Қышқыл сатира. Министрлер митингіге шықты

4737
Adyrna.kz Telegram

Әлемде жоқ митингі басталды! Министрлер митингіге шықты! «Анау–мынау» министрі Шіренген Былқетпесұлы сөз алды:
–Біздің айлығымыз неге миллионнан асып кеткен? Айлық аларда ақша санауға ерінеміз! Үкіметтен айлығымызды қысқартуды, жасырын жемқорлықпен айналысуымызға мүмкіндік жасауды талап етеміз!
–Дұрыс айтасыз! –деп қоштады депутат Ұйқыбас Марғауұлы елпілдеп,–депутаттар да сіздерге қосылып, митингігіе шығып отырмыз! Біздің де айлығымыз миллионнан асып кеткен, сондықтан, бәрімізде маза қашып кеткен! Бұл қандай мазақ? Бұл дегеніңіз кекету, «аштан өліп қалмаңыздар!» деген келемеж! Бізге 45 500 теңге де жетеді!
–Сіз неғып жүрсіз? Сіз кімсіз? –деп сұрады министр беті жалпақ, аяғы талтақ, сап–сары кісіден. Ол аудармашысына иек қақты. Сөйтсек, ол Америка президенті Дональд Трамп екен! Митингіге арнайы қатысуға сонау Америкадан ұшып келіпті.
–Короновирустың таралуына Қытай билігі кінәлі! Мен қытай президентін жекпе–жекке шақырамын! Немесе, қазақша күреске!
Митингі бір сағатқа созылды. Депутаттардың біразы түрегеп ұйықтап алды. Не үшін келгенін, не үшін митингіге шыққанын ұқпаған ұйқыбас депутаттар да болды.
–Біз, тек өзіміздің жағдайымызды жасап алғанбыз! Біздің де адам сияқты кедей болғымыз келеді! –деді бір облыстың әкімі айқайлап.
–Шіріген байлар короновирустан қиналған халыққа неге жәрдем бермейді?–деп қалды тағы бірі. Заңсыз митингіге шыққан министрлерге полицейлер ілтипат көрсетіп, ыстық кофе, шоколад, уылдырық таратып жүрді. Олардың қолдарын қайырып, автобустарға тоғытқан да жоқ. Керісінше, оларға қарап, таң қалып тұрған қара халықты қуалап, кейбірін тұтқындап жатты... Ояна кетсем... Арғы жағын айтпай–ақ қояйыншы?

Мұхтар ШЕРІМ

Пікірлер