Коронавирустың жаңа толқыны басталады деген қауіпке қарамастан, Еуропа елдерінің біразының мектептері жаңа оқу жылына есігін айқара ашты. Көктемгі карантин кезінде қашықтан білім алудың ешқандай да білім бермейтінін түсінген еуропалық ата-аналар жаңа оқу жылын дәстүрлі білім алу жүйесімен бастауды құп көріпті.
Көптеген елдің жоғары сынып оқушылары дәп бір бастауыш сынып оқушысындай қатаң бақылауға түспек деп жазады БиБиСи-дің орыс бөлімі. Сабақ үстінде және сабақтан кейін оқушының бейберекет жүруіне, сынып бөлмелерін аралауына тыйым салынады. Мұғалімдер де оқушысының мейлінше әлеуметтік қашықтықты сақтауын қатаң бақылайтын болады. Мұнан бөлек, сынып бөлмелерінде ковид дәуіріне тән атрибуттар да орналастырылады. Бетперде, санитайзер мен градусник әр сынып бөлмесінің негізгі рәмізіне айналмақ.
Ұлыбританиялық оқушы 11 жасынан бастап бетперде тағуы керек
1 қыркүйекте Англия, Уэльс қалаларының оқушылары дәстүрлі білім алуға мектепке барады. Ал Шотландия мен Солтүстік Ирландияда сабақ тамыз айында басталып қойыпты. Білім департаментінің нұсқаулығында орта мектептің 11 жастан асқан әрбір баласына бетперде тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтау көрсетілген. Бетпердені оқушы дәлізде, жабық ғимаратта тағуы керек. Десек те, бұл нұсқаулық әлі де жұрттың тарапынан қолдау таппай отыр. Ал локдаун деп танылған аймақтың оқушысы мен ұстазына бетпердені тастамай тағу бұйырылған.
Премьер-министр Борис ДЖОНСОН бетперде тағуды міндеттеу қисынсыз екенін айтып: «Бетті жауып сабақ оқуға болмайды. Ал оқушылар бетпердені тастамай тағады деу мүмкін емес», -дейді. Қауіпсіздік шаралары тек бұл ғана емес. Білім департаменті әр оқушыны мейлінше «вакуумда» сақтағандай етіп қорғап, санитайзерлерді көптеп қойып, оқушыға қолын ғана емес, қаламын, есіктің тұтқасын да тазартып тұруды да айтады. Міне, осындай дайындықпен ағылшын оқушылары жаңа оқу жылын бастап жіберіпті.
Ресейде әркімнің өз қалауы біледі
Ресейлік оқушылардың басым бөлігі биыл сабақты мектепте оқиды. Тек алғашқы қоңырау мерекелік іс шарасы өткізілмейді. Сонымен қатар көптеген аймақтың, соның ішінде мәскеулік оқушылардың үйде сабақ оқуына рұқсат берілген. Балам вирус жұқтырып алады деп қауіптенген ата-ана баласына интернет арқылы қашықтан білім алуына жағдай жасайды. Мектепке барып оқитын ресейлік оқушылар да бір бөлмеден шықпай, әрлі берлі жүрмей, әлеуметтік қашықтықты сақтауға мәжбүр. Тек мұғалімдер өтетін сабағы бойынша сынып бөлмелеріне өздері барады. Ал дене шынықтыру, физика, химия сынды пәндерде оқушылар сабақ өтетін бөлмеге баруы керек. Ресейлік сынып бөлмелері мейлінше санитарлық талапқа сай жабдықталып, оқушының дене қызуын өлшеу басты назарға алынбақ. Егер бір баладан коронавирус белгісі табылса, тұтас сынып карантинге жабылады.
Украинада мектепке бару – қызыл сызық белдеуіне дейін өлшенбек
Украинада вирустың таралу аймақтарына қарай бірнеше белдеу сызылады. Олар: жасыл, сары, сарғыш қызыл және қызыл сызық белдеулері. Егер қызыл сызық белдеуі деп танылса, ол аймақта мектепке баруға тыйым салынады. Ал егер қызыл сызыққа сабақ кезінде түссе, онда мектептер екі апталық карантинге жабылып, балалар қашықтан сабақ оқиды. Егер бір оқушыдан немесе мұғалімнен ковид белгісі анықталса, онда тұтас мектеп карантинге жіберіледі. Украин оқушыларына бетперде тағу ұсынылған. Бастауыш сынып оқушыларына бетперде тағудың қажеті жоқ. Сонымен қатар сабақ кезінде оқушының бетперде тақпауына болады. Украин білім министрі де әр сабақтың бір сынып бөлмесінде, лажы болса, ашық ауада өткізілуін ұсынып отыр. Антисептик, бетперде, қол тазалығын сақтау бұл елде де міндеттелген.
Эстония - «өздерің шешіңдер» деген ұстанымда
Эстонияда мектептер мен оқушының білім бағдарламасын таңдауы секілді дүниелер әр адамның өз таңдауында. Ковидпен күресуді де билік тарапы халқының өз еркіне салыпты. Десек те, білім министрлігі мен денсаулық министрлігі басқа елдердегі әріптестері сияқты сақтық шараларының түрлерін ұсынуда. Ал қандай сақтық шарасын ұстануды әр мектептің өз еншісіне қалдырған. Негізінен Эстония оқушылары үшін мектептер өз есігін 1 қыркүйекте ашады. Алайда билік өкілдері індеттің таралуы қаупін де хабарлап, егер сондай жағдай орын алса, қашықтан оқыту жүйесіне көшетіндерін ескерткен.
Латвияда А, В, С жоспарлары дайын
Латвияда да білім күні әдеттегідей аталып өтіледі. Алғашқы қоңырауды соғу, соқпау әр мектептің өз шаруасы. Әйтсе де, егер індеттің жаңа толқыны бастала қалса, білім министрлігінің А,В,С деп аталатын үш жоспары дайын тұр. Ал әзірге латвиялық білім министрі өкілдері оқушылар мен мұғалімдерге басқа шетелдік әріптестері секілді сақтық шараларын қатаң ұстануды кеңес етуде. Бұл елде де қол тазалығы, ара қашықтықты сақтау сынды ережелер ұстанылмақ.
Германия мектептері ашылмай жатып, жабылуда
Германияда бірыңғай білім күні деген атымен жоқ. Өйткені, бұл елдің әр аймақтары түрлі уақытта сабаққа кіріседі. Бір аймақтың оқушысы тамызда сабаққа барса, енді басқа бір аймақтың оқушысы қыркүйекте мектеп есігін ашады. Тамызда сабаққа кіріскен неміс оқушыларының басым бөлігі бүгінде карантинге жіберіле бастапты. Еуропаның басқа елдері секілді Германияда да індеттің таралуы асқынып барады. Сол себепті оқушылар да қашықтан білім алуға мәжбүр болуда екен. Германиялық оқушыларға сақтық шаралары туралы нұсқаулық та түрліше беріліп, әр мектептің сақтануы да әрқалай. Десек те, сайып келгенде сақтық шараларының ортақ тұсы бетперде тағу, қолды жуу, ашық ауада жүру.
Францияда басты сақтық – күніне он шақты рет қол жуғызу
Францияда да індеттің таралуы өршіп барады. Сол себепті бұл елдің билік өкілдері либералды емес, қатаң талап ету жүйесіне көшті. 11 жастан асқан кез келген білім алушы мен мұғалімдер бетперде тағуға тиіс. Барлық оқушы мен ұстаз сынып бөлмесіне кіргенде, шыққанда, асханаға кіргенде, шыққанда, әр үзілісте, дәретханадан соң, үйден шыққанда, үйге келгенде қолын сабындап жуып, дезинфекция жасауы керек. Сонымен қатар түшкіруге арналған арнайы орамалдар дайындалған. Бір оқушы түшкіргісі келсе, міндетті түрде әлгі орамалға түшкіріп, ол орамалды қоқыс жәшігіне тастауы керек. Қолдасып амандасуға, өте жақын тұрып сөйлесуге болмайды. Оқушылар мектепте сабақ оқиды. Ал егер қашықтан оқытқысы келсе, ата-ана жергілікті билікке бұл туралы ресми өтініш жазуы керек.
Испания – жаппай бетперде тағу мен үздіксіз қол жуу
Еуропа елдерінің ішінде Испанияда жағдай өте нашар. Тамыз айының соңғы аптасында коронавирус жұқтырғандардың 100 мың адамға шаққандағы үлесі 145. Десек те, ауыр науқастар мен өлім көрсеткіші әзірге төмен. Соған қарамастан, испаниялық мектептер әдеттегідей бірінші қыркүйекте емес, 4 қыркүйекте жұмысын бастайды. Бірінші сыныптан бастап жоғары сынып оқушыларының бәріне жаппай бетперде тағу міндеттелген. Күніне кем дегенде бес рет қолды сабындап жуу мен ара қашықтықты сақтау да осы міндеттің ішінде.
Мектепке кірерде міндетті түрде дене қызуы өлшенеді. Егер бір адамнан ковид белгісі анықталса, бүкіл сынып карантинге жіберіледі.
Меруерт ХУСАИНОВА, «Адырна» ұлттық порталы.