Басқарманың бұрынғы басшысы сотқа тартылды

143
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nvSW7zSa7XfTP7z7geLSFMAEpHtndRvc87Lvh8il.jpg

Фото ЖИ-мен жасалған

СҚО-да табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот басталды, деп хабарлайды “Адырна”.

Бұл туралы облыстық сот хабарлады.

Ерболат Бекшенов қызметтік өкілеттігін пайдаланып алаяқтық жасады және пара беруге арандатты деп айыпталып отыр.

Іс бойынша Бекшеновпен бірге алты орман шаруашылығының директоры да сот алдында жауап беруде. Олардың біріне пара беруге көмектесті, ал қалғандарына пара беруге оқталды деген айып тағылған.

Прокуратураның мәліметінше, оқиға 2025 жылы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеруден кейін басталған. Тексеру барысында бес орман шаруашылығында еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, кейбір қызметкерлерге жұмысқа келмеген күндері үшін жалақы есептелген. Заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, негізсіз төленген қаражат бюджетке қайтарылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, осыдан кейін басқарманың сол кездегі басшысы орман шаруашылықтарының директорларын тәртіптік кеңесте мәселе қайта қаралып, қызметтерінен айырылуы мүмкін екенімен сендірген. Мәселені шешуге көмектесу үшін әрқайсысынан 100 мың теңгеден жинауды ұйымдастырған.

Ақшаны жинау және жеткізу міндеті орман шаруашылықтарының бірінің директорына жүктелген. Төрт басшы ақшаны 1 наурызда берген. Тағы біреуі Бекшеновпен сөйлескеннен кейін қаражат тапсырған. Алайда кейін басқарма басшысының орынбасары ҰҚК-нің СҚО бойынша департаментіне жүгініп, жиналған 500 мың теңгені өз еркімен тапсырған.

Сот отырысында Бекшенов пен бес орман шаруашылығының басшысы кінәларын мойындаған. Кейбір сотталушылар прокурормен процестік келісім жасасуға ниетті екенін білдірген. Ал тағы бір директор тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. Оның қорғаушылары сотталушының пара беруші емес, басшылық тарапынан қысым көрген адам екенін айтып, қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұраған.

Айта кетейік, Ерболат Бекшенов бұл басқарма басшысы қызметіне 2025 жылдың шілдесінде тағайындалған. Биыл сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаған.

Пікірлер