Жұлдыздарды түсіну

5068
Adyrna.kz Telegram

Бір бала күніге кешке қырға шығып, жұлдызды аспанға тамсана қарап отырады екен. Көздің жауын алардай жарқыраған жұлдыздарға көз тігіп отырып, ол тезірек үлкен болсам екен деп армандайды екен. Оның келетінін біліп алған жұлдыздар болса баланың көзіне түсу үшін, өздерінше боянып-таранып әлекке түседі екен. Ата-анасына көмектесіп болған соң қыр басына шығып келе жатқан баланың жанынан жақынырақ орынға жайғасу үшін, жұлдыздар аспанда шашырай жүгіреді екен.
Бір күні бала көңілсіз, мұңайып отырыпты. Аспанға да бұрынғыдай қарамай жүзін төмен сала беріпті. Әдетте баланы көре салысымен күміс кірпіктерін жыпылықтатып жарыса билей жөнелетін жұлдыздар не болғанын түсінбей үнсіз қалыпты.
Аспан ешқашан бұндай көңілсіз жағдайға түспеген екен...
Үнсіздікті балаға жақын тұрған бір жұлдыз бұзады.
– Бүгін көңілсізсің ғой. Не болды? – деп сұрайды ол.
Сонда бала:
– Аспаннан жұлдыздар аққанда мен сендер жасырынбақ ойнап жүр екен деп ойлаушы едім. Бірақ, бүгін мен қозыларымды бағып жүргенде бір жолаушы кездесті. Ол аспаннан жұлдыз аққанда, өзімен бірге бір адамның жанын алып кетеді, деді. Бұл қалай болғаны? Сондай қатыгез бе едіңдер? Сендер сондай әдемісіңдер, түнде аспанды жадыратып адасқандарға жол сілтейсіңдер, деп ойлаушы едім. Енді не дерімді білмей отырмын... Мен сендерден бұндайды күткен жоқ едім...
Осы сәтте барлық жұлдыздар бір сәтке аңтарылып бір-біріне қарады да бүкіл аспан күміс күлкіге көмілді. Оларды ай да қостап аспан қоңыраулатқан әуен жаңғырығына бөленді. Содан соң ай жұлдыздарға қосылып, бәрі қол ұстасып дөңгелене билей жөнелді.
Ештеңе түсінбеген бала ай мен жұлдыздарға таң қала қарай берді. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде жұлдыздар тоқтап, балаға қарап тұра қалды.
Сәл үнсіздік орын алды. Содан бір жұлдыз былай деді:
– Біз жұлдыздар ешқашан сөнбейміз. Және адамдардың да біз сияқты мәңгі өмір сүргенін қалаймыз. Себебі адамдар бізге қарамаса біздің өміріміз мәнсіз болар еді. Әр адамға аспандағы бір жұлдыз қамқорлық жасайды.
Ия, жұлдыздар кейде аспан төрінен ағып түсіп жатады. Оның өз себебі бар.
Адамдар біз сияқты емес. Өзара тату-тәтті өмір сүруді әлі күнге дейін үйрене алмай келеді. Адамдар бір-бірінің көңілін жиі қалдырады. Сондай кезде демеу болу үшін біз жұлдыздар жерге асығамыз. Жұлдыздар адамдарды татуластыруға тырысады. Адамдар бірін-бірі кешіріп қайта жарасқан соң жұлдыздар аспандағы өз орнына қайтады.
Ал адамдар көргенін көбінесе дұрыс түсінбей жатады. Жұлдыздардың аспаннан жиі ағып түсіп жатқанын адамдардың басқаша қабылдауы бізге, жұлдыздарға жақсы түсінікті.
Бүкіл аспан балаға мейірлене қарап тұрды.
Көңілі орнына түскен баланың жүзі жарқырап, жұлдыздарға қарай берді.
Бала бәрін түсінді. Ол жұлдыздарға жымия қарады. Жұлдыздардың қуанғаны да соншалық бүкіл аспан бал-бұл жанып жарқырай түсті.

Бердалы ОСПАН.
Menin salgan suretim "Aily auen" dep atalady.
Менің салған суретім "Айлы әуен" деп аталады.
Мой рисунок называется "Лунная мелодия".

Berdaly OSPAN: Bir zamandastar osy ertegimdi Tànirlik ertegi dedi. Àr adamnyn qabyldauy àrturli goi.

Бердалы ОСПАН: Бір замандастар осы ертегімді Тәңірлік ертегі дейді. Әр адамның қабылдауы әртүрлі ғой.

Бердалы ОСПАН: Некоторые сказали, что эта моя сказка Тенгрианская. Каждый ведь по своему воспринимает.

Пікірлер