ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай мүфтияттың тәңіршілдерге қатысты көзқарасын әлеуметтік желіге жария етті. Бәтуасы шағын мақалада анық көрінеді. Оның авторы – ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан АМАНҚҰЛОВ деп жазады Furkan.kz.
Аталған мақалада автор қазақ даласындағы Тәңіршілдік дінін ұстанушылар туралы арғы-бергі тарихты алға тарта отырып: «Шариғат үкіміне келсек, Ислам дінін мойындамайтын, Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кемсітетін адам, қазақ болса да, мұсылман саналмайды. Ондай адамның бауыздаған малы харам, қайтыс болса, оған жаназа намазы оқылмайды, өлігі мұсылман зиратына қойылмайды, ондай сенімдегі адамға үйлену де дұрыс емес», - деп түйіндейді.
Осыған байланысты «Адырна» ұлттық порталы бірқатар азаматтың пікірін сұрап білді.
Шенеуніктердің діни ұстанымы тексерілуі керек
Мұртаза ЖҮНІСҰЛЫ, дінтанушы, мәдениеттанушы,философия ғылымдарының PhD докторы: «Мұсылман зираты» деген қайсысы? Қай жерде ол? Ал сол зираттар кімдердікі, кімнің меншігінде, кімнің бақылауында?»
Төртуыл ШОҚАН, атеист: «Жалпы, Ислам дінін ұстанатындардың бәрі өздерін мұсылман санайды. Ал намаз оқымайтындарды кәпірлер деп қарайды. Бұлайша бөліну сонау тоқсаныншы жылдары басталды. Ал қазіргі қоғамдағы жікшілдік осы бөлінудің салдарынан пайда болды. Күн өткен сайын сондай мұсылмандардың ережесінің ауқымы кеңейіп барады да. Мысалы, мұсылманның зиратына кәпірді жерлемеу керек, кәпір тамақтанған жерден мұсылман тамақ жемеу керек, мұсылман жуынған моншаға басқалар бармау керек т.б.
Міне, осылардың бәрі қоғамның жіктелуіне алып келетін дүниелер. Мәселен, қазір жүздеген жыл бұрын болған қорымдар сүріліп, орнына үй, қала, дүкен соғылуда. Немесе өткен ғасырдағы зираттың орнына қазір жаңасы салынуда. Бәлкім сол ескі зират бұрын христиандыкі болған шығар? Сондықтан бұлай бөлінуге тыйым салынуға тиіс. Адамдар қауымдасып өмір сүретін қоғамда бірлікте, татулықта өмір сүру керек емес пе? Ал өлгеннен кейінгі жағдай кімге керек? Жалпы, бұл жағдайды өзгерту үшін, болдырмау үшін ең алдымен биліктегі шенеуніктердің діни ұстанымына жіті назар аударып, қатаң тексерістен өткізу керек. Шенеуніктер белгілі бір діни ағымның жақтаушысы болмауға тиіс.
Діннің саяси мәселеге араласуы - заңды белден басуы
Ділмахамбет МЫСЫРҰЛЫ, тарихшы: «Соңғы уақытта дін мәселесі елдің саяси, әлеуметтік мәселелеріне көп араласатын болды. Ата заңымызда Қазақстан зайырлы мемлекет деп көрсетілгеніне қарамастан, біздегі түрлі дін өкілдері ашықтан ашық елдің шаруаларына араласып, заңды шетке ысырып қойды. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз, Қазақстан Республикасы Конституциясының құрметтелмеуі, бұл- заңымыздың тапталуы. Ислам болсын, Тәңіршілдер болсын, қай қайсысы да Қазақтың жерінде өмір сүріп жатқандықтан, қазақтың заңына бағынуға тиіс емес пе? Меніңше, Қазақстандағы дін өкілдерінің кейбір әрекеттеріне заңмен тыйым салатын, заңды жауапқа тартатын уақыт келді.
Бұлай бетімен кете берсе, алдағы жылдарда бір Қазақстанның іші түрлі секталарға бөлініп, ырың-жырыңы шығады. Қазірдің өзінде бір отбасыда бірнеше діни ұстанымдағы адамдар бар. Бәрі өзін мұсылман санағанымен, мұсылманға тән дүниелерді түгел ұстанбайтындар қаптады. Мәселен, Ислам дінінде, қасиетті кітабы Құранда мұсылманның көркем мінезі туралы өте көп айтылады. Өкінішке қарай, сондай көркем мінезді көп мұсылманнан көру қиын қазір. Әлеуметтік желідегі пікірталаста байқасаңыз, Ислам дінін жақтаушылардың аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Қарғайды. Шынайы мұсылман өзге пенделерге жамандық тілеуші ме еді? Міне, дәл осыны мынау, «Тәңіршілдерді мұсылман зиратына жерлемеу» туралы мақала да көрсетеді.
Қазақтың жерінде өзге дін ұстанғаны үшін қазақты жерлемей ме, сонда? Бұл қалай? Әлде біз Ислам діні үстемдік ететін, Ислам мемлекетіміз бе? Қазақтың жерінде кімнің қайда жерленіп, кімнің қайда жерленбейтінін шешу құзіреті Ислам дінінің өкілдеріне беріліп қойған ба? Мысалы, мен ешбір діннің өкілі де, ұстанушысы да емеспін. Бірақ қазақпын, Қазақстан азаматымын. Сонда мен өлсем, менің мәйітімнің мәселесін мұсылмандар шеше ме, бұл қалай? Ең өкініштісі, осындай пәтуаны білдей басқарма өкілінің таратуы -Қазақстанға төнген үлкен қауіпті көрсетпей ме? Қалай ойлайсыз?»
Діни тартыс - надандықтың белгісі
Данияр ЖАМАЛБЕКҰЛЫ, ІТ маманы (Канадада білім алып жатқан магистрант) : «Қазақ даласындағы түрлі дін өкілдері өзара нені бөлісе алмай жатыр? Мені толғандыратын сұрақ осы. Тірі кезіңде дініңе, тіліңе, түріңе қарамай бір жерде, бір аулада, бір үйде өмір сүріп жатырсың. Ауруханада дінімізге қарамай, қатар кереуетте жатсақ, бір құбырдан келіп тұрған суды да бірге ішеміз ғой? Не жетпейді дін өкілдеріне? Тіріңде иық тірестіріп бірге күн кешкенде, өлгенде бөлек жатып не ұтады? Мұсылмандар айтқандай, Тәңіршілдерді бөлек жерлейік, ал. Содан не өзгереді?
Мұсылмандардың бұл әрекетінен қорқып, жұрттың бәрі Ислам дініне өтіп кете ме? Жұрттың бәрі сол Ислам дініне өтсін делік. Одан Қазақстанға келер пайда бар ма? Қазақстан мұсылман еліне айналса, дамыған елдердің қатарына кіре ме, әлде озық технологиялар ойлап тауып, әлемді аузына қарата ма? Не өзгереді? Түптеп келгенде, біздегі дін атаулы біртіндеп саясатымызды алқымнан алып, мемлекеттің саяси ұстанымының басына шығып бара жатқанын осындай дүниелерден көруге болады. Зайырлы мемлекетте кез келген дін өкілінің қоғамға өз ұстанымын тықпалауына, мінберлерден үндеу жасауына жол берілмейді. Ал бізде байқасаңыз, жағдай керісінше. Діндердің өзара ырың-жырыңы биік мінберлерде талқыланып, тіпті «өйтіп жіберемін, бүйтіп жіберемін» деген қоқан-лоққылар ашық жасалады.
Мұның бәрі заңымыздың солқылдақтығынан, саяси биліктің жүйесіздігінен. «Аллаһ, Тәңір» деп әр бұрышта болмайтынды езіп отырғанша, ел мәселесін, ел ертеңін сөз етсе ғой, дін өкілдері. Қоғамды сауатсыздық, надандық жайлап бара жатқаны сондай, арабтың жәһиләт дәуіріне бара жатқандаймыз. Әлеуметтік желіде езуі көпіріп пікірталасқа түскен діндарлардың жазбасына көз салыңызшы. Тоқсан пайызының жазбасындағы қатеден көз сүрінеді. Ал сөйлемдерінен надандықтың, оқымағандықтың белгісі анық көрініп тұрады. Айналайындар-ау, діни сенімдеріңді жүректеріңде сақтап, елдің ертеңі үшін қызмет етуге күш салсаңдаршы! Сендердің діни ұстанымдарың тек өздеріңе ғана керек қой! Басқаға таңудың түкке қажеті жоқ. Сен сенетін құдайға басқа да сенуі керек деген надандықтан арылатын кез келді емес пе?! Елімізде басқа мәселе қалмағандай, енді зиратқа таласайық, жетпегені осы еді енді!»
Меруерт ХУСАИНОВА,
Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.