24 мамыр күні Алматы қаласы “Алатау” дәстүрлі өнер театрында «Көптен күткен кездесу» тақырыбында Бауыржан Момышұлының келіні, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» кітаптарының авторы, жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы мен “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған шарада Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы сыйластық, бала тәрбиесі туралы өзінің өмірден түйген тәжірибесінен кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ, қалам мен қаруды қатар ұстаған батыр баба Бауыржан Момышұлының өмірі, оның өсиеттері мен есте қаларлық қызықты оқиғаларымен бөлісті.
«Атамның арқасында бүгінгі дәрежеге жетіп, ел ішінде еркелеп жүрмін» деген ол, барлық мақтау-мадақтау өзіне емес, батыр атамызға айтылды деп қабылдайтынын жеткізді.
Кешті “Адырна” ұлттық этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір тізгіндеді. Сондай-ақ, шара барысында дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай әнін шырқады.
Ел анасының ұлағатқа толы ғибратты әңгімелерін тыңдауға келген көрермен қарасы қалың. Композитор Қалдыбек Құрманәлі, қоғам қайраткері, Абайтанушы Әділ Несіпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман сынды халық қалаулылары қонақ болды. Жиналған қауым арасынан сұрақтар қойылып, ыстық лебіз, арнау-тілектері айтылды.
Үш жарым сағат халықпен сырласып, келелі кездесу өткізген Зейнеп Ахметоваға кеш соңында сый-сыйяпат табысталды. Құттықтау сөзімен ортаға шыққан Алматы қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының мәдени көпшілік іс-шаралар бөлімінің басшысы Арман Халбеков Зейнеп Ахметоваға камзол кигізіп, орамал жапты.