Екі күн ішінде қос бірдей президенттің кеңесшісі болған Сума Чакрабарти кім?

4581
Adyrna.kz Telegram

Кеше британиялық экономист-юрист Сума Чакрабарти ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық даму мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі лауазымын иеленіп, жұрт қызу талқыға салған болатын. Бүгін дәл сол Сума Чакрабарти Өзбекстан Республикасының  президенті Шавкат Мирзияевтің де кеңесшісі болып тағайындалды. Қос бірдей президенттің кеңесшісі лауазымына ие болған Сума Чакрабарти кім?

 Ол 1959 жылы Үндістанның Джалпайгури қаласында туған. 1964 жылы отбасымен Ұлыбританияға көшіп барған. Оксфордтың түлегі: философия, саясаттану, экономика салалары бойынша маманданған. Ұлыбританияның азаматы.

Чакрабарти 1984 жылы Ұлыбританияның Сыртқы даму басқармасында (ODA) аға экономикалық көмекші болып қызмет етеді.

1980 жылдары Ұлыбритания үкіметі оны Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банкке қызмет етуге жібереді.

1996 жылы ол Ұлыбританияның Қаржы министрлігінің рөлін атқаратын Ұлы Мәртебелі Қазынашылыққа (Her Majesty's Treasury)  ауысып, содан кейін премьер-министр Тони Блэрді қолдау үшін тиімділік пен инновация бойынша жаңа  орталық бөлімше құруға жауапты болады.

2001 жылы Чакрабарти аймақтық даму бағдарламалары бойынша халықаралық департаменттің бас директоры боп сайланды. Оның қарамағында Африка, Азия, Шығыс Еуропа, Кариб теңізі және Латын Америкасынан 1200 қызметкер болады. Сондай-ақ ол 2009 жылы 8 желтоқсанда 2003 жылы болған Ұлыбританияның Иракқа шабуылын талқылап, «Ирак тергеуінде» куәлік береді.

2002-2007 жылдары халықаралық даму министрлігінде тұрақты хатшы болды, содан кейін осы лауазымын 2012 жылға дейін Әділет министрлігінде жалғастырады. Ол осы кезеңдегі өзінің басты жетістігінің бірі Министрліктің жұмыс істеуінің жаңа моделін әзірлеу және енгізу деп есептейді. Осының арқасында миллиард фунт стерлингтен астам қаражат үнемдей алған.

2012 жылы Чакрабарти Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті болып сайланып, бұл қызметін 2020 жылдың 2 шілдесіне дейін жалғастырады. Ол ЕҚДБ банкінде қызмет ете отырып, үлкен реформалар жасай алдым деп мәлімдеген.

Чакрабартидің Қазақстанмен байланысы жайлы 2013 жылы «Павлодарэнерго» АҚ-на (80 миллион доллар сомасында), «Севказэнерго» АҚ-на (40 миллион), «Павлодар АЭК» АҚ-на және «Солтүстік Қазақстан АЭК» АҚ-на (9 миллион доллардан) ЕҚҚДБ-нің несие қаражатын бөлу туралы келісімге қол қойғаны туралы ақпарат бар. Бұдан бөлек, 2016 жылдың мамыр айында Чаркабарти Шығыс Қазақстан облысын сумен қамту үшін жалпы сомасы 4,4 миллиард теңгеге жобаны қолдау туралы шартқа қол қойған.

Чакрабарти осы жылдың 2 наурызында премьер-министр Асқар Маминмен кездесіп, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу  мемлекеттік-жеке әріптестік саласындағы ірі жобаны іске асыру мәселелерін талқылаған. Премьер-министрдің айтуынша, өткен 27 жыл ішінде ЕҚҚДБ-нің Қазақстанның қаржы, инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларына, IT-технологиялар мен коммуналдық қызметтер секторларына, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау бойынша салған инвестицияларының көлемі 271 жоба үшін $9 млрдтан асқан.

Фото ашық дереккөзден алынды 

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер