Кітап басып шығару тарихы

16881
Adyrna.kz Telegram

Кітап - адам жанының рухани азығы, білімнің қайнар бұлағы. Келешектің бақыты мен құдіретті күші жолында адамзат жаратқан күллі кереметтердің ұлысы да  - кітап.  Кітап жазу мен басып шығару - ең күрделі жұмыстардың бірі. Кітап үлкен еңбек арқылы жасалады. Кітап басу ісі - қолжазбаны дайын кітап етіп шығаратын полиграфиялық өндіріс процестер.

Ежелгі заманда Мысыр мен Шығыс елдерінде, Греция мен Римде кітап қыш тақталарға  балшықтан арнайы тақтайшалар құйыла отырып, үшкір қаламшалармен жазылды. Кептіріліп және арнайы пештерде күйдіріліп, белгілі бір ретпен текшеленіп жиналды. Осылайша, қыш кітаптар дүниеге келді. Кітап тас бетіне де қашалып жазылды. Қыш кітаптардан кейін және сол ежелгі Мысырда жазуға “папирус” қолданыла бастады. Кітап “папирус” деп аталатын су өсімдігінен дайындалған материалға жазылып, жұмыр таяқшаларға шиыршықтап оралады. Сөйтіп, орама кітаптар келіп шықты. Біздің заманымызға дейінгі 2 ғасырда Кіші Азиядағы Пергам патшалығының шеберлері жануарлар терісінен жазу жазатын жаңа материал әзірледі. Жаңа материал патшалықтың атымен “пергамент” деп аталады. Сонан соң пергаментке, яғни, жарғақ теріге жазылған кітаптар шықты. Олар алғашында жұмыр таяқшаларға оралып, орта ғасырларда дәптершелеп бүктелетін болды. Дәптершелер бір-біріне қаттала тігіліп, шүберек немесе терімен тысталған ағаш мұқабалармен қапталды. Сонымен, біздің заманымыздың 1 ғасырынан бастап қазіргідей түптелген парақты кітаптар шыға бастады. Біздің заманымыздың 2 ғасырында тұңғыш рет Қытай елінде қағаз жасалды. Осыған орай орта ғасырларда қолжазба кітап өнері қауырт өркендеді. Кітап іші әдемі суреттермен көркемделіп, мұқабалары алтын, күміс және басқа бағалы металдармен әшекейленді. Мұндай қолжазба кітаптардың саны өте аз, бағасы аса қымбат болды. Сондықтан кітапты көшіру мен көбейтудің басқа жолдары қарастырылды. Бұл тәсіл бойынша кітап әріптері арнайы өңделген ағаш тақтайдың бетіне терісінен жасалды. Сонымен қатар жазу айналасындағы ақ жерлер өткір құралмен ойылды. Тақтай бетіндегі жазу бедеріне бояу жағылып, үстіне пергамент не қағаз басылды. Ондағы жазудың оң көшірмесі алынды. Кітап суреттері де солай көшірілді. 704 – 751 жылдар аралығында Көреяда 12 тақтайдан осылай басылып шыққан кітап ең алғашқы баспа кітабы деп есептеледі. Тақтай бетіне кітаптың ондаған мың әрпін бедерлеп шығу оңай болмады. Сол себепті, кітап басудың басқа әдісі іздестірілді. Әдісті 11 ғасырда қытай өнерпазы Би Шэн, 15 ғасырда неміс шебері Иоганн Гутенберг ойлап тапты. Әрбір әріпті металдан бөлек - бөлек құйып алып, кітап бетін сол әріптерден теріп құрастырды. Бетіне бояу жағылып және қағаз басылып, көшірмесі алынды. Бұл өнертабыс кітап басып шығару ісін қауырт өркендетті. Кітап басу үрдісі кейін де тоқтаусыз жетіле берді. Кітап әрпі жай қолмен емес, автоматты машиналармен терілді. Суреттерін машиналар әзірледі. Кітапқа енетін барша материалдардан баспа үлгілері жасалды. Қуатты машиналар сағатына 4- 5 мың дана көшірме басып шығарды. Кітап беттері басылған қағаздарды топтау, бүктеу, түптеу, кесу мұқабамен қаптау сияқты жұмыстардын да машиналар атқаратын болды.

Қазіргі кітап басып шығару ісі бұрынғы кездерден  қарағанда жаңа технологиялық жаңа заман болғандықтан өте тиімді. Кітап баспаға көркем мәтінді баспаға дайындау, дизайнды әзірлеу, баспа өнімділігі және оны тарату жұмыстары кіріп, кітап оқырмандарына жетуде.

                                                                                                                                   Нағима Сахан,

                                                                                                                      “Тұран” университеті

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Баренбаум И. Е. История книги. М., 1984
  2. Йоганн Гутенберг и начало книгопечатания в Европе : опыт нового прочтения материала / Н. В. Варбанец. - М. : Книга, 1980. - 304 с.
  3. https://kk.m.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D1%96%D1%82%D0%B0%D0%BF
  4. https://ru.m.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D0%BD%D0%B8%D0%B3%D0%BE%D0%BF%D0%B5%D1%87%D0%B0%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B8%D0%B5

 

 

                                               

 

Пікірлер