Мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізіледі

5654
Adyrna.kz Telegram

 Қазақстандық балаларды кәсіпкерлікке баулу мектептен басталатын болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов хабарлады.  

«Қазір білім уақыты. Сарапшылардың пікірінше, күн сайын жаңа ашулар пайда болады. Біз оларды тез игеріп қана қоймай, қалыптастыруды да үйренуіміз керек. Бұл біздің ұлтымыздың қаншалықты бәсекеге қабілетті екенін анықтайды», — деді Ералы Лұқпанұлы.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы шағын және орта бизнестің қарқынды дамуымен тығыз байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Ол үшін бізге қазірден бастапкәсіпкерлердің жаңа толқынын дайындау қажет. Сондықтан білім берудің барлық деңгейлерінде — мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі. Осындай тәсіл өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеу бойынша қолданылатын болады»,- деп қорытындылады ол.

Естеріңізге сала кетейік, балаларды кәсіпкерлікке баулу 2014-ші жылдан бастап қолға алынды. Содан бері пәннің бағдарламасы мен оқулығы әзірленіп, 2017-ші жылдың күзінде алғаш рет әр өңірдің бір мектебіне пилоттық жоба ретінде енгізілді. Сондай-ақ, жаңа пəнді оқыту үшін мұғалімдер «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасында біліктілік курстарын оқыды.

Оқушыларды мектеп жасынан кәсіпкерлікке баулу қаншалықты маңызды?

Шаттық Омарқызы, ата-ана:

- Білім ешқашан артық болмайды. Десе де, мұғалімдер оқушыларды кәсіпкерлікке қаншалықты баули алады? Егер сабақты «Мына ережені дәптерге жаз, мынаны жатқа айт»,-деп өткізетін болса, керек емес. Тектен-тек баланың қызығушылығын қайтарып аламыз. Футболды қанша қарасаң да, футболист болмайсың ғой. Сол сияқты кәсіпкерлік туралы терминдерді жаттағаннан да пайда жоқ. Бұл пәнді оқыту үшін қызықты, тәжірибиеге сүйенген оқу бағдарламасын даярлау қажет.

Айнұр Омарова, мұғалім:

- Өткен жылы мектебіміздің оқу бағдарламасына 10-11 сынып оқушылары үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты пән енгізілді. Негізгі мақсаты - оқушыларға кәсіп ашудағы бағыт-бағдарларды түсіндіру, бизнес жоспар құруды үйрету. Жалпы өте қажет пәндердің бірі. «Атамекен»  ұлттық палатасының біліктілік курсынан өткен кез келген мұғалім бұл пәннен сабақ бере алады.

Арман Асқарұлы, кәсіпкер:

- Кәсіпкерлікті бала жастан насихаттау өте дұрыс. Жалпы әлем елдерінде бұл тәжірибе оң нәтиже көрсетті. Біздің уақытымызда оқушыға бағыт беретін осындай пәндер болмады. Өзім бизнес бастарда біраз қиналдым. Көптеген курстарға қатысып, кітаптар оқығаннан кейін ғана фундамент қалыптаса бастады. Талай таныстарым әрі қарай бұл салада ізденгісі келмей, бизнесті тастап кетті. Ертеңгі күні болашақ бизнесмендер қиналмас үшін осы пәнді оқыту маңызды. Бізде қазір әлеуметтік шиеленістер жеткілікті ғой, сол себепті жыл сайын кәсіпкерлердің жаңа ағымын қалыптастыруымыз қажет. Өз басым тәжірибелі бизнесмендерді оқу барысына қатыстыру қажет деп ойлаймын.

Ерасыл Есен, студент:

- Мектепте «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін 1 жыл оқыдық. Аз ғана уақыттың ішінде бұл пән менің бизнеске деген қызығушылығымды арттырды. Сабақ барысында түрлі жобаларды қорғайтын едік. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде білім алып жатырмын.

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер