Бекет Қарашин әдет-ғұрыпқа байланысты шұғыл заң қабылдауды ұсынды

3574
Adyrna.kz Telegram

Белгілі философ, ақын, тіл жанашыры Бекет Қарашин  қазіргі жағдайда "көңіл маңызды емес, аман қалу маңызды" деп, халықтық әдет-ғұрыпқа байланысты шұғыл заң қабылдауды ұсынды.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАҒЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫП пен САЛТ-ДӘСТҮР

Қазіргі пандемияның қаупі мен ауқымдылығы соншалық, сан ғасырлық халықтық әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді түбірімен қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Ең алдымен, барлығымыз үйлену тойы, марқұмды жерлеу, ас беру сияқты көп адам жиналатын шараларға байланысты салт-жоралғыға көзқарасымызды өзгертуге тура келеді. Бұл ретте үйлену тойы мен мерекелерді кейінге қалдыруға, тіпті тойламауға да болады, бұл түсінікті жайт. «Қауіп қайдан болса, қатер сонан» демекші, ең қауіптісі – қайтыс болған кісіге байланысты адамдардың көптеп жиналуы... Әлбетте, марқұмды о дүниеге шығарып салмау, оған ас бермеу – күнә екені рас. Бірақ, бір адамның соңынан басқаларды да ана дүниеге жөнелткеннен гөрі күнә жасау анағұрлым кешірімді емес пе! Марқұм болған адам қайтып келмейді, сол себепті өзгелердің де өмірін қатерге тігуге болмайды.
Алайда әдет-ғұрып пен салт-дәстүріміз адамдардың сана-сезіміне сіңгені сонша, олардың түсінігін өзгерту қиын. Сол себепті көпшілікті аман алып қалу үшін бұл процестер Заңмен реттелуі тиіс. Яғни жедел және шұғыл түрде Заң күшіне ие Президент Жарлығын шығару керек, оны парламенттің талқылауы қажет емес, себебі найқалып жүруге уақыт тар. Әзірше оны шартты түрде Жаппай ас беру мен жерлеуге тыйым салу туралы заң деп атайық.
Ең оңдысы, арнайы мемлекеттік немесе коммерциялық жерлеу қызметінің жұмысын жолға қою қажет, жерлеу кезінде олардың қасында қайтыс болған адамның ең жақын бір-екі туысы болса жетеді.
Сонымен бірге, жерлеу рәсіміне қатысуға тыйым салудың ғұрыптық жоралғылар жасаумен айналысатын діни қызметшілерге (молдалар, имамдар, поптар, т.б.) де қатысы бар. Өйткені олардың мұндай рәсімдерге жиі қатысуы олардың өзінің де, айналасындағы адамдардың да вирус жұқтыру қаупін ұлғайтады.
Осы тұрғыда, меніңше, осындай әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрді (тікелей жерлеуден басқа ғұрыптар, ас беру, т.с.с.) цифрлық технологиялардың жолына түсіріп, онлайн-режімде өткізуге болады және солай болуы тиіс те! Бүкіл әлем қазір қашықтан жұмыс істеп жатыр, бұны діни салт-жораларға қатысты қолдану да әбден лайық!!! Әсіресе, келешекте де болуы ықтимал індеттер жағдайында мұндай инновациялық тәсіл мен тәжірибе біртіндеп дүниежүзілік сипат алуы мүмкін.
Мен енді дін қайраткерлері тарапынан да, діндарлар тарапынан да, азаматтық қоғам мен билік өкілдері жағынан да жойқын шабуылға ұшырайтынымды біліп тұрмын. Бірақ менің осындай қатал әрі тым шетін, тіпті ғасырлық дәстүрді қиратушы сипаттағы ұстанымымның төркіні тым қарапайым әрі қисынды, өйткені ол отандастарымның, әлемдегі барлық адамның денсаулығына қамқорлықтан, даусыз дәлелден туып отыр.
Осы проблема жөнінде жедел шешім қабылдау қажеттігі мен мәселенің күрделілігін ескере отырып, мен заңгерлерді, блогерлерді, билік өкілдерін, дін қайраткерлерін осы ұсынысты дереу талқылауға шақырамын және бұл ақпаратты Президент Тоқаевқа жеткізуге көмектесуді сұраймын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер