«Гендерлік жобалардың кітапханасы» жасалынбақ

2494
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесіп елде іске асырылған отбасылық және гендерлік саясат бағытындағы жобалардың базасын құру жұмысын қолға алды.

«Гендерлік жобалардың кітапханасын» жинақтаудағы басты мақсат – отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі салада іске асырылған барлық жобаларды жүйелеп, жобалардың ашық базасын құру. Сондай-ақ жобалар арасындағы ең үздік тәжірибелер жайында барлық мүдделі тараптармен ақпаратты бөлісіп, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз ету.

Еске сала кетейік, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова  БҰҰ Бас асамблеясының 75-ші сессиясы кезінде әйелдердің құқығын қорғау саласындағы үздік тәжірибелер жайында ақпаратпен шұғыл алмаса алатын ортақ алаң құруды ұсынған болатын.

Жобалар базасы барлық ұйымдар мен  барша азаматтарға қолжетімді болуы үшін бұл жинақ  интернетте жарияланатын болады. Осылайша, тәжірибе жинақталып, қолданысқа таралуына мүмкіндік жасалмақ.

Ең бірінші кезекте, 2020 жылдың соңына дейін Қазақстанда не болмаса жалпы  осы өңірде халықаралық ұйымдар іске асырған жобаларды бір жүйеге жинау жұмысы жүргізілмек. Одан кейінгі 3-5 жылда  республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен іске асырылған жобалар жайында ақпарат жинақталады. Одан кейін - трансұлттық компанялар есебінен жүзеге асырылған жобалар жайында ақпарат жиналатын болады.  Сондай-ақ басқа елдерде  сәтті жүзеге асырылған гендерлік жобаларға қатысты ақпараттарды да  жинау жоспарда бар.

Қазіргі кезде Азия даму банкі, ЮНИСЕФ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропа одағы, Дүниежүзілік банк, ПРООН, ЮНФПА,  «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы сынды белді халықаралық ұйымдармен қажетті материалдарды жинау жұмысы  жүріп жатыр.  

«Жобалар кітапханасында»  Қазақстанның  2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдамасындағы барлық бағыттар қамтылатын болады. Нақтырақ айтсақ:

отбасы институтын нығайту;

отбасына арналған қосымша қызметтердің сапасын арттыру және оның аясын кеңейту;

репродуктивті денсаулықты қорғау;

әйелдер мен балаларға қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу

гендерлік теңдік институтын нығайту;

мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне гендерлік тәсілдерді енгізу тұрғысынан сараптау мен бағалауды енгізу;

әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу;

кәсіпкерлікке қажетті барлық ресурстардың  ерлер мен әйелдерге тең қолжетімді болуы;

еңбекпен қамтамасыз ету бағытында ерлер мен әйелдерге  тең мүмкіндіктің жасалуы;

гендерлік туралы ақпаратты  түсіндіру, тарату;

әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысу аясын кеңейту сынды  бағыттар қамтылады.

Сондай-ақ, «Жобалар кітапханасын» құрумен қатар барлық ақпараттарды жүйелеу бойынша Әдіснамалық нұқсаулықтар қоса әзірленетін болады.

«Жобалар кітапханасы» елдің түрлі бағыттарының дамуына қатысты жыл сайынғы баяндамалар мен шолуларды дайындауға қажетті құрал болатынына сенімдіміз. Сондай-ақ гендерлік жобалардың нәтижесін, оның ақпаратын сапалы түрде өңдей отырып, түйіткілді мәселелерді анықтауға, оларға талдау жүргізуге және ұтымды ұсыныстар әзірлеуге аса қажет болары сөзсіз.

Жиналған ақпарат түрлі бағыттар бойынша құжаттардың әдіснамалық орталығын құруға, білімді шыңдауға, сарапшылардың оқытуға таптырмас құрал болмақ. «Жобалар кітапханасы» жаңа гендерлік бастамаларды жүзеге асырмас бұрын оның осыған дейінгі бағдарламаларды қайталамай, қайта оны толықтырып отыруына да аса қажет. Ал бұл қаражатты үнемдеп, тиімділікті арттыруға әсер етері сөзсіз.

 

Пікірлер