Білім туралы заңға қандай өзгерістер енгізілді?

2705
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаттары білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан  ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Депутат Әбдіманап Бектұрғановтың айтуынша, заң жобасы аясында бірнеше өзекті мәселені шешу жоспарланып отыр. Мәселен, бүгінде қосарлы оқытуға (дуальное обучение) қатысты құқықтық коллизия бар. Еңбек кодексінде қосарлы оқыту жүйесімен білім алатындардың өндірістік оқу мен кәсіби іс-тәжірибеден өту уақыты еңбек өтілі ретінде есептеледі. Алайда тура осы кодексте еңбек өтілін растайтын құжаттар тізбесінде қосарлы оқыту туралы келісімшарт көрсетілмеген.

"Іс жүзінде осы коллизияға байланысты жұмыс берушілер қосарлы оқыту шарты негізінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту кезеңін есепке алмай отырады", - дейді Бектұрғанов.

Бұдан бөлек, жаңа заң жобасы аясында техникалық және кәсіптік мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс беру қағидаларын бекіту жоспарланған. Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс жұмыспен қамту органдары мен кәсіпкерлік палаталарының ұсыныстары негізінде жасалады. Ал, ең бастысы, әрбір өңірдің еңбек нарығындағы сұраныс ескерілуі шарт.

"Ал жоғары оқу орындарына берілетін мемлекеттік тапсырыста оқу ұзақтығына қарай кәсіби түрде еңбекпен өтеу мерзімін белгілеу ұсынылады. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған азаматтар бүкіл кезеңде барлық үш жылды да жұмыспен өтейтін болады. Ал басында ақылы негізде оқып, артынан грантқа ауысқандар, я болмаса, керісінше, алдымен грантта, одан кейін ақылы жүйеге ауысып кеткендер пропорционалды түрде өтейді", - деп түсіндірді Бектұрғанов.

Айта кетейік, Қазақстанда педагогикалық, медициналық, малдәрігерлік және ауыл шаруашылығы мамандықтарының түлектеріне арналған грантты өтеу талабы бұрыннан бар. Өтеу мерзімі – оқу бітіргеннен кейін кемінде 3 жыл.

Сондай-ақ, заң жобасы бойынша базалық білімді тексеруге арналған "Білім беру жетістіктерінің мониторингі" атты білімді сырттай бағалаудың жаңа моделін енгізу ұсынылып отыр.

"Халықаралық тәржірибені ескере отырып, білім беру ұйымдарын сыртқы бағалау тетігі жетілдіріледі. Бұл білім алушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді", - дейді Бектұрғанов.

Тағы бір түзетуге сәйкес, қосымша білім беру ұйымдарына да мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарланған. Соның арқасында қосымша біліммен тегін қамтылатын балалардың саны артады. Ал мектептерде тыйым салынған заттардың тізімі енгізіледі.

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, бүгінде мектепке тыйым салынған заттарды әкелетіндер бар. Бірақ балалардың қалтасын ақтарып, тексеріп отыруға рұқсат жоқ. Ал жаңа заң аясында білім беру ұйымдарының жарғысына өзгеріс енгізіліп, тиісті нормалар жазылады.

"Әлеуметтік педагогтар мониторинг жасап, психологтармен бірге ондай балалармен тығыз жұмыс істейді", - дейді Каринова.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер