Құлбек Ергөбек. Бауыржан Момышұлы туралы

4422
Adyrna.kz Telegram

 70 жылдығына байланысты шалмен 12 күн сөйлескенмін.

27.Х.1980.

Телевидение Бауыржан Момышұлының 70 жылдығына арнап сценарий жазып беруімді өтінген еді. Жаңа ғана жазып біттім. Біраздан бері тек оқып, қолыма қалам алмағандікі болар, әйтеуір суып қалыппын. Суықтау сценарий жазылды. Бауыржан - отты, жалынды адам. Ол жөнінде қызу жазу керек, қызынып жазу керек. Әйтпесе шықпауы мүмкін. Суып жазудан суық жазу ғана шығатын болар асылы. Тек мақалаға айналдыруда тығыз етіп қайта қарап, өңдей жазып шығуым керек.Телесценарийдің стилі басқа, мақаланың стилі басқа. Оны ұмытуға болмайды.

Расында Баукең кейіпкер, әрі жазушы ретінде қос қабат даңқты екен. Б.Момышұлы творчествосын қазақ әдебиетіндегі мемуар мәселесіне байланыстыра қарап, біраз пікір айтуға болады. Оның творчествосының бірнеше ерекшелігі бар.

1. Ол орыс тілінде жазады. Орыс тілінің әсіресе әскери прозада мүмкіндігі мол.

2. Орысша, қазақша бірдей ойлайды. Қазақ тілінің кең түсінігі, бай эмоциясы кейде Баукең шығармаларында орыс тіліне аударыла пайдаланылады.

3. Орыс тілінде жазуына қарамастан ол ұлттық жазушы. Қарапайым очерктік тілмен-ақ қаншама ұлттық характерлер жасайды. Ұлттық жазушы. Себебі? Қазақ ауыз әдебиетінің кәусар бұлағы – оның кейіпкерлерінің тынысы. Ол қазақы характерді әдемі шығарады. Өмірге жақын оның кейіпкерлері.

4. Шығармаларының тілі афоризмді, мақал, нақыл болып келеді.

5. Баукең шығармалары негізінен документалды проза үлгісі. Дегенмен мемуар әрі көркем проза талабын қос қатар көтере алатын сияқты.

6. Ол оқиғаларды сипаттайды, суреттейді. Оған қосымша соның баршасын характер табиғатына сіңіре пайдаланады. Бұл сондықтан талдауға саяды.

28.Х.1980

Бауыржан Момышұлы творчествосы жайлы телесценарийге мынадай фактілерді қоссам.

1.Сәбит Мұқановқа хаты. Твор. Лаборатория.

2. Д.Фурмановтың Бурный станциясы туралы пікірі.

3. Баукең ролін сахнада ойнаған («Намыс гвардиясы») Қапан Бадыровты сахнаға шығару.

20.ХІ.1980

Я должен был через газету... Бұл газеттің бергені көп. 5-6 жыл активный корреспонденті болғам. Это не старческая обида. Қазір түсінбесең, жасың келгенде түсінесің. Қойсаңшы (әйеліне). Кезінде Ғабит Мүсіреповтердің корреспондент болғанын білеміз. Қазіргі жастар... Қағаз алып келсейші. Б.Момышұлы....

«Лениншіл жас» газетінің оқырмандарына!

Қарақтарым жаңа өспірім қыздар, ұлдар!

Менің жасым биыл 70-те. Мен де баяғыда пионер де, комсомол да болғанмын. Жап-жас коммунист те болғанмын. Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра деген қазақтың мақалы бар. Мен бала кезімнен осы уақытқа дейін, егде тартқанға дейін «Лениншіл жас» газетті үзбей оқитын оқырманның біреуімін. Біреуімін дегенім былай тұрсын, Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі жылдарда шамамның келгенінше әр түрлі жылдар жағдайына байланысты осы газеттің (белсенді) беттерінен уақытында орын алып жүрген авторларының біреуі болғанмын. Нақты есебім жоқ. Бірақта шамалауымша кемінде 100-ден астам сандарынан......

Ел сүйетін газеттерінің бірі деп мақтана бермеңдер. (Кейін қосу.)

Мақала, әңгімелер жағынан орын алған авторлардың біреуімін.

Шынымды айтсам, менің творчестволық беталысымда қазақ тілінде басқа газет-журналды былай қойғанда, беташарым, оқырмандарға бірінші рет жазушы ретінде таныстырған осы «Лениншіл жас» газеті болатын деп санаймын.

Қазақта мақал бар шырақтарым: «Келіншектің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» дейді. Басқа газеттердің көңіліне келсе келсін мейлі, менің жеке өз басыма, жасым ұлғайса да , осы уақытқа дейін маған «Лениншіл жас» газеті ыстық көрінеді. Сүйгенін шұнағым дейтұғын қазақтың сөзі бар. «Лениншіл жас» газеті шұнақ па, тұмақ па, әйтеуір осы уақытқа дейін сүйетін газетім.

Газетті үзбей оқимын. Әрине, халық айтқандай, көлеңкесіз адам да, зат та, газет те болмайды. Негізінде «Лениншіл жас» газеті жалғыз жастарға емес, жастарға жанашыр үлкен ата-аналарға өз бетінде осы уақытқа дейін үлгілілікке жарап келе жатыр. Өз міндетін жас оқырмандардан жасы ұлғайғандарға дейін орынды атқарып келе жатыр. Бұл – менің жеке басымның пікірі емес, жасы бар, кәрісі бар менің пікір алысып жүрген замандастарымның пікірі. Жаңа айттым ғой, жасым ұлғайса да «Лениншіл жасты» осы уақытқа дейін үзбей оқимын. Қайталауыма кешіріңдер. Бұндай пікірді айтуға мені оқырман ретінде, достарыммен, жолдастарыммен, аға-жеңгелеріммен, балаларыммен пікір алысудың қорытындысы.

«Лениншіл жастың» жасы ұлғайған оқырмандарының біреуі ретінде бұл газетке ризалығымды білдіремін. Бұдан былай да ниет жағынан (идеология деген сөз), ой жағынан, пікір жағынан біздің бұл замандағы өміріміздің сай-саласы жағынан, бұрынғы абыройын сақтай ұлғайта беруіне сенім білдіремін. Б.Момышулы...(Қолы)

Мен сұрақ қойдым.

- Бәуке, Сізді балаңыз Бақытжан, немерелеріңізбен де түсірсек деп едік. Өйткені Сіз айтқан документтер бұрынғы офицер, майдангер Бауыржанды, жазушы Бауыржанды көрсететіні, тұлғалайтыны белгілі, ал көрермен халық қазіргі ата Бауыржанды көргісі келеді. Сол үшін.

- Мен әртіс емеспін. Әртіс болғым келмейді. Сондықтан алдымен (Ол дауысын қырылдатып, е-һе-һе деді біртүрлі) телеэкранға шығып: «Мен 70-ке келдім. Рахмет-дей алмаймын. Бұл бір!

Екіншіден, семьям жөнінде. Бақытжан менің жалғыз балам. Бірақ оның биографиясы жоқ. Ол коллективтен тыс өскен адам. Жақсы аудармашы екеніне дауым жоқ. Бірақ еңбекпен өткен биография болмаса болмайды. Ол таңертең 8-9-да жұмысқа келіп, кешкі 6-да қайтуға, жұрт пікірімен есептесуге төселмеген. Еркін жүріп, тұрады. Баяғыда біреу академия бітірмеген, небәрі 32 жастағы адам қалай полк басқарады деген маған күдіктеніп. Сонда:

«Менің Академиям – полкым, полкым – Академиям менің»-дегенмін. Бұл менің коллективімді сыйлауым. Бақытжанда өзі тыңдап өсетін, не өзі тыңдап есейтетін еңбек коллективі боған жоқ, қарағым! Жамандағаным емес, ол белімнен шыққан жалғыз балам!

Семьясына да қарсымын. Қатыны турчанка... (Әкесі анау болған, мынау болған. Бәукең шұбыртты) Біздің үйде бір ғана ақылды адам бар. Ол – бабушка! (Әйелінің анасын айтады). Менің қатыным да ақымақ. Бірақ, осы екі кісіні қамтыған теріс болмас еді.

Ал көшеде жүріп суретке түспеймін!

Әйелі (Жәмилә) тұрып:

- Сен шырағым алдын-ала хабарла, Баукең сақал-мұртын алып, киініп, дайындалады-деді. Сонда Баукең:

- Мольчат! (Орысшалап шешеден жіберіп қалды да, қазақша саптап қоя берді... Батырға бәрі жарасады деп мен отырмын... Тыныш тарқасақ болды әйтеуір)-деді,- Мен айттым ғой, ондай қатып қалғанды жек көремін деп.

Сендердің келетіндеріңді ешкім де білмейтін болсын. Келіңдер де шырт-шырт түсіре бастаңдар! Вот и все!

Хххх

- Біттік. Бүгін жаман жұмыс істеген жоқпыз.-деді Бәукең бір уақытта. Сен мені қанадың. Ешкім білмейтін көп материал алып барасың. Тек келер уақытты күтіп пайдалана біл. Мен мұны сенің күнделігің үшін айттым. Түсінікті ме?

Маған пайдалысы Сен болдың, қарағым! (Ол «Лениншіл жас» газетінің бөлім бастығы Сайлаубек Жұмабековке бұрылды.) Өйткені, гонорары менікі. Ал, ананың гонорарын анау алады. (Ол маған қарап иегін көтеріп қойды.)

- Шәй ішесіңдер ме?

- Бәукең үйінен шәй ішпей аттану ұят шығар... (Жалма-жан мен жауап сөз қостым. Бұрын келген атым бар.)

Ол мұрны жалпайып күлді. Табиғилықтан тысқары ұзын қылыштай саусағын маған қарата бір кезеді де, асхананы нұсқады.

...Шәй ішіп отырмыз. Ол Сайлаубекке қарап:

- Импровизация! Ойламаған жерден туды. Ал қарағым мұны мен бассаң да, басасың, баспасаң да басасың-деп отырғаным жоқ. Оны редколлегия шешеді. Менің жұмысым жоқ.

Ал баса қалсаңдар, абайлаңдар! Мен редакциялауға қарсы емеспін. Қайта жазуға қарсымын! Түсінікті ме? Солай!

- Арақ ішесіңдер ме?

- Бәукеңнің үйінен құрауыз кету ұят шығар. (Тағы да мен.)

- Қа...ты...ын-нн! (Ол асханада жүрген апайға тістене қатты айқайлады.) Сөйтті де «Мынау Шегір сөй дейді. Үйде не бар? Шығар!-деп команда берді.

Бұл кезде Жәмилә әпкем коньяк шынысын алып балпаңдай басып дастарханға келіп те қалған еді. Қарасам, коньяк шынысы ортайып қалған екен... Тілім қышып қарап отырмай:

- Бәукеңдей батырдың үйінен аузы ашылған коньяк ішетін болдық қой... дедім қалжыңдап.

Бәукең Жәмилә апайды тағы да бір балағат сөздермен ысқыртып кеп жіберді... (Мен өкіндім.) Апай мені оқты көзімен атып, қайыра балпаңдай басып бара жатты. Тәбішкесі тырп-тырп...

Енді бүтін, ашылмаған коньяк құтысын алып келе жатты. Асығыс сөзіме ұялып бұғып отырғаным. Сайлаубек орнынан атып тұрып апайдың қолындағы коньякқа жармасты.

«Отставить...» Бәукең ыр-ыр ете қалды. Тұра ұмтылып бара жатқан қарынды Сайлаубек селт ете қалды да қатып қалды тұрған орнында.

Апай шалына жақындай берді. Бәукең апайдың қолынан еріксіз күштей шыныны жұлып алды. Жұлып алды да «Марш, отсюда!»-деді. Апай балпаңдай басып ас дайындайтын үйге қарай кете барды. Бәукең қолынан шыныны алайын деп Сайлаубек тұра ұмтылды. «Отставить...» Бәукең тағы да ыр ете түсті. Саптағы жауынгерлерге команда беріп тұрған сияқты. Состиып Сайлаубек тұр. Бәукең маған бұрылды. Қарт жанар жалт етіп бір сәт ұшқын шашып өтті.

- Сен мынадан 4-5 сағат бұрын келдің бүгін. Оның үстіне бүгін 12-ші күн осы үйдесің. Осы үйдің өз баласысың сен! Мә, құйғын мына шарапты!

Жалма-жан елп етіп орнымнан тұрып барып Бәукеңнің қолынан коньк шынысын алдым. (Бәукең күлімсіреп отыр.) Алдым да аштым.

Үстел үстінде 200 грамдық ұстақандар самсап тұр. Құя бастадым. Неге екенін, коньяк екенін ескермей, арақ құйғандай жарысынан асыра құйсам керек. Бәукең оқты көзімен ата қарады.

- «Белі ауырмастың нан жесіне қара!...» Дурак, Сен коньяк құйып тұрсың. Білемісің, коньякты қалай құюды? Толтырмай құй!

- Кісінің арағын аяп маған не болыпты Бәуке?! Байдың малын байғұс қызғанады... Той жақындап келеді. Ырым болсын төгіп-шашып құямын...

- Белі ауырмастың нан жесіне қара! Бәукең тауып айтқанына мұрны жалпайып күлді.

Құйылып болған соң сөз сөйлеп, тост көтерді. (Ол заманның үрдісіне айналып қалған кез. «Сен пайдалы, сен пайдасыз болдың» деген сөзі осы жерге келеді.)

Тартып-тартып жібердік.

Тағы бір тост «Лениншіл жас» үшін көтерілді. Оны мен көтердім.

Тағы да тартып-тартып жібердік. Шәй іштік.

Бәукең айтты:

- Тағы ішесіңдер ме, мынау таусылды, анда мына қатынның тыққан арақтары бар? Ішем десеңдер, өздерің біліңдер.

- Жоқ. Жоқ. Ішпейміз. Рахмет Бәуке, біз тұрамыз-дестік. Рұқсат сұрадық.

- Барыңдар!-деді Бәукең. Сөйтті де маған қарады:

- Сен енді келме! Қанама мені! Онсыз да қанаушыларым жетеді...

Бойым үйреніп қалған мен жауап қаттым:

- Жоқ, Бәуке, Сіз маған әлі Қошқаралы тарихын айтып беремін дедіңіз. «Ердің екі сөйлегені - өлгені...» Тіліңізден тартқан жоқпын. Өзіңіз сөз бердіңіз. Тағы басқа шаруаларым болуы мүмкін. Сіздің 70 жылдық тойыңыз өткенше, осы үйден маған шәй, сорпа-суан ішіп тұруға тура келеді, Бәуке!

Күні бүгінге дейін Сіз еркелеп келдіңіз. Енді біз еркелейміз, Бәуке! Еркелей білген адам еркелете де білуі керек. Еркелік Сіз сияқты шалға енді жараспағанымен біз сияқты балаға әлі жарасады....

Бәукең төмен қарап кеңк-кеңк күлді. Келіскенінің белгісі. Сосын «Көзінің тұздайын, Тілінің удайын-ай...»-деді. Келгін. Тек сұрағың ұзын, бөлер уақытың қысқа болмасын. Қандай сұрақ қоясың, соған жауап берерлік уақыт та бер маған. Келгін!

Хххх

Мен Бәукеңнің үйінен бір адамның бойына осыншалық ақыл-парасат пен осыншалық тентектік қалай ғана сиып жатыр?-деп ойлана, таңдана аттандым. Тағы да келмек болып, Қошқарәлі, өзінің шығармашылық, адамдық сырларын сөйлетіп алу үшін тағы келемін, міндетті түрде келемін – деп аттандым!

Пікірлер