Есімі еліне мәшһүр қаламгер

259
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wzjg33fFc6lPEi0Gr5vGkbxEqSMsduXIz2kVr6H5.jpg

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында көрнекті жазушы, драматург, публицист Медеу Сәрсекенің туғанына 90 жыл толуына орай «Есімі еліне мәшһүр қаламгер» атты еске алу кеші өтті.

Тағылымды шараға қаламгердің туыстары, зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар, өнер адамдары, жастар мен қаладағы колледж кітапханашылары қатысты. Кештің негізгі мақсаты – Медеу Сәрсекенің қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін кеңінен насихаттау, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа таныту болды.

Кеште Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі, Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сейсенұлына сөз алып,  Медеу Сәрсекенің азаматтық тұлғасы мен қоғамдық қызметіне тоқталды.

Шара барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақыптың қаламгерге арналған арнау сөзі бейнематериал арқылы ұсынылды. Сондай-ақ әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Абай облысының Құрметті азаматы Арап Сләмұлы Еспенбетов жазушының әдеби мұрасына терең талдау жасап, ғылыми тұрғыдан баға берді.

Кештің мазмұнын байыта түскен бөлімдердің бірі – Медеу Сәрсекенің драматургиясына арналды. Бұл ретте қаламгердің сахналық шығармалары туралы ақпарат беріліп, театр қайраткері, режиссер, профессор Есмұқан Обаевтың арнайы бейнебаяны көрермен назарына ұсынылды.

Шара барысында ақын әрі мәдениеттанушы Нұрқасым Құсмилия Жырғалыұлы қаламгер тұлғасы жайында ой толғаса, Шәкәрім жоғары колледжінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Сәуле Қайсақызы «Медеу шығармашылығындағы ұлттық құндылық пен зиялылық» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Қаламгердің  2025 жылы «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарыққа шыққан кітабының таныстырылымы да назардан тыс қалмады.

Шарада жазушы жайында естеліктер айтылып, «Қалам құдіреті» тақырыбында жазушы шығармашылығына негізделген кең көлемді кітап көрмесі жасақталды. Көрмеге жазушының әр жылдарда жарыққа шыққан еңбектері, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары қойылды.

Еске алу кеші қаламгер рухына көрсетілген тағзым ретінде жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға терең әсер қалдырды.

Рима Қанапияқызы,

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы

Пікірлер