Оның аты – Нұржамал!

2956
Adyrna.kz Telegram
Курсымда қыз болды,
Тракторын мiнiп келген қалаға,
Жан достарын бермейтұғын жалаға.
Тракторшы сол бойжеткен бүгiнде,
Айналыпты абыройлы анаға.
Оның аты – Нұржамал!
Журналистика факультетiне бiзбен бiрге өзiмiзден сәл ересектеу екi қыз оқуға түстi. Екеуi де тракторшы. Бiреуiнiң медалi бар. Соның қандай медаль екенiн оқу бiтiргенше анықтай алмай кеттiк. Екiншiсi – қып-қызыл коммунист. Ертелi-кеш партбилетiн сипалайды да жүредi. Әдетте еңбек стажы барларды бөлек топтастырады. Мәдениет қызметкерi Аманғали Дайрабаев, кәсіби электрик Талғат Батырханов, тас қалаушы Әнуарбек Әуелбеков, өрт сөндiрушi Құтмағамбет Қонысбаев, ауыл ақыны Нұрмира Әлiшерова және тиiп-қашып құрылыста iстеген мен сол топтамыз. Жаңағы екi тракторшы қыз да бiздiң топқа қосылды. Өздерi бесiншi жатақхананың алдында тракторын қаңтарып қойғандай еркiн жүредi. Арсың-гүрсiң. Кешке дейiн трактордың жыры таусылмайды.
Тыңдап отырсақ, апайларымыздың көрмеген бейнетi жоқ екен. Топырақ аударған, жер жыртқан, шөп тасыған. Жазда жайлаудың, қыста қыстаудың бар қиындығын мойнымен көтерген. Әйтеуiр, абырой болғанда партия соның бәрiн елеп-ескерген, оқуға жiберген. Трактордан табанын ажыратып, бiр-ақ күнде теңдiк алған.
Күнi бойы Сыр әңгiмесi мен қыр әңгiмесiн тыңдап жүремiз. Бiрақ күн өткен сайын жаңағы томпиған екi механизатор тәтемiз кәдiмгiдей бой түзеп, қаланың өмiрiне бейiмделе бастады. Трактор тақырыбын қозғасақ, тыжырынатын болды. Көршi жатақхананың жiгiттерi бiздiң тұрағымызды бетке алса, әжептеуiр майысып, «Әй, жүгiрмектер, сендер аналардың көзiнше бiздiң еңбектегi ерлiктермiз туралы айта бермеңдер», – деп қиылады. «Олар басқа бiр шаруамен келiп жүр, қыз сиықтарың жоқ, сендердi қайтсiн?!» – деймiз бiз. Коммунист пен медалист бiздi әлi жеткенше қуалайды. Iннен iнге тығыламыз. Содан берi мiне, кө-ө-өп жыл өттi.
Қазiр екеуi де елге танымал журналист. Медалi бары – немiстi қашырған Покрышкин секiлдi әкiмдердi iнгендей қайқаңдататын қарымды қаламгер, «Жас Алаштың» жалаулы найзасы Миуа Байназар едi. Партбилетi бары – «Алматы ақшамының» ақмылтығы, бүгiнгi белгiлi публицист Нұржамал Байсақал болатын.
«Староста, старостаның басынан құстар ұшты», – деп ақиық ақын Бауыржан Үсенов айтқандай, бiздiң топ староста құтаймаған топ едi. Оқуды орталаған кезде студенттерiнiң жартысы староста болып шыққан, ұйымшылдығының деңгейi бiртүрлi осы топты Байсақалова өзi қолға алды. Сол Байсақалованың сара басшылығымен оқуды аман-есен бiтiрдiк. Өнегесi көп болды оның. Дiнi қатты деканның шеңгелiне түскен курстастарын шырылдап тұрып қорғап қалатын. Осы қасиетi кейiн басылымдарда қызмет iстеген кезiнде де талай рет байқалды. Бiреудiң тағдырына араша түсетiн мақала жазбаса, iшкенi ас болмайды. Залда бiреу-мiреу жұдырықтасып жатса, бiлектi сыбанып араласып кететiн. Сол мiнезi әлi де қалған жоқ. Адам тағдыры мәселесi тым шиеленiсiп бара жатса, оны төбелес арқылы шешкендi терiс көрмейдi. Төбелес демекшi...
Курсымда қыз болды,
Кең жүрегi күллi әлемге жететiн,
Мiнездерi бiр-бiрiнен өтетiн.
Жанжал десе, төбелес пен дау десе,
Көп ойланбай араласып кететiн...
Оның аты – Нұржамал!
Сексенiншi жылдардың басы. Бесiншi жатақхана. Үшiншi қабаттағы коммунистер кеңесi бөлмесiнiң алдында қып-қызыл төбелес басталып кеттi. Жұдырықтасып жатқан екi студент – Амангелдi Әбiлов пен Төлеуғазы Арынов. Мәссаған, безгелдек... Төбелесушiнiң екеуi де КПСС мүшелерi. «Коммунистер оңайлықпен берiлмейдi», «Жауды аяған жаралы болады», «Дұшпан берiлмесе, оны құртар болар» деген секiлдi сол кездiң қызыл ала мақал-мәтелдерiн берiк ұстанған екеуi бiр-бiрiн тықсырып барады. Шойындай тұтас Амангелдiнiң жұдырығы гүрс-гүрс соғады. Ұзынтұра, бiрақ тарамыс Төлеуғазы да қолын оңды-солды сiлтеп жатыр. Қанға – қан, жанға – жан. Бiр-бiрiн партылдатып сабап жатқан партия мүшелерiнiң арасына түсуге жүректерi дауаламаған бiр топ ВЛКСМ мүшелерi үрке қарап тұр. Былай екеуi де мiнезi сынық, жөнiмен жүретiн жiгiттер сияқты едi. Бiрдеңеге ерегiскен де...
Осы кезде қайдан пайда болғаны белгiсiз Жанна Д Арк секiлдi жарқ етiп, үшiншi коммунист Байсақалова шыға келдi ғой. «Қыз Жiбек» фильмiнде Бекежан мен Төлегеннiң ортасына Жiбек келiп килiгiп, жан алысып, жан берiскен жекпе-жектi бiрден басып тастамайтын ба едi?! Тура сол. Тек бiр айырмашылығы, ана екеуi Байсақалова үшiн төбелесiп жатқан жоқ. Махаббат-сахаббат мәселесi бойынша үшеуiнiң бiр-бiрiне қатысы шамалы.
Нұржамал келдi де, төбелеске кәдiмгiдей араласып кеттi. Бiреуiн олай итердi, екiншiсiн былай жұлқыды. Тiптi жұдырық та сiлтеп жiбердi-ау деймiн. Әйтеуiр ешкiмдi маңайлатпай тұрған адуынды екеудiң екпiнiн әп-сәтте басып тастады. «Дұрыс болды, – дедi жiгiттердiң бiрi. – Уды у қайтарады!». «Партия қайда болса, жеңiс сонда!» – дедi екiншiсi.
– Ойпырм-ай, бұлар да жұдырықтасады екен-ау?! – деп таңданды төменгi курстың бiр студентi. – Масқара ғой. Оның үстiне екеуi де коммунист...
– Үшеуi де коммунист, – дейдi Қайрат Мүлiкбаев деген жiгiт.
– Үшiншiсi кiм, құдай-ай?
– Анау... жаңағы Байсақалова...
Содан «Үшеуi де коммунист» деген тiркес курстастар бас қосқанда айтылатын қанатты сөзге айналып кеттi.
Курсымда қыз болды,
Бiзден гөрi ересек,
ЦеКа жақта жүрер деушi ек келешек.
Қайсарлығы мысын басқан жiгiттiң,
Жарасатын батырларға теңесек.
Оның аты – Нұржамал!
Бұл Байсақалова шынымен-ақ нағыз қып-қызыл коммунист екен! Партияның күллi қағидасы миына шегеленiп қалған. Ел университет бiтiрген соң Алматыға қалатын тесiк таба алмай, жанталасып жатты. Оқуды өте жақсы аяқтап, үздiктер тiзiмiн бастап тұрған Нұржамал: «Алыс және артта қалған аудандардың бiрiне барам, тың және тыңайған жердiң бiрi болса тiптi жақсы», – деп қасарысып отырып алды. Бiз «Барсаң – бар», – дедiк те өзiмiз Алматыға қалдық. Содан ол кеттi. Сол кеткеннен мол кеттi. Әлде Қарағанды, әлде Жезқазғанның жер түбiндегi шалғай аудандарының бiрiнде жүр. «Аудандық газеттi көтерейiн деп жатырмын» деп хат жазады. Онысы жуық арада көтерiлiп болмады. Содан «тың жердi игерiп болған соң» оншақты жылдан кейiн өзiнiң Жетiсуына қайтып оралды. Қызық болғанда, «Лениншiл жасқа» келiп, мұндағы еңбек жолын корректорлықтан бастады. Және өзi соған ЦеКаға жұмысқа тұрғандай қуанды. Содан кейiн тiлшiлiк жұмысқа ауысты. «Маяковский басталды!» деп Асеев айтқандай», – деген тұжырымды академик Зейнолла Қабдолов көп қолданатын. Сол кiсi айтқандай, Байсақалова да басталды! Жазды...
Қаламын құлшына сiлтедi. Редакцияның барлық тапсырмасын орындады. Бүкiл қара жұмысын атқарды. Талай адамның тағдырына араша түстi. Арасында елге барып, қызмет iстеп қайтты. Қайтадан шығармашылық ортаны жаны қалаған соң Алматыға оралды. Содан берi бүгiнгi қазақ баспасөзiнiң қара шаңырақтарының бiрi – «Алматы ақшамында» қызмет iстеп, тынбай тер төкті.
Курсымда қыз болды,
Тастамаған коммунистiк билетiн,
Компартия өл десе егер, өлетiн,
Партияның беделiне сенетiн,
КСРО-ның тарағанын Горбачевтен көретiн.
Оның аты – Нұржамал!
Ескi қоғамның адами қасиеттердi дәрiптейтiн кейбiр қағидаларын осы кезге дейiн өмiрiне серiк етiп келедi. Бiреудiң ала жiбiн аттамайды. Тура жолмен жүргендi қалайды. Жемқорларды жек көредi. Жемқорлар мұны жақсы көре ме, жоқ па, онда шаруасы жоқ. Сондықтан жазған мақалаларында осы мәселелер үнемi қақтығысып жатады. Бұрынғы дәуiрдiң тақ-тұқ қағидалары мен қазiргi нарық заманының жылмағай заңдары Нұржамалдың жазған дүниелерiнде үйлестiк таба қоймайды. Әдiлдiктi әлсiз бен әлдiнiң қайсысына телитiнiн бiлмей қиналады. Сол қиналыс мақалаларының бәрiнде де байқалып тұрады.
Бұрынғы коммунистердiң көбiсi партбилеттi күресiнге лақтырып, жаңа қоғамға тез бейiмделiп кеткенде бұл бiразға дейiн көндiге алмады. Адамды алдай салу қолынан келмейдi. Өтiрiк күлу дегендi бiлмейдi. Ептеген қулық жасап көрсе, онысы әшкере болып қалады. Сондықтан «Заманың түлкi болса, тазы боп шал» деген қанатты тiркестi онша ұнатпайды. Түлкі көрсе де, тазы көрсе де, тыжырына қарайды.
Ешкiмге салмақ салмайды. Журналистiк жұмыспен баратын жерi төрт-бес көшенiң шамасында тұрса, көлiкке мiнiп әуре болмайды. Омбылап қарды кешiп, тура тартады. Сөйтiп бұзып-жарып бара жатқанын бiреу сыртынан көрсе, мұны ыздиып жүретiн әйел заты деп ойламас едi. Шаруаның ыңғайын тез тауып, жедел бiтiредi. Ертеңге ештеңе қалдырмайды.
Курсымда қыз болды,
Елдiң бәрi әрекетiн құптаған,
Бұғып қалар сәт туғанда бұқпаған,
Өз тағдырын жақсылықпен жұптаған,
Қожакеев Темiрбектен ықпаған!
Оның аты – Нұржамал!
Өмiрi қызметке қызыққан емес. Қызыққан күнде де оған қызмет берейiн деп жатқан ешкiм жоқ. Билiктегi бар жеткен биiгi – 501- оқу тобының старосталығы. Одан соң бiрқатар ақпарат құралдарының көрiгiнде шыңдалса да, қатардағы қарапайым журналист болды. Хат қорытты. Тапсырмаларды мүлтiксiз орындады. Жастарды газетке тартты. Сондықтан кейiнгi буын оның төңiрегiнде үйiрсектейдi де жүредi. Ал өзiнiң қаламы қарымды.
Байсақалованың қолдары бiр кезде трактор штурвалын ұстаған қол емес. Қаламға икемдi. Алымды әрi шалымды. Оқырманын да, өз стилiн де тапқан журналист.
«Алматы ақшамының» бiр тiреуiн көтерiп, бiрнеше айдарды үкiлеп ұстап отырды. «Сағындым Алматымды» айдарының аясында бұрынғы астананың елдiң есiнде қалған игiлiктерi туралы сыр сабақталса, «Алматының айымдары» айдарымен қаланың iскер әйелдерiмен сұхбат ұсынылады. Нұржамалдың беделдi қыз-келiншектермен сұхбаты оқырманның көңiлiнен шықты.
«Ақшамда» «Қарапайым адамдар өмiрiнен» деген айдар бар. Осы айдардың тұғырлана түсуiне де Нұржамал Байсақал көп үлес қосты. Сол айдар арқылы ел мүгедек болса да, оқымаған кiтабы жоқ, бiлiмдар азамат Мұрат Мiсебайды танып-бiлдi. Опера және балет театрының бұрынғы қызметкерi Баба Зинаны iздеп тапты. Сонау жылдары Якутиядан келген оны бүгiнде театр ұжымы әлдеқашан ұмытқан. Нұржамал соны еске салды. Содан берi театр Баба Зинаға қамқорлық көрсетiп келедi. Қазiр кейуана кез келген қойылымға тегiн кiредi.
Нұржамал негiзiнен денсаулық сақтау тақырыбына маманданды. Бiрде түнгi рейдке шығып, «Жедел жәрдем» станциясының жұмысына кедергi болып отырған проблемаларды талдап-таразылаған мақала жазды. Еңбегi елендi. Қазақстан Журналистер одағының Өзбекәлi Жәнiбеков атындағы сыйлығын иелендi. Қаланың әр жылдардағы әкiмдерiнiң бәрінің қолынан алғыс хат пен грамота алды.
Газет арқылы екi-үш адамның пәтер алуына көмектестi. Ал өзi ұзақ жыл бойы құрқылтайдың ұясындай бiр бөлмеде тұрды.
Курсымда қыз болды,
Қадiрлейтiн дос-жаранын, жерлесiн,
Әсемдейтiн жұмыстағы бөлмесiн.
Мүлiктерiн сонда әкелiп қоятын,
Жұрттың бәрi адал ғой деп сенгесiн...
Оның аты – Нұржамал!
Жұмыс орнын өз үйiндей көредi. Тағы да сол баяғы қанына сiңген коммунистiк қағида ғой. «Қоғам мүлкiн көз қарашығыңдай сақта» деген ұғымды әлi күнге дейiн ұстанады. Жұрт тұсқағаздың әдемiсiн үйiнiң қабырғасына жапсырса, бұл бөлмесiне тасиды. Терезесiнiң алдына гүлдiң жетi атасын қояды. Бiрде ет қызуымен өзi әрең дегенде қол жеткiзген компьютерiн жұмысына алып келiптi. Соны үстелiнiң үстiне қойып, терезесiн ашып, шабыт шақырып отырады. Ол кезде компьютердiң қат кезi. Терезенiң алдындағы әдемi бұйым қолының жымқырмасы бар бiреулердiң көзiне түскен ғой. Сөйтiп, компьютерi бiр-ақ күнде қолды болды да кеттi. Баршаға сенгiш Байсақалова барынан айырылды да қалды. Барсам, бөлмесiнде жаны жабырқап отыр екен. Менi көрiп, көзi боталап қоя бердi. «Ендi жырпылдап, үйiңдегi жалғыз компьютерiңдi жұмысқа алып келiп нең бар едi?! – деп кейiп жатырмыз. – Айналаңа қарашы, пәтерiндегi затын қызмет бөлмесiне әкелiп жатқан сенен басқа бiреу бар ма?!».
– Қайдан бiлейiн... – деп қамығады ол. – Елдiң бәрiн өзiмдей көрем ғой мен.
«Жарайды ендi, адамның құны емес қой, – деп сосын өзiн-өзi жұбатады. – Бұдан былай мен де бiр керемет пысық, әккi қу болмасам ба!». Бiрақ одан кейiн де пысық болып жарытпайды. Ауру қалса да, әдет қалмайды екен. Үйiндегi тәуiр дүниесiн тағы да жұмысына жылтыңдатып әкеледi де тұрады.
Курсымда қыз болды,
Әлсiздерге ара түсер шырылдап.
Әр қадамын жүретұғын ырымдап.
Ашу қысып, ызаланып кеткенде,
Көздiң жасын алатұғын сығымдап.
Оның аты – Нұржамал!
Түн iшiнде бiреу жанұшырып айқайлап, көмекке шақырып жатса, сiз барасыз ба? Тағы бiреу қып-қызыл өрттiң iшiнде қалып қойса, құтқаруға тәуекел етер ме едiңiз? Тiптi болмаса, нақақтан күйiп бара жатқан кiсiнiң тағдырына бар шаруаңызды жиып қойып араласуыңыз мүмкiн бе? Моральдық құндылықтардың кетеуi кеткен қазiргiдей кезде мұндай сауалдарды кiм-кiмге де күмәнмен қоясың. Осындай сұрақтарды басқаға емес, менiң өзiме қойса да едәуiр қиналып қалар едiм. Ал бiз бiлетiн Байсақалова осының бәрiне ойланбай барады. Ара түседi, құтқарады, ақтап шығады. Шаруа ширығып, шиеленiсiп, сосын шешiмiн тапқанша, шырылдап сенiң жаныңда жүредi. Екi ортада жеке шаруасы күл болмаса, бүл болсын... Өйткенi оның жаратылысы сондай. Ол үшiн «Адам – адамға дос, жолдас және бауыр». Бетiн аулақ қылсын, ел басына күн туса, екi апам да (екiншiсi – Миуа Байназар) етiгiмен су кешiп кетер едi. Желтоқсанның желi тұрған кезде екеуi де Алматыда болмай (бiрi Қарағандыда, бiрi Қызылордада қызмет iстейтiн), аман кеттi. Әйтпесе, сойқан едi менiң артық туған адуынды апаларым!
Курсымда қыз болды,
Тiлдесең де алмайтұғын көңiлге,
Сәл басқаша қарайтұғын өмiрге.
Қолдан келсе, жақсылығын жасайтын,
Қазақ түгiл, қара қошқыл негрге!
Оның аты – Нұржамал!
Бiреуге жақсылық жасаудан ләззат алатын адамдар болады. Нұржамал солардың тобынан. Ілгеріректе шыр-шыр етiп, «Шаңырақ» шағын ауданының шаруасымен айналысып жүрді. «Шаңырақ» дегенiмiздiң төңiрегi шым-шытырық мәселе. Шатақ та көп. Шикiлiк те көп. Шиеленiс те көп. Соның iшiнен шамырқанып шындық iздейдi бұл. Ол құрымағыр тез арада табылып болмайды. Соны қуалап, күн ұзаққа табанынан таусылады.
Кезiнде партбилетiн жастанып жатып ұйықтайтын Байсақалованы журналистикадан жылыстап, бiрыңғай бастық болып күн көретiн шығар дегендер қатты қателестi.
Мақала жазуды екпiндеп бастағандардың бiразы әлдеқашан басқа салаға ауысып кеттi. Ал болмысы қарапайым, мiнезi қайсар қыз қазақ журналистикасына адал болды. Талай заманнан берi ортақ кәсiбiмiздiң арбасын қаламымен өрге сүйреп келедi. «Журналистика – қыз балаға қол емес» деген бағзы бiр ұғымның тас-талқанын шығарды.
Тағдыр оны талай жылатты. Талай жұбатты. Жыласа да жасымады. Жұбанса да тасымады. Жұртқа үнемi жақсылық ойлап тұратын ниетiне сай игiлiк атаулының бәрi кейiн Нұржамалды өзi iздеп тапты.
Баяғыда тракторын жақсылап бiр дар-дар еткiзiп алып, соңғы рет сөндiрген Қоңырөлеңнiң қызы «Өмiр – өлең!» деп Алматыға аттанғанда, күллi ауыл Паша Ангелинадан айрылғандай күңiренген. Сол ауыл қазiр Нұржамалымен мақтанады.
Тракторын танапқа қалдырып, журналистикаға түрен салған қыздың талай тақырыптың тыңын игерiп келе жатқанына отыз жылдан асты. Шығармашылық сапары ұзақ болғай!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер