1 қыркүйек дегенде бірден су жаңа мектеп формасын киіп, құшағына құшақ-құшақ гүл қысып, алғашқы қоңырау сыңғырын естуге қобалжып мектепке асыққан оқушылар елестейді. Биылғы оқу жылы онлайн форматқа көшкендіктен мұның бірі де болмады. Жаңа оқу жылының басталғанын оқушылар әлі де сезіне алмай жатқаны рас. Енді бірі дәстүрлі оқу форматына көшкісі келіп, жылап жатса, кейбірі, сабақтың дұрыс өтпейтініне қуанып, онлайн оқу оларға майдай жағып жатыр.
40 минутың өзі сабақ түсіндіріп, үй жұмысын тексеруге жетпей жатқанда, онлайн оқу кезінде сабақтардың 30 минутқа қысқарғаны оқушылар мен мұғалімдерді, қоса алғанда ата-аналарды да әбігерге салды. Интернеттің жылдамдығының нашарлығы, онлайн оқу үшін арналған платформалар мен желілер қызметінің әлі де дұрыс жетілмегендігі, технологиядан аса сауаттың жоқтығы сабақтың жарты уақытын алады. Оқушылар қай уақытта білім алып үлгереді?
Президент Жолдауында:
«Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастарымен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитралық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл әсіресе мектептер үшін маңызды.»
Студенттердің жағдайы не болмақ?
Орта мектепті бітіріп, үлкен өмірге аяқ басқан студенттер төрт қабырғаға қамалып, ұялы телефонға телміріп тізгінін ұстар болашақ мамандығына онлайн отырып дайындала ма? Болашақ жастардың қолында. Маман иесі болып, өз ісін сүюге студенттерді онлайн дәріс оқып емес, аудиторияда бетпе-бет білікті мұғалімдер мен профессорлар дайындау керек.
Оқушыларды мектеп кітапханасындағы кітаппен қамтыды. Студенттер білім көзін, яғни, керекті кітаптарды алу үшін ауылынан білім алатын оқу ордасына келіп кітаптарын алып кете алмайтындығы анық. Мұндай жағдайда студенттер кітапсыз, интернеттегі өтірік-шынын білмейтін деректермен сусындайды ма?
Президент Жолдауда атап өткендей, биліктегілер дәстүрлі оқу форматына ауысыудың тәртібін әзірлеп, алдағы уақытта студенттер мен оқушылар сапалы білімді тиісті орны партада отырып алады деген сенімдеміз. Онлайн оқудан мезі болған студенттер мен оқушыларға шыдамдылық тілейміз!
Лаура ТҰРСЫНЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы