ҚАНАТ ӘБІЛҚАЙЫР: Енді саясатты қазақтілділер жасайды

3590
Adyrna.kz Telegram

Міне, қазір ғана «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы дебат бітті.

Телесайысқа қарап отырып, болашақта қазақ елінің саяси тілі қазақ тілі болатынын анық аңғарғандай болдық.
Бес партияның спикерлеріне қараңыз, осалы жоқ!

"Нұр-Отандық" Айдос Сарымның сауатты сараптамасы біраз тың дүниенің бетін ашты. Еліміздегі қандай партия болмасын, енді осы Айдостай мықты жігіттерді саптарына қосу керектігін түсінгендей... Мысалы,
"Қазақстан халық партиясындағы" жазушының баласы Ғазиз Құлахметовті алыңыз, "Ауылдық" Дәулеткерей Кәпұлының өзі не тұрады, "Адал" інім Мақсат Толықбайдың нық сөздері санаға сенім ұялатпай ма?

Рас, мен осы аталған адамдар тау қопарып, тас бүркейді дей алмаймын. Бірақ, саясат сахнасына таза қазақы танымды азаматтардың шығуы келешекке деген үмітті зорайтса керек.
Жалпы, қазақ саясаты тұлға беделін пайдалануға көшті. Бұл биліктің халықшыл көрінуге деген талпынысын көрсетсе керек.

Қош! Сонымен дебатта не айтылды?
Билеуші партияның атынан қатысқан спикер Айдос Сарым қазір қиын-қыстау заман келгенін, заман өзгергенін, заманмен бірге билік те өзгеру, реформа жасау керектігін айтты.

Сонымен қатар, мемлекттің қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары туралы да ойын білдірді. Гуманитарлық салада революция жасалатынын айтты.

Рас, Ресей саясаткерлерінің қазақ жеріне көз аларта қарауы біздің елде отарсыздану саясат жүрмегенін көрсетті. Сондықтан да, тәуелсіз ел ретінде санамызды жаңғыртып, біржола сана тәуелсіздігін алуымыз керек. Дебатта осы мәселелер де шамалап айтылды.

Айдос Сарым ресейлік депутаттардың мәлімдемелеріне қатысты "Ресей елшісін шақырып, наразылық нотасын тапсырдық" деді.

Қош! Несие бар, кәсіпкерлік бар, зейнет жасын қысқарту бар, т.б біраз дүние айтылды. Сайлауалды уәделер тым құрыса 50 пайыз орындалса, біз ұтылмас едік. Оған сенім жоқ. Сөйтсе де үміттенеміз!

Үмітсіз шайтан демей ме?

Пікірлер