Дана Асылбек. PEACE

3647
Adyrna.kz Telegram

Көзімді аштым. Аппақ бос бөлме. Бос бөлмеде тек мен. Бірақ бұл менің бөлмем емес. Қайда екенім түсініксіз. Үстімде ұзын көйлек. Ақ түсті көйлекті жай кескінмен қиылған ақ мата деуге болады. Оны неге киіп алғаным да түсініксіз.

«Мама?»

Неге бұлай дегенімді білмедім. Бірақ бұл сөз мені бар қауіптен құтқаратындай айтылғаны рас. Десе де дауыстап шақырғанымды ешкім естімеді де, жауап бермеді де. Себебі, айналада ақ қабырға мен тұтқасыз жалғыз есік қана. Өз жаңғырығыма өзім таңырқап, тағы бір рет «Мама» дедім. Жағаласа естілген бас ауыртатын жаңғырық. Төртбұрышты шағын бөлменің ішінде айналып жүріп, өз-өзіме сұрақ жаудырып жатырмын:

          «Бұл қай жер? Қане, есіңе түсір! Соңғы рет қайда болдым?»

          «Соңғы рет... соңғы рет... Есімде жоқ...»

          «Қалайша менің есімде жоқ? Мүмкін, мен өліп қалдым?»

          «Мүмкін емес. Отыр! Отыр да бәрін есіңе түсір!»

          «Мен кіммін? Менің атым кім?»

          «Менің атым...»

Басымды қысып отыра қалдым. Көз алдыма лента қылып естеліктерімді әкелгім келсе де, сана құрығыр әл бермейді. Енді бір жақындап қалғанда ойымдағы жарқын бейнелер тез өшеді. Түсініксіз бейнелер. Біреу есімнен алжастырып, ақ қабырға артынан мысқылдап қарап тұрғандай. Сыртқы жаңғырықты естігім келмегені сол, өзіммен іштен айтыстым. Өз сұрағыма өзім жауап бере алмай қиналдым. Сыртқа дауыс шығарсам, көзге көрінбейтін біреу естіп қоятын сияқты.Үрей мен қорқыныштан алқымым қысыла бастады. Шыдамай, жауапсыз сұрақтарды жиіркенішті жаңғырыққа малып, айқайлай бастадым:

«Бұл не? Мен қайдамын? Мені босатыңдар! Маған бостандық керек!»

Жаңғырықтардың арасынан маған жауап келді. Иә, жаңғырықтардың арасынан біреу:

«Ауызыңды жап!»

Күтпеген жауаптан шошып кеттім. Отырған орнымнан атып тұрып, есік тұсқа сүріне қабысып жүгірдім. Айналада ешкім жоқ. Маған жаңғырықтың жауап беруі мүмкін емес. Тұтқасыз есікті тырналай бастадым. Тырнағым сауы қалмай сына бастады. Саусақтарымнан қан ағып та бастады. Біреу сол саусақтарымды аяп есікті ашып жіберіп, маған бәрін түсіндіретіндей. Жасыммен бірге аққан қаным тоқтар емес. Қолдарым ауырса да, үмітім басым болды. Тырнасам да, ашылмайтын қыңыр есіктің артынан адам дауысы естілді. Дауысына қарап, жақсы адамға балағым келді:

«Жарқыным, неге сонша қорықтың? Сен неге үнемі осылай өзіңді қинайсың? Қане, анау бұрышқа бар да, тыныш отыр. Отыр да, арманда. Бұрынғы өмірді емес, жаңа өмірді, жақсы өмірді арманда».

Дауысы жақсы адам болса да, сөздері қатігез секілді. Әлде керісінше. Мені алдап соққысы келетін біреу шығар.

«Сен кімсің?»

Жаңғырықтан дауысым екі рет қайталанғаны болмаса, қан жоса болған есіктің ар жағынан ешкім маған жауап бермеді. Ол мені шынымен жынды қылып отыр. Сол жауапсыздықтан соң орнымнан сүйретіле тұрдым да, қолдарыма қарадым. Ұзын әлсіз саусақтарымнан қып-қызыл қан аппақ көйлегім мен аппақ еденге тамшылады. Ақ пен қызылдың қорқынышты үйлесімі. Қолым дызылдап әкетіп барады. Есікке жақындадым. Бұл аурудан құтылу үшін көмек сұрамасқа амалым жоқ. Ауруымнан хабар бердім:

«Менің саусақтарым ауырып барады».

Жауап жоқ. Есікке құлағымды тақап, мұқият тыңдадым. Біреу естіп қалар, не есік артында біреу бар шығар деген үмітпен тыңдадым. Біреу табан жақындатты. Жақындағанына қуанып, толық өтінішімді айттым:

«Менің саусақтарым удай ашып барады. Тырнағымның астына есіктің кішкентай ағаштары кіріп кеткен сияқты. Маған көмек керек».

Есікке жақындаған адам әрі қарай жүріп кетті. Бұнысынан менің денемнен аққан әр қанның тамшысына титтей де болса аянышын байқамадым. Ашуландым, жақсы өмірді қалай қаны сорғалаған саусақтармен армандайтынымды ойлап ашуландым. Ішімнен бірнеше рет оған тіс қайрадым да, қарғыс аттым: «Мақұлық!»

Бұрышқа барып, жұдырығымды қаттырақ түйіп, қан аққан саусақтарымды алақанға жасырдым. Ақ ағаш есіктің ішіндегікішкентай тікендері етіме одан сайын батты. Сыздатып барады. Шыдап бақсам да, көзімнен жас домалай берді. Көзімді жұмып, әлгінің айтқанын орындамақ болдым. Сонда бәрі тынышталардай. Бірақ не армандап, не тілерімді білмегеннен, көзім көрген, аузыма келген дұғаларымды іштей өзімше айта бастадым.

          «Жақсы өмірді армандау керек болса, онда мен осы бөлмеден шығатын кезді армандаймын. Жақсы өмірді армандау керек болса, онда мен тұтқасы бар есікті армандаймын».

Көзімді жұмып ұзақ отырдым. Қанша уақыт жұмулы отырғанымды да білмеймін. Тіпті уақыттың мына жерде қалай айналатынын да білмеймін. Төбеден бір сөнбейтін, қараса көз ауыртатын жарықтан ештеңені айыра алмадым. Әлгі жауапсыз сұрақтарыма глобальды сұрақтарымды да қостым: Қазір күндіз бе, әлде түн бе? Мұнда да Жер Күнді айналып жатыр ма, әлде мен Күнді айналатын басқа планетадамын ба, мүмкін, бұл жақта тіпті айналатын Күн де жоқ?

Не ойлап кеткенімді де білмеймін. Бар ойым осы жерден құтылу. Құтылу үшін бар амалым - ештеңеге сенбеу. Ештеңеге сенбеу керек болса да, ойша бір сенімді іздедім. Солай өз-өзіме қарсы шыға бастадым. Ештеңеге сенбеу керек болса, онда өзіме де сенбеуім керек. Ойларыма да. Мүмкін, мен мұнда өзім келдім. Мүмкін, менің бұл жерден шыққым келмейтін шығар. Мүмкін, мына ақ көйлекті кигім келген өзім шығар. Мүмкін, өмір сүру деген осы?!

***

Көзімді аштым. Саусақтарымды бинтпен байлапты. Әлде өзім байладым ба, білмеймін, әйтеуір ауырғанын қойған. Бірақ есік әлі сол күйінше: тырналған қызыл түс аралас есік. Көйлегімдегі, едендегі қан да жуылмаған. Қолымды таңып бергені болмаса, ақ бөлменің қанынкөзіңді ашқанда өзің жу деген белгіге ұқсады.

Тағыайқайға басқым келмеді. Себебі, жаңғырық дауысының ащылығы әлі құлағымда. Біреуді шақырып, себеп сұрайтын да халім жоқ. Бұрында да қайталанған дағды сияқты көрінді. Бұрында да осылай өз дегенімді талап етіп, содан біраз таяқ жегендеймін. Бірақ неден екенін түсінбеймін. Бұларға не жаздым? Жиіркенішті жаңғырықтарды есту үшін мен не істеп қойдым?

Жаңа ашқан көзімді қайта жұмдым. Ішімде бір дауыс:

«Менің өмірім кеше ғана ақ парақтан бастала қалған жоқ. Солай болса, мен дәл қазіргі дел-сал күйіме жайбарақат қараушы едім ғой. Менің «менімді» біреу не біреулер жоғалтып жібергісі келеді. Мен сонымен күресуім керек шығар...»

Қайтадан көзімді аштым. Әлі де құтылуды көздедім. Есікті сындырып не тырнап ашқаннан, оның тұтқасын тапқан жөн секілді көрінді. Бұл бөлмеден бір шикілік іздей бастадым. Кішкентай ғана бөлмені шарлап жүрмін. Мүмкін, маған көрінбейтін детальдар бар. Бірақ қайда? Мұнда ештеңе де жоқ. Жаңғырық ше? Ол қайдан пайда боп жатыр?Сырттан емес, ол осыннан шығады. Менің сөзімнің жаңғырығы болса да, ол бөтен. Менікі емес. Мені әдейі осылай шатастыруда. Бұл бөлмеде менің жалғыз еместігім анық.

Орныма қайта келіп жаттым. Біреу маған тесіле қарағандай сезіледі. Одан сайын денем тітіркеніп кетті.

«Мұнда кім бар?»

Дауысымды жаңғырық қайталады да, қайта тынышталды. Басымды көтеріп жан-жаққа қарадым. Қыбыр еткен ешкім көрінбеді. Онда бұл жай өз ойым шығар. Бірақ біреу мені бақылаған кезде де оны білдіруі мүмкін емес нәрсе. Не болса да, мен бұл жерден құтылғым келетінін білдірмеуім керек. Керісінше, олардың дегеніне өтірік көнуім керек. Маған «бұрышқа отыр да, жақсы өмірді арманда» деді. Мен соны орындамайынша, маған ешқандай белгі берілмейтіні анық.

Бұрышқа кеп отырдым. Қолдарым бірдеңеге тиіп кетсе, ауыратыны болмаса, халім кереметтеу. Мұндай жағдайда сол жақсы өмірді армандау еш қиын емес сияқты.

Әуелі бөлме сыртын елестеттім. Санам боп-бос болғасын ба, басында ештеңені елестете алмадым. Жалт-жұлт етіп бір түсініксіз бейне көз алдыма кеп кеткені болмаса, былайынша ауқымды нәрсе ойлай алар емеспін. Сондықтан бірінші есікті тұтқасымен ойладым. Күміс түстес жылтыр тұтқаның пішіні қолға ұстауға ыңғайлы көрінеді. Жылтырап тұрған кезінде тұтқа жоғалып кетердей жалма-жан ұстап алдым. Тұтқа жоғалмады, бұл жай қорқынышым ғой. Ұстауға өте ыңғайлы екен, тіпті қолдың ізі де қалып қойды. Көйлегіммен оны сүрттім де, жалаң қолмен қайтадан ұстадым. Бұл жолы қолымның ұсқынсыз іздері қалса да, маған бәрібір көрінді. Тұтқаны төмен қарай бастым да, ақырын есікті аштым. Есік тық етті де, өзі ашылды. Әрі қарай не ойласам болады екен?! Бөлме сыртында... бөлменің сыртында... Ештеңе!

Көзімді аштым. Ештеңе! Ештеңені әрі қарай елестете алмаймын. Әрі қарай ештеңені армандай алмаймын. Сырттағы нәрсені мен өзімді қинасам да, ойлай алмаймын. Санамды шынымен тазартып тастағандай. Бұл өмірде ненің бары мен жоғын білсем де, мен олар жайлы ойлай алмайтын бір меңіреуге айналған сияқтымын. Мен Күннің барын білсем де, оның қандай екенін ұмытқанмын. Шөптің жасыл, аспанның көк екенін білсем де, олардың көзіме қалай көрінетінін білмеймін. Мені сонша мүсәпір еткен олар не армандағанымды қалайды сонда?!

 

***

 

Шулаған адамдар дауысы. Бірдеңені ұрандайды. Сол еш түсініксіз естілген ұраннан теріс бұрылдым. Адамдар дауысы әлі құлақта. Толқынды ұранға теңіз толқынының дауысы араласты. Толқынын жағаға тез соғып, өзіне қайта тартып алатын теңіз бейнесін көріп тұрмын. Бұл мен өскен өңір болса керек. Алыс жағадан бір әйел көрінді. Жалаңаш денелі әйел. Сұлбасы құм сағатты еске салатын әйел менен алыстап барады. Бұл... бұл мен ғой. Мен өзімді көріп тұрмын. Желден шаштарым көз алдымды көлегейлеп әйел сұлбасын менен жасыра бастады. Бірақ мен өзімді анық таныдым. Сол толқын үнінеараласып өте байыпты әйел дауысы естілді:

«Ирэн Азамат. 31 жастағы әйел. Мемлекеттік құпияны ашып, шпиондық еткен әрекеттері үшін халықаралық қауіпсіздік комитетінің шешімімен аса қауіпті қылмыскер саналды. Қазір өзін түзету изоляторына қамалды».

Оған біреу рациядан, не телефоннан байланысқа шықты. Дауысы әйелге қарағанда бұлыңғыр естілді:

«Қабылданды. Санасында өзгерістер бар ма?»

Маңдайыма біреудің қолы тиді. Сол әйел сияқты:

«Қазіргі зерттеулерге сәйкес, санасы толық тазаланды. Жұмыс жасауға әзір».

Көз алдымнан теңіздің бейнелері жоғалды. Тиісінше, бір бөлмеде отырмын. Көріп отырғандарым, одан анық бола түсті. Бөлмеде қоңыр түсті заттар көп. Дала жарығын жапқышпен қымтап, күннің көзін жасырған. Күңіренген бөлмеде бірнеше адамдар отыр. Бітпейтін пікірталас арасынан пайда болғандаймын. Бәрі бір ауқымды проблеманы көтеріп, бір-біріне сөз бермей жатыр. Оң жақтағы ер адам маған қарап отырып, аянышты сөйледі.

«Біз ойлаған жоспар тап саған қиындық әкелетініне кепілдік бере аламын. Сондықтан дәл қазір бәрімізге доғарған жөн. Әйтпесе, біз армандаған азаттықтың құнына сені тыныштықтан айырады».

Барлығы оның осы сөзіне келісе бастады. Есіме енді түсе бастағандай. Бұл ойлар өмірде болған сияқты. Кенет арқа тұстан біреу айқайға басты. Күңгірт қоңыр атмосфера лезде сұр бөлмеге айналды. Кекіл шаштарым жүзімді жасырып тұр. Қатты терлеп қалыппын, өте ыстықтап барамын. Біреу кекілімнен нығыздап ұстады да, басымды жоғары қаратып:

«Мүмкін, өз басыңды, отбасыңды ойларсың? Негізі мамаң сондай сұлу әйел».

Басымды бірден үстелге соқты. Бәрінен оның соңғы айтқаны ең үлкен қауіпті сөз боп  естілді. Өз басым қауіпте тұрғанын білсем де, сондай сұлу әйелдің тағдырына алаңдай бастадым. Мамамның бейнесі ойға келер емес.Бірақ шынында, ол сондай сұлу әйел болатын. Бала кездегі теңіз жағасындағы күндер мен сәттер әлі есімде. Бірде теңізге барар жолдамамам маған әртүрлі нәрсені айтып, түсіндірумен болды. Ол кезде сегіз не тоғыз жастамын. Күйеуден жақында ажырасқан мамам терең құлазымауға әбден тырысты. Тастап кетуден соң ол өзін «еркек қоқысы» сияқты сезінбеуге барын салды. Теңізге жол тартқан көлікті жүргізіп келе жатқан отыз жасар әйел маған өзінің енді «еркін әйел» екенін бірнеше рет айтқан. Жылдар бойы оның осы сөздері санамда өзін жұбату сөздері боп қалды.

Бәрі еске түсті. Еркін әйелдің қолында өскен мен де еркіндікке ұмтылғыш болдым. Еркіндігімді алғаш қатігез сұр тергеу бөлмесі бұзса,соңғы боп ақ бөлме құртты.Сасық кеңістіктер. Бәрі есіме енді келе бере шиқылдаған компьютерлік жағымсыз дауыс естілді.

Көзімді аштым. Әлгі байыпты дауысты әйел жанымда.Алдындағы мониторға бадырайған әйел компьютерден өз санамды өзім басқара бастағаным белгі боп келгенін көрді. Жағымсыз дауыс соның белгісі.Ол жаңа сипаттаған әйел менің нақ өзім. Бұл мен - Ирэн Азамат. Ақ халатты әйел атып тұра қолына телефон тұтқасын алып жан ұшыра айқайлады:

«Қылмыскер емдеу процедурасында оянып кетті. Ир...»

Қолыма түскен қатты затты алдым да, нәзік тәнді әйелдің басынан қойып қалдым. Ол сонша шошып, «қылмыскер» деп атағанына өзімді құрбан сезініп ем, басынан ұрғаным ол ойды басып салды. Мониторға жалғанып басыма қадалған ұзын токтарды ажыраттым. Мұнда ұзақ жатқан сияқтымын, басым айналып, өз-өзіме келе алмай, аздаған секундқа тоқтап қалдым. Өз-өзіме бір қарадым. Ақ ұзын көйлекті сұр түсті көйлекке алмастырыпты. Бұған не себеп екенін білмедім, бірақ бұл жай кескінделген мата емес, кәдімгі униформаға ұқсайды. Басқасы басқа, дәл қазіргі бар ойым: бұл жерден құтылу.

Әйел дәрігердің кабинетінің сыртындағы жағдайдың қандай екенін де білмеймін. Есік алдында қалың күзет тұрса да, тіпті ғимарат сыртында тұрса да, білдірмей кету өте қиын. Бұл жер маған жат.

«Дәл қазір жатырқап тұратын кез емес, пышақты ал да, жүр. Мені қорғайтын мұнда басқа құрал жоқ».

Әйелдің киімін шешуден басқа амал жоқ. Оны жалаңаш қалдырып, киімін тартып алуым, әрине, дұрыс емес. Бірақ мен бостандыққа шығуым қажет.

Есік сырты мен ойлағаннан да қауіпсіз болды. Ұзын дәлізден аурухана екені байқалды. Баспалдақ тұстағы ғимараттың төтенше жағдайға арналған картасын қарадым. Шығар тұс пен жертөледегі есіктің қиылысатынын көріп, баспалдаққа ұмтылдым. Баспалдақтан төмен құлдилап келемін. Асығудамын. Өте асығыспын. Сыртқы өмірде мені не күтіп тұрғанын білмеймін. Мамам тірі ме? Елде не боп жатыр? Менің бостандығым басқалардың бостандығына кепілдік болатынына деген үлкен сенім бойыма жайылып кетті. Бұл ойлардың арасында баспалдақтан қалай сонша тез түскенімді байқамадым да. Басым айналып, ентігіп бір демімді терең алдым да, есікті аштым.

Қараңғы ұзын дәлізге түстім. Алыстан сырттан жарық түседі. Бұл қараңғы дәлізде ешкім жоғына сенімді түрде, ентігімді басып, жай жүріспен келе жатырмын. Су шалшықтарынан жалаңаяқ менің келе жатырған адымым ғана естіледі. Жарыққа жақындаған әр қадамым бейбітшілікке қарай жасалған әр қадам іспеттес. Аяғымды алшақ басып, іштей мақтаныш сезімі оянды.

«Мен келемін сендерге! Алыстағы анау есіктен асқан соң барлық озбырлық менің табанымның астында болады!»

Шалшық үніне жаңа адым қосылды. Ту сыртымнан шыққан дауысқа дереу бұрылдым.

«О, Тәңірім! Енді жетпегені тағы бір шайқас еді. Мен шаршадым...»

Қарап тұрсам, қара киімді біреу. Жүзі көрінбейді. Күзеттегілердің біреуі болуы керек. Алғашқы сөзінен-ақ қарсы сөйледі.

«Қашып құтылуың сәтті шығатынына күмәнім мол. Нешінші рет осы қадамға барып тұрсың білесің бе?»

Сөздерін елемегендей, бұл сұрақты қойғым келмесе де, жауабы маңызсыз болса да, сұрадым:

«Сен кімсің?»

«Сен кімсің?(келеке қып қайталады) Кеше ғана өз жаңғырығымен алысып отырған ақымақ. Баяғы сасық өміріне оралып, миллион адамның миына болмайтын бір пәтуасын үйретпек. Сенің бос сөзіңді тыңдайтын енді ешкім жоқ. Әлем сенсіз-ақ соғыс өртіне әдемі оранып келеді. Сені соның шоғына тастау керек. Бейбіт өмірді тілейтіндер соғыстың отына өртенуге лайық».

Сөйлеп тұрып, суды ауыр етігімен сипап өтіп жай қадамдарын бастады. Арамыз он метрдей жер еді, ол жақындай түсті. Бұл қадамдар қазір мені лезде жалмайтын жалмауыздың арам қадамы. Бұдан құтылу жолы тек – қашу. Тұра бірден артқа бұрылып, жарыққа қарай жүгірдім.

«Құлдық санадан қаш. Мен күткен жарқын өмір жақын қалды. Қаш, Ирэн Азамат, қаш! Еркіндікті қалайтын азат рухың тәніңе қанат бітірсін де,алысқа ұш!»

Өз-өзімді жігерлендіріп, табаным жерге тимей қаштым. Шалшық балтырымды малмаңдай су қылса да, аяғым жалаңаяқ болса да, құрып кеткір жертөленің дәлізі шексіздік секілді ұаяқталмай жатса да, өкпем қысылса да, тоқтамадым. Сол сұлу еркін әйел мамамды және менің мамам секілді еркіндікті сүйетін жандарды көруге асыққаннан тоқтамадым. Жарық жақындаған сайын ең кереметті ғана ойладым.

Дәліздің арғы жақ шетінен бірдеңе тарс етті. Денемді басқара алмай, тізерлей қалдым.Көзім қарауылтып, арқамнан ауырлықты сездім. Жаңа ғана жарықтың жылдамдығымен ұша жөнелген Ирэн Азамат... Есікке бес-ақ қадам қалған сәт. Тұр! Жүгір! Көзіңді аш! Бостанд...

 

***

 

Көзімді аштым. Әдеттегі қара түсті униформаны киіп, бақылау кабинетіне ерте келдім. Жын соққандай басын қабырғаға соққан қылмыскер, бір сөзін қайталай берді:

«Көгершін! Көгершін! Көгершін!»

Қайталай берген соң, ашуланып қолыма дауыс ұлғайтқышты алып:

«Ауызыңды жап!»

Қылмыскер құлағын жауып отыра қалды. Жалма-жаң есікке жүгірді де айқайға басты:

«Мені босатыңдар! Маған бостандық керек!»

Қылмыскер изоляция бөлмесінің тұтқасыз есігіне жармасып, тырналай бастады. Сол баяғы бәрінің қайталайтын еш қауқарсыз сөздері. Оны аяп, сатқындығын кешіретіндей, есікті тырналай бастады. Қарап тұрып шыдай алмадым:

«Қандай жиіркенішті адам! Қандай жиіркенішті сөз! Сасық ертегіге сенетін ақымақ қорқаулардың көтерген жалаулары мен ұрандары – Бейбітшілік! Өмір соғыстан тұрған және оны жасаушылар дашын өмірге бейімделген нағыз адамдар. Ақ көгершіндердің дұғасы тек бостандық тілеу.Олар шын күреске жаралмағасын жан мен тәнінің шын қызыл қанға толы күресінен алыс болғанын тілейді. Мақұлық!»

Ақтөбе қаласы.

Пікірлер