Фото: muftyat
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) күнделікті тұрмыста жиі айтылатын араб және өзге тілдерден енген діни атауларды қазақша баламалармен алмастыруды ұсынды. Бұл үндеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында шет тіліндегі сөздердің орынсыз қолданысына қатысты айтқан сынынан кейін жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.
ҚМДБ түсіндіруінше, Құран сүрелерін, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлерді араб тілінде оқу – шариғат талаптарына сай қалыптасқан діни тәртіп. Алайда күнделікті сөйлесу барысында қазақ тілінде бұрыннан бар сөздердің орнына шетелдік нұсқаларды қолданудың қажеттілігі жоқ.
«Күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі. Мәселен, «ифтар» мен «сухур» ұғымдарының тілімізде ғасырлар бойы қалыптасқан «ауызашар», «сәресі» деген атаулары бар. Бұл сөздер халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен біте қайнасқан. «Ауызашарға келіңіз», «сәресіге тұрайық» деген тіркестер үлкенге де, кішіге де етене таныс», – делінген ҚМДБ үндеуінде.
Діни басқарма өкілдері бес уақыт намаздың қазақ тілінде қалыптасқан дәстүрлі атауларын да еске салды. Осыған байланысты күнделікті әңгімеде, мешіт уағыздарында және намаз кестелерінде «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» атауларын қолдану ұсынылды.
Сонымен қатар мұсылман қауымында кеңінен кездесетін «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» секілді сөздердің орнына қазақша атауларды пайдалануға шақырды.
«Мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл атаулар жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», – деп түсіндірді діни басқарма.
Еске салайық, бұған дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда араб тілінен енген сөздердің орынсыз қолданылу үрдісіне тоқталған болатын.
«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.
