міндетім – зорланатын әйелді шешіндіру, қолын байлау, еркектер кеткен соң әйелді жуындыру және бөлмені тазалау болды» деген Гүлзира.

Тұрсынай Зияуидин қазір АҚШ-та тұрады. Бірнеше ай бойғы зорлық салдарынан ауруға ұшыраған ол АҚШ-қа барған соң жатырын алдыруға мәжбүр болған. «Ана болу мүмкіндігінен осылай айырылдым» деген ол. Тұрсынайдың күйеуі қазақ, ол қазір Қазақстанда тұрады. Ол күйеуімен АҚШ-та қосылғысы келетінін айтқан.

Ұлыбритания парламентінің депутаты Нус Гани өкіметтен аталған қылмыстарды сот арқылы толық тексеруді, оған дейін Қытаймен байланысты тереңдетпеуге уәде беруді талап етті. Ұлыбританияның Азия істері бойынша мемлекеттік хатшысы Найджел Адамс «ВВС-дің репортажында жарияланған айуандықтар кез келген адамның жанын түршіктіретіні сөзсіз» деді. Ол Ұлыбританияның Еуропа елдерімен және АҚШ-пен бірлесе отырып Қытайға қысым жасайтынын айтты.

АҚШ пен Ұлыбритания өкіметтері Қытай лагерьлерінде мұсылман әйелдерді зорлау фактілеріне қатысты мәлімдеме жариялады. «Шыңжаңдағы этникалық ұйғырлар мен өзге де мұсылмандарға арналған лагерьлерде әйелдердің жүйелі түрде зорлыққа және сексуалдық қорлыққа ұшырап жатқаны туралы деректер, оның ішінде оқиғаны өз көзімен көрген адамдардың куәліктері бізді қатты мазалап отыр. Бұл жантүршігерлік айуандық әрекеттер жауапсыз қалмауы тиіс» делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде.

 

Пікірлер