Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығы аталып өтілді

3038
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ поэзиясының көрнекті эпик ақыны Хамит Ерғалиевтың  туғанына 100 жыл толуына байланысты салтанатты кеш өтті.

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма-театырында өткен шарада  «Хамаң»  туралы естеліктер айтылып, деректі фильм көрсетілді. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестірі жиылған жұртшылықты күйімен тербетсе, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Жанаргүл Сәркенова, Фархат Көбейев, Қайыржан Бердібаевтар әннен  шашу шашты.

uezov-1

Хамит Ерғали (14.10.1916-13.12.1997)  Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғали (бұрынғы аты Новобогат)   ауылында дүние келді.  1939 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылданды. 1940-45 жылдары Совет  Армиясының қатарында, Ұлы Отан соғысының майдандарында болды. 1945-50 жылдары Республикалық қазіргі «Егемен  Қазақстан» газетінде тілші, 1959 жылға дейін Қазақстан жазушылар Одағының поэзия секциясының,  Қазақтың Мемлекеттік көркем əдебиет баспасы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1959 жылдан өмірінің ақырына дейін бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. «Əке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Оралдағы отты түн», «Аңыз ата»,«Қыз-хисса», «Жылдар, жылдар»,  «Суыт жүріс», т.б. дастандары бар.  Аудармашы ретінде Пушкин мен Лермонтовтың, Шекспир мен Байронның, Софокл, Науаи, Ш.Петефи, Маяковский, Р.Гамзатов туындыларын қазақ оқырмандарына  жеткізді.  Қырғыздың «Манас», қарақалпақтың «Қырық қыз» атты халықтық жырларын қазақшалады.

uezov-2

 

Бұл кеште ақынның таңдаулы деген өлеңдері де оқылды. Соның бірі  «Көңіл күйі» өлеңі.

Маған жат – тынбақ, сарқылмақ,

Қалжырап көрген жоқ жаным,

Өтермін өзім жарқылдап,

Өзегім толы ақ жалын

Бір кезек ыстық, қойынға

Даланың гүлін үзіп сап

Бір кезек қарлы құйынға

Құйғыта кірем қызықтап.

Теңізден ақ бас толқынын

Кеудеме кейде оранам.

Демеймін оттан олқымын,-

Найзағай менің, кәрі анам.

Қызықпан құрғақ мадаққа,

Берілмен кесір кеңеске!

Міндетін ұлдың ардақтап,

Армансыз жатам дөңесте.

Мінездің албырт түрі де,

Айтылар әлі оған сын:

Мінім бар дейді-ау тіріде.

Көлеңкем қайда жоғалсын?!

Жүресің жарқын жаннымда,

Көрініп кейде көлеңкем!

Сені де мендей жадында

Ұзаққа сақтар кең өлкем!


Айнұр Ибраева

 

Пікірлер