Биыл соғыс және еңбек ардагері Шомақ Ізбасарұлы 100 жасқа толар еді... Ол осыдан 3 жыл бұрын өмірден озып, жеңістің 75-ші көктемін көре алмай кетті. Ұрпағына үлгі болған атамның ерлігі туралы жазғанды жөн көрдім.
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына тура 75 жыл толды. Адамзат баласына зор қасірет әкелген сұрапыл соғысқа тойтарыс беріп, бейбіт өмірге жол ашқан ардагерлердің асқан ерлігі мен ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Отан үшін соғыста ерлік көрсеткен барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мың тағзым. Қан майданға қазақ даласынан 1 миллион 200 мың азамат аттанды. Өкінішке орай, олардың жартысы елге оралған жоқ. Отанға аман-есен оралған жауынгерлер еңбекке араласып, ел тірегі болды.
Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында ерлік көрсеткендердің бірі менің атам. Биыл атам Ізбасаров Шомақ Ізбасарұлы тірі болса 100 жасқа толар еді... Атамның мәңгі сапарға кеткеніне де үш жыл болып қалды. Менің ендігі парызым атамның ерлігін барынша насихаттау деп білемін. Атамның топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын. Жаның жаннатта болып, ұрпағыңды желеп-жебеп жата гөр!
Жыл сайын 9-мамырда атамның көзі тірісінде әулет болып, Бейнеу ауданы Сам ауылына барып, атамды Жеңіс күнімен құттықтаушы едік. Оның омырауы медальға толы костюмін киім, есік алдынан қарсы алушы еді. Ол сонда бұл - елдің мерекесі деуші еді. «Сұрапыл соғыстағы қарулас жолдастарымның ерлігі ешқашан ұмыт қалмайды деп сенем. Өйткені бейбіт заманның бүгінгі ұрпақтары оларды әрқашан есте ұстауы керек». Бұл - ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғысты көрген атам Шомақтың айтқаны. Майдан даласында ол Украина, Беларусь, Польша елдерін азат етуге қатысқан.
Біз – аспаны ашық тәуелсіз, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Мен бақытты немеремін, ұрпақпын. Менің атам Ізбасаров Шомақ Ізбасарұлы Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері. Мен әулетіміздің мәуелі бәйтерегіндей болған атаммен мақтанамын. Енді оның көрген екінші жаһан соғысы туралы өз ауызынан естігенімді баяндағым келеді. Атам сұрапыл соғыс туралы көп айта бермейтін. Тек, қолқа салсақ ғана, құлыншақтарым, менің көрген қиындығымды сендер көрмеңдер дейтін. Ұзақ ойланып, күрсініп сұрапыл соғысты еске алады.
Шомақ Ізбасаров 1920 жылы ерте көктемде Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы «Хан құмы» жайлауында дүниеге келген. Әкесі – Ізбасар, шешесі – Жібек. Отбасында сегіз ұл, бір қыз тәрбиеленді. Қарындасы Ақшыман, інілері Сыйлыхан, Тоқай, Бәйден, Мырзалы, Байтұрсын, Қадіржан, Наху. Бүгінде олардың барлығы бақилық болды. Бала Шомақ алдымен Шайыр ауылындағы молдадан ескіше білім алып, хат таниды. Одан әрі Ақмыштағы сол кездегі коммуналдық мектепте, яғни 1927-28 жылдары арабша білім алады. Отбасының тұңғышы болғандықтан, бұғанасы қатпаған бала Шомақ еңбекке ерте араласады. Бала боп асық ойнап, доп қумаған. Оның балалық шағы елдің басына түскен ашаршылық кезеңмен тұспа-тұс келді. Жастай атқа қонып, әкесіне көмектесіп мал бақты. Елге келген ашаршылық заманда оңай болған жоқ. Қала берді Кеңестік дәуірдің солақай саясатына сол кездегі өз бетімен күн көріп отырған орташалардың малдарын тәркілей бастады. Бұл жағдай азын-аулақ малымен өз отбасын асырап отырған отбасыларына оңай соққан жоқ.
Шомақ 19 жасында яғни, 1939-1942 жылдар аралығында Таушық ауылындағы № 6-7 көмір шахталарда шахтер болып жұмыс жасаған. Осы жұмыста жүргенде Шомақ «Стахановшылар қозғалысының» белді мүшесі болды. Бастаманың "стахановшылар қозғалысы" деп аталуы Украина жерінде Донбастағы "Центральная - Ирмино" шахтасының забойшысы А.Г.Стахановтың есіміне байланысты. Ол 1935 жылы тамыздың 30-нан 31-не қараған түні (5 сағ. 45 мин) бір сменада норма бойынша 7 тонна орнына 102 тонна көмір өндірді, сөйтіп бұл салада дүниежүзілік рекорд жасайды. Стахановтың үлгісі бүкіл Совет Одағында кеңінен қолдау тапты.
Демек, менің атам «Стахановшылар қозғалысына» үн қоса отырып, күндік нормадан 2-3 есе асыра көмір қазып, «Стахановшы» атағын иеленген. Осылайша еңбек озаты болған.
Шахтадан көмірді өзі қазып, өзі қаптап, арқалап шахтадан шығарып қабылдаушыға тапсырып отырған. Күндік норманы қалай орындалғандығын, кімнің қанша тапсырғанын қабылдаушы күн сайын мәлімдеп отырған. Еңбекқорлығының, қайраттылығының, табандылығының, жауапкершілігінің арқасында күндік норманы бірнеше есеге асыра орындап отырған.
Шығарылған көмірді Таушықтан Сартасқа тартылған тартабанды вагондарға тиеген. Әрі қарай жүк кемелерге тиеліп теңіз арқылы, қажетті жерге жеткізілген.
Шомақ Ізбасарұлы 1942 жылдың тамыз айында Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылған.
Атам - әскердегі кезін, былайша өтті деп әңгімелейтін: Сол кезде Маңғыстаудың орталығы Форт-Шевченко болатын. Осында 2-3 күн болып, «Товарищ» деген катермен Гурьевке келдік. Мұнда да көп аялдағанымыз жоқ, пойызбен Орынбор облысының Чкалов қаласына апарды. Осы жерде 20 күндей болып, әскери тәртіптің қыр-сырын үйреніп, денсаулығымызды тексерттік. Бір күні таңертеңгі сапта командир орысша бізге бұйрықты оқыды. Мен орысшаны түсінбеймін, қыр қазағымын, әйтеуір, «Кімнің денсаулығы күшті, суыққа шыдамды, өз еріктеріңмен екі адым алға » - деп жатыр екен. Мен де шықтым. Ерікті, бөлініп шыққан топты Алтай аймағына алып барды. Мен Барнауыл қаласына барып, арнайы жасақталып жатырған № 28 шаңғышылар бригадасының екінші батальонының екінші ротасына түстім. Қытымыр Сібірдің қысында күні-түні дайындалдық. Әбден дайындықтан өткен соң, 1943 жылдың 14 - қаңтарында Орталыққа, яғни, қанды қырғын жүріп жатқан Сталинград түбіндегі шайқасқа жіберді. Сонда, Барнауылдан Сталинград даласына дейін шаңғымен келдік. Алдымен пойызға отырғанбыз. Алайда отарбаны немістер қайта-қайта бомбалап қоймағасын, жаяу жүруге тура келді. Жолда келе жатқанда немістің шабуылынан көптеген сарбаз қырылып қалды. Ресейдің бірнеше елді - мекендерін азат етуге ат салыстым. Сонымен қатар, Украина жерін де жаудан тазартуға қатынастым. Соғыс қимылдарының ішінде неміс әскерін 40-50 метр жерден көруім Украинаның Балановский деревнясы үшін болған соғыс еді. Балановскийде мың қаралды отбасы тұратын үлкен деревня. Елді-мекенді шетінен бірнеше қатар жерден бекініс қазылған. Екі жақ бір-бірімізге қарсы оқ жаудырып аламыз да, арасында тыныстаймыз. Окоптан сәл басымды шығарсам, алдымдағы бекіністен бір неміс сарбаз кеудесіне дейін көрсетіп, қолымен бір нәрсені ымдайды «ком-ком» деп дыбыстады, анық естідім. Осы уақытта қасымдағы орыс жауынгері оны қаруымен атып түсірді. Бұлардың барлығы қас-қағым сәтте өтті. Ол сені шақырып тұр, түсінбедің ба, тірілей «тіл» алу деген осы болады деген еді. Осылайша, үш күн текетіреспен Балановский деревнясын алғанбыз. Ондаған елді - мекеннің үстінен өттік, бірқатарында неміс әскерлері азғана қарсылық көрсетсе, бірқатары әбден тоналған, өртелген, қаңырап бос тұрды. Украинаның Балановский жерінде біздің взводқа көпірді жаудан қорғап, немісті бері қарай өткізбеңдер деп бұйырды командир. Алдымызда бірнеше шақырымдай жерде жаудың әскері болды. Сонда мен пулеметші болдым.
1943 жылдың сәуір айының шамасы болуы керек, оқ-дәрі таусылып әскерімізбен жаудың қоршауында қалып, тұтқынға түсіп қалдық. Жолда қару-жарақты жеткізушілерді немістің самолеті жарып тасталқан еткен. Осы уақытта қасымда тек бір қазақтың жігіті ғана болды. Бұдан кейін бір жылдай өмірім тұтқын лагерінде өтті. Онда өмірімнің қиын кезеңдері болды. Немістер тұтқынға түсіп қалғандарды сапқа тұрғызып қойып, оқты қарша борататын. Көзімді ашсам екі жағымдағы сарбаз жерде сұлап жатыр. Бір жұтым суға зар болған күндеріміз талай болған. Бар қиыншылыққа шыдадық. Сәті түсіп, бір топ жолдастарыммен қашып шығып, Белорусь жеріндегі Кеңес Армиясының әскери бөліміне қосылдық. Елу шақты адам бармыз. Менен басқасының бәрі орыс болатын. Белоруссияның батыс аймақтарын жаудан азат ету шайқастарына қатынастым. Ауыр күндерді бастан кешірдік. Талай жас жігіттердің ғұмыры қыршыннан қиылды. «Келесі күні тірі боламыз ба, өлі боламыз ба, белгісіз болды».
1945 жылдың мамыр айында бейбітшілікке қол жеткізгенде бұрынғы Польшаның жері Кенигсберг (Калининград) қаласында едік. Соғыс аяқталғаннан кейін Потстам конференциясының негізінде Кеңес Одағына тиесілі болған. Қазіргі Калининград облысы.
1945 жылдың мамыр айынан - 1946 жылдың қыркүйек айына дейін осы қалада болып, неміс тұтқындарын күзеттік. Жауынгерлерді елге қайтару кезең- кезеңімен жүзеге асырылды. 1946 жылдың қазан айында Маңғыстауға, елге келдім», - деп атам сұрапыл соғысты осылай баяндап берді.
Менің атам Шомақ елге келген соң, білек сыбана еңбекке араласты. Ауыл шаруашылық саласын дамытуға зор үлесін қосты. 1946-1954 жылдар аралығында «Жаңалық», кейін «Правда» деп аталған колхозда жылқы баққан. 1955 жылдан - зейнеткерлікке шыққанша «Правда» колхозында, кейін 1969 жылы колхоздар іріленгенде құрылған «Маңғыстау» совхозында жұмысшы-шопан болып еңбек еткен. Зейнеткерлікке шыққан соң 6 жыл совхоздың малын баққан. Қыстың қамын жазда ойлайтын атам, ала жаз бойы шөп шабатын. Отар қойды, түйелерді құдықтан жалғыз өсі суаратын.
Сүйегінің асылдығы ма, әлде Құдайдың берген сыйы ма, атам тоқсанның екеуіне келіп, отбасындағы малына жем-шөбін беріп, құдықтан қолымен құлаштап малдарын суарып, атқа мініп шаруаны қарайлады.
Соғыстан аман-есен оралғасын, Шомақ Ізбасарұлы 1947 жылы Баймұханқызы Сұлумен отау құрды. Отбасында 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Бұлардан - 23 немере, 15 шөбере, 50 жиен, 55 жиеншар өсіп тарады. Тамырын тереңге тартқан, мәуелі бәйтерек деген осы болар.
Ұлы Отан соғысында ерен ерлігі үшін Шомақ атам «Украина жерін фашистерден азат еткені үшін», «Беларусь жерін немістерден азат еткені үшін» медалдармен марапатталған. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің жыл сайынғы мерекесіне орай атаулы төсбелгілерге ие.
Жеңістің 70-жылдығына орай соғыс жылдардан кейінгі еңбектерін елеп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. 2015 жылы жетінші маусымда Бейнеу ауданы Сам ауылында атамның 95 жасын кең көлемде дүркіретіп атап өткен болатынбыз. Менің атам Шомақ Ізбасарұлы соғыс және еңбек ардагері. Ол өте қарапайым, ой-өрісі биік, көп сөйлемейтін тұйық, кішіпейіл, еңбекқор, қажырлы, мейірімді, қамқор, көңілі дархан адам болды.
Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс тойына омырауы толы медалін тағынып, жиындарға қатысып, жастарға ақ батасын беруші еді. Шіркін, өмірдің зулап, зымырап өтуін қарашы. Ол кез оралмасқа кетті. Ақылдың таусылмас қазынасындай боп қарашаңырақтың төрінде отыратын тау тұлғалы атам 97 жасында, 2017 жылы 9 қазанда бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды.
«Ер есімі ел есінде», - дейді халық даналығы. Ардагер атамның Отанын, жерін, елін қорғаудағы көрсеткен ерлігі он перзентінен тараған немере, шөбере, шөпшектеріне мәңгі үлгі-өнеге болып қалары сөзсіз. Біздің қазіргі тәуелсіз елде, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз атам секілді майдангерлердің арқасы деп білемін. Ардагерлердің асқан ерлігі мен ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Жыл өткен сайын жаңғырып, тағлымды даңқы арта береді. Ерлігі-аңызға, өмірі-өнегеге айналған атамды әрқашанда мақтан тұтып жүремін! Барша қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерей тойымен құттықтаймын! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!
Кәмшат Ізбасарова,
Шомақ Ізбасаровтың немересі
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы