Арманның жетегінде өмір сүретін адам баласының білімге ұмтылуы – игіліктің бастауы. Есте жоқ ескі замандардағы тас бітіктерден бастап бүгінгі қағаз кітаптарға дейінгі рухани мұра саналатын еңбектерде білімнің қазына екені айтылады. Әрідегі тарих түсінуге қиындық туғызатын болса, берірек келейін. Мысалы, біздің қоғам биыл 175 жылдық мерей тойын атап өтетін Абай Құнанбайұлы он сегізінші қара сөзінде: «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» - дейді. Бұл сөз бүгінгі күнде де, болашақта да маңызын жоймайды. Неге? Себебі, білім арманға жетудің және жетістіктің кілті. Сондықтан, дамыған елдердің қатарына ұмтылған еліміз ең бірінші білім саласына көбірек көңіл бөлу керек. Ол үшін жыл сайын жыр болатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізін түсінген абзал. Жалпы, біліктілікті анықтауға арналған бұл жүйе жаңа технологияларға негізделген, мектеп түлектерінің қорытынды мемлекеттік аттестациясын және колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын біріктіретін, білім беру ұйымынан тәуелсіз, білім сапасын бағалаудың мемлекеттік жүйесі.
Мен – 2019 жылдың түлегімін. Білім сынағына дайындық барысында өзіме, өзімнің біліміме 90% сенімді болдым, ал қалған 10% сенімділікті мен психологиялық тұрғыдан қарастырдым. Міне, осы себептен басымнан өткен жағдайды ой елегінен өткізіп, ойымды білдіруім талаптанған түлектерге пайдалы болады деген үміттемін. Ал, білім сапасына жауапты мамандар үшін кеңеске жарап жатса, болашақта осы бағытта ізденуді мақсат еттім. Мақсат демекші ҰБТ-ның негізгі мақсаты білімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететін оқу жетістіктерінің сыртқы тәуелсіз бағасының жүйесін құру болып табылады.
Ал, міндеттеріне келетін болсақ:
1) Біріңғай өлшеу материалдарының көмегімен білім сапасын мемлекеттік бақылау мен басқаруды қамтамасыз ету;
2) Білім сапасын бағалаудың шынайылығын, дұрыстығын арттыру;
3) Жоғары және орта кәсіптік білімге қол жеткізуде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету.
Қазіргі кезде оқушыларды ҰБТ тапсыруға ең бірінші психологиялық тұрғыдан дайындау қажет деп есептеймін. Өйткені, тестті тапсыруға ешкім арнайы үйретпейді, бірақ соған қарамастан, ондай психологиялық білім өте пайдалы. Олар тестке дайындалу тиімділігін арттырып, тестілеу кезінде өзіңді ойдағыдай ұстауға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар, ой жұмысы дағдыларын дамытуға, маңызды кездерде ойыңды жұмысқа жұмылдыруға, өзіңнің эмоцияларыңды қолға алуға көмектеседі. ҰБТ рәсімі ойыңды әбден жинақтап, бар назарыңды соған аударып, мұқият және ұқыпты болуды, бір тапсырмадан екіншісіне жылдам көше білуді талап етеді.
Тест тапсыру процесіндегі психологиялық қамтамасыз ету мәселесінде оның 3 кезеңін атап өту қажет:
1. Тестке дайындық, тест алдында оқу материалын зерделеу;
2. Тестілеу алдындағы мінез-құлқың;
3. Нақты тест кезіндегі мінез-құлқың.
Психология тұрғысынан емтиханға тиімді дайындалу тәсілдері туралы ұсыныстарды айта кетсем. Дайындық барысында қиналған кездерде ойыңды шашыратып алмас үшін, жоғары мақсатқа қол жеткізу үшін өзіңнің алдыңа аса жоғары міндет қойма. Жағдайдың әбден шиеленісуін күтіп отырма. Емтиханға алдын ала, аз-аздап, бөлшектеп дайындалуға кіріс. Егер күш-жігерің мен ойыңды жинау қиынға соқса, алдымен ең жеңілдерін есте сақтауға тырыс, содан кейін күрделі материалды оқуға көшкен абзалырақ. Ішкі қобалжуды, шаршағандықты басуға, өзіңді бос ұстауға көмектесетін жаттығуларды күн сайын орындаудың да маңызы зор.
Емтиханға дайындалған кезде көзге көп жүк түседі. Егер кітаптан көз алмай отырғанда жанарың талса не істеу керек? Көз шаршаса, бүкіл ағза шаршады деген сөз: оның емтихан тапсырмаларын орындауға күші жетпейді. Сол себептен көзге демалыс беру керек. Төмендегі жаттығулардың кез келген екеуін орындаса жетіп жатыр: кезек-кезек жоғары-төмен (25 секунд), оңға-солға (15 секунд) қарау; көзіңмен өзіңнің тегіңді, атыңды, әкеңнің атын жазу; қашықтағы затқа қарау (20 секунд), сосын көз алдыңдағы параққа бірінші оңнан солға қарай, сосын солдан оңға қарай шаршының, үшбұрыштың суретін салу. Міне, бұл жаттығулар көздің бұлшықеттерін шынықтырып, ерекше әсер етеді.
Күн тәртібін жоспарлау – игілікке жетудің төте жолы. Сол үшін күніңді үшке бөліп, емтиханға күніне 8 сағат дайындал. Одан бөлек спортпен шұғылданып, таза ауада демалып, көңіліңді көтеріп билеп алуға да болады. Ми қалыпты жұмыс істеу үшін кем дегенде 8 сағат ұйықтау қажет. Егер қажет деп санасаң түскі астан кейін өзіңе үзіліс жасап, аздап ұйықтап алғанның да пайдасы бар.
«Ас адамның арқауы» дейді бабаларымыз. Күніне 3-4 рет тамақтану қажет; тамақ нәрлі және дәрумендерге бай болсын. Грек жаңғағын, сүт өнімдерін, балық, ет, көкөніс-жеміс, шоколад же. Тағы бір кеңес: емтихан алдында аса тойып тамақтанба.
Сынаққа дайындалатын орын да аса маңызды. Өзіңнің жұмыс орныңды дайындап ал. Үстелге сары немесе күлгін түстегі заттар немесе сурет қой. Өйткені, бұл түстер зияткерлік белсенділікті оятады.
«Қайталау білімінің анасы» дейді. Көп дүниені есте сақтау үшін материалды сұрақ бойынша қайталау қажет. Басында есіңе түсіріп, бар білгеніңді қысқаша жазып отыру қажет. Содан кейін ғана даталардың, негізгі оқиғалардың дұрыстығын тексеруге болады. Оқулықты оқып отырғанда басты, өзекті ойларды түртіп отыру – бұл жауаптың негізгі тармақтары болмақ. Кішкентай парақтарға әр сұраққа жауаптың қысқаша жоспарын құрастырып үйрену өз бетіңше жұмыс істеуге машықтандырады. Ертең емтиханға барамын деген күні жауаптың қысқаша жоспарлары бар парақтарыңды бір қарап шыққаның пайдасы мол.
Ойды, ойлау қабілетін қалай дамытуға болады.
1. Ақылды болғың келсе – ұғынықты сұрақ қоюға, бар зейінмен тыңдауға, байыппен жауап беруге және айтар ештеңең болмаса үндемеуге үйрен.
2. Оймен жұмыс істемей білім алуға болмайтындай, бірақ білім болмай ой да болмайды.
3. Ойлау қабілетін дамыту дегеніміз – өз ақылыңды біліммен қуаттау. Білім көзі әртүрлі болуы мүмкін: мектеп, кітаптар, теледидар, адамдар. Олар заттар мен құбылыстар туралы, адамдар туралы ақпарат береді.
4. Ойлау сұрақтан басталады. Барлық жаңа өнертабыстар «Неге?» және «Қалай?» деген сұрақтардың арқасында ашылған. Сұрақ қоюға және оған жауап іздеп үйрену керек.
5. Дайын стандартты шешімдердің көмегімен қажетті нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда ойлау қабілеті «іске кіріседі». Сондықтан ойлауды дамыту үшін затты немесе құбылысты әр қырынан көре білу, әдеттегіден жаңаның ізін байқау қабілетін қалыптастыру маңызды.
6. Заттың немесе құбылыстың әртүрлі қасиеттерін байқау, оларды өзара салыстыра білу қабілеті – ойлаудың қасиеті.
7. Адам объектінің белгілерін, қырларын қаншалықты көп байқаса, оның ойлау қабілеті соншалықты икемді және дамыған болады. Бұл қасиетті зеректікке арналған ойындармен, логикалық тапсырмалар мен басқатырғыштарды шешу арқылы жаттықтыру қажет.
8. Ойлау мен сөйлеу біртұтас. Ойлауды дамытудың басты шарттарының бірі – оқығанды еркін баяндап беру, пікірталасқа қатысу, жазба тілді белсенді пайдалану, өзің де толық түсінбеген нәрсені басқаға айтып беру.
Есте сақтаудың кейбір заңдылықтары:
1. Есте сақтау қиындығы оның көлеміне кері пропорционалды өседі. Қысқа сөзден гөрі үлкен үзіндіні жаттау анағұрлым пайдалы.
2. Бірдей жұмыс кезінде есте сақталатынның саны қаншалықты көп болса, түсіну деңгейі соншалықты жоғары болмақ.
3. Назар аударып (концентрированно) жаттағаннан бөліп жаттаған жақсы. Қатарынан жаттай бергенше үзілістермен жаттаған, бәрін бірден жаттағаннан аздап жаттаған жақсы.
4. Қайта-қайта жай оқи бергеннен ойша қайталаған анағұрлым тиімді.
5. Егер үлкен және кішкентай екі материалмен жұмыс істесең, үлкеннен бастаған дұрыс.
6. Ұйықтап жатқан адам жаттамайды, бірақ ұмытпайды да.
Жұмысқа қабілеттілікті қалпында ұстау
1. Ой және дене еңбегін кезектестіріп орындау
2. Гимнастикалық жаттығулардан кувырок, свеча, баста тұру сияқты жаттығулар пайдалы, өйткені ми жасушаларына қанның баруы күшейеді.
3. Көзіңді қорға, әрбір 20-30 минут сайын демалыс бер (көзіңді кітаптан алып, қашыққа қара).
4. Теледидар қарауды барынша шекте.
Ғылымға бірінші дағдылану керек дейді. Игілікті дүниеге дағдылану қашанда адамды үлкен жетістіктерге жетелейді. Сондықтан, жоғарыдағы кеңестерді білім алуға ұмтылған әрбір адам есте сақтау керек деп есептеймін. Себебі, еліміздің дамуы үшін бір адамның мықты болғаны жеткіліксіз. Мықтылар барлық салада болу қажет. Ал, олар бірлікпен, ынтымақпен іс қылатын болса еліміз қуатты мемлекетке айналады. Осы себепті әрбір талапкердің білім игеруде ыждахатты болғаны өзі үшін де, елі үшін де тиімді. Тұран ойпатында туып-өскен Әл-Фараби бабамыз: «тәрбие дегеніміз адамның бойына білімге негізделген ізгілік құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген нақыл сөз қалдырған. Ал, Аристотель: «білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деген. Сондықтан, білім болашағымыздың кепілі екенін үнемі естен шығармаған жөн.
Арайлым Серікқызы