Коммунизм елесін қуғандардың ақыры

3728
Adyrna.kz Telegram

 Мәжіліс депутаты, бұрынғы Қазақстан халықтық коммунистік партиясының мүшесі Владислав Косарев бөлек коммунистік партия құрамын деп жар салды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Әріптестерім партиямыздың атауындағы «коммунистік» сөзін алып тастай отырып, кешіруге келмейтін саяси қателік жасады. Сол әрекеттерімен мені сатып кетті десе болады. Жалпы Коммунистер партиясының парламентке енуіне аянбай тер төктім. Енді соны жоққа шығармақ. Әрі парламенттегі орындарынан айырылып қалмау үшін, әлдебіреулерге ұнамайтын коммунизм сөзінен бас тартып отыр», -дейді қарт коммунист Косарев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы кезектен тыс съезінде атауын өзгертті. Ұйым атауынан “коммунистік” сөзі алып тасталды. Партия мүшелерінің басым бөлігі ребрендингті қолдаған. Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев бұған үзілді-кесілді қарсы.

Айта кетсек, Мәжілістегі ең егде депутат жуырда ғана 83-ке толды. Мәжілістегі “Халық коммунистері” фракциясының мүшесі, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Ал Халықтық партияның хабарлауынша, Косаревтің өзінен партиядан шығу туралы ресми өтініш түспеген. Егер партиядан шығар болса, мандатынан айырылып, мәжілістегі орнын босатуға міндеттелмек. Косаревтің өзі болса, жақтастарын жинап, жаңа партия құру ісіне кірісіп кеткен.

«Төрт-бес облыста ұйымдастыру комитеттері жұмыстарын бастап кетті. Олар партия құрамын жасақтаумен айналысып жатыр. Бұл қиын шаруа, алдымызда тосқауыл көп. Коммунистік партия тарихының өзі күреске толы, сондықтан демалысты ысырып тастап, коммунизм идеясының орнығуы үшін күш саламын»,- дейді Косарев.

Коммунизм, КПСС дегенді қазіргі ұрпақ түсінбейді де, қабылдамайды да. Себебі, өткен заманның саяси ұстанымын қазіргі жастарға тықпалау мүмкін емес. «Коммунизм елесін қуғандардың ақыры осылай болары белгілі еді ғой. Косарев те сол «елес қуғандардың» соңғы тұяғы іспеттес. Әйтпесе, коммунизм деген адам сене қоятын, қисынға келетін саяси бағыт па? Бір кездері аталарымыз бен әжелеріміз сол коммунизмді әне келіп қалады, міне орнап қалады деумен өмірден өтті. Сайып келгенде, коммунизм дегеніміз адам қиялындағы қоғамның елесі ғана деп түсінемін өзім. Косаревті әріптестерінің шеттетуі де бекер емес шығар. Әлгіндей елес дүниелердің етегіне шырмалған өткен ғасыр адамының түсініктері қазіргі жастардың пайымына дөп келе бермес», -дейді ешбір партияның қатарына кіруді жөн санамайтын, шетелде білім алып жүрген Бақытжан Бердібекұлы. Ал, коммунистердің көшін бастап жүрген Косаревтің бұл кетісін жасымен байланыстырған зейнеткер Әуелхан Шонжан: «Сүйегі қурап қалған коммунизмді қайта тірілту кімге керек? Қазақстан кешегіге жалтақтамай, бүгіні мен ертеңіне жол салған елге айнауы керек. Коммунизмді күткен ұрпақтың соңғысы біз шығармыз, сірә. Күттік, үміттендік, бірақ оңбай алданыппыз. Алданғанымызды да енді білдік. Косарев шамасы келсе, «Нұр Отанға» қарсылас партия құрсыншы. Әрине, құра алмайды. Қазіргі партиялардың бәрі қуыршақтар ғой. Биліктің тапсырмасынан әріге аса алмайтын партиялар. Косарев те тағы бір сондай партияны құрар әрі кетсе. Бірақ одан не өзгереді? Сол баяғы биліктің қолбаласы болып қала береді емес пе?» дейді.

Коммунистік идеяға адал болдым дейтінннің бірі Косаревтің коммунизм кемесінен бұлай түсіп қалғаны, әрине, ұят болған екен. Қанша дегенмен, ең болмаса, қарт коммунистің жасын ескеріп, айналасындағылар көңілін аулай салса болмас па еді деп те ойлайсың. Бірақ өткен тарихқа көз салсақ, сол коммунистік идеология қазақ даласында ойран салғанына көзіңіз жетеді де, қолды бір сілтейсіз. Коммунист Косарев қандай партия құрады, бағыты қалай болады оны уақыты жеткенде білерміз. Ал қазіргі коммунистердің өз әріптестерін бұлай шеттету әрекетіне қарап, бұлар билік басына қайта келсе, жағдай қалай болып кетер екен деген сұрақтың құлағы қылтияды.

Қарлығаш БЕЙБІТҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер