Амангелді Кеңшілікұлы. Флобер мен Луиза

3196
Adyrna.kz Telegram

Құрметті достарым! Ойларыңызды әлемді әуре-сарсаңға салған жаман дерттен басқа жаққа аудару үшін "Флобердің серті мен дерті" атты көлемді еңбегімнің тағы бір үзігін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

ФЛОБЕР МЕН ЛУИЗА

Луизе Колемен екеуінің арасындағы махаббат драмасын әңгімелемес бұрын, ұмытпай тұрғанымда Флобердің тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберіп, жазушылық жолға түсірген бір маңызды оқиғаның тарихына қысқаша тоқтала кетейін.
1844 жылы ағасымен бірге Руанға келе жатқан түнде Гюстав кенеттен талып, құлап қалады. Сүт пісірім уақыттан кейін есін жиып, көзін ашып қараса үсті-басының бәрі қызылжоса қан. Бауырын үйге кіргізгеннен кейін дәрігер ағасының жаны қалмай, қолынан келген ем-домын істейді. Шарап ішіп, темекі шегіп, еті бар тамақ жеуіне тиым салады. Соған қарамастан ұстамалы ауруы бірнеше мәрте қозып, оның жаны жаман күйзеліп кетті.
Кездейсоқта тап болып, елді аң-таң қылған белгісіз дерттің шын себебін ешкім анықтай алмай қойды. Бұл не ауру өзі? Неге бұрын-соңды сырқат белгілері байқалмаған сап-сау жігіттің денсаулығы кенеттен сыр берді? Әлде бұл жан тыныштығын ойламай, салы суға кетіп, сарыуайымға салына бергендіктің нәтижесі ме? Мүмкін бақыт құсын қолына қондыра алмағандықтың залалы шығар? Материалдық игілікке аса қатты алаңдамайтын және қызықпайтын, бір басына жетерлік дәулеті бар жігіттің жүйкесін жұқартып, жанын кемірген не қайғы? Шынында да адам түсінбейтін ақылға симайтын – қызық жағдай.
Дәрігерлер түрлі болжам жасап, сан-алуан қырынан талқыласа да қауіпті дерттің нағыз себебін анықтай алмады. Көптің ішінде «бәлкім қояншық ауруы шығар», деп ойлағандар да жоқ емес.
Әдетте, мұндай жағдайда суреткердің туған-туыстарының айтқанына жүгінуге тура келеді. Неге екені белгісіз, Гюставтың немере қарындасы өз естеліктерінде бұл тақырыпты айналып өтіп, науқас ағасының дерті жөнінде бір сөз айтпапты. Әлде әлем мойындаған бауырының абырой-беделіне нұқсан келетінінен қауіптеніп, әдейі үндемеді ме? Француз классигінің о дүниеге өзімен бірге алып кеткен, анық-қанығына көзіміз жетпей тұрған ұстара сауалдарымыздың бірі осы.
Әрине, ұлы суреткер жөнінде жазылған мақалалардың, зерттеулердің, кітаптардың бәрін оқып тауысу әсте мүмкін емес. Күні бүгінге дейін француз классигінің шығармашылығын шемішкеше шағып, өмірбаянымен егжей-тегжейлі таныстырған еңбектердің есебі жоқ. Алайда, мамандығы дәрігер болғандықтан жазушы жөнінде жазылған телегей-теңіз дүниелердің ішінен Рене Дюменильдің кітабына ерекше назарымыз ауды. Оның айтуынша, Флобер бала күнінен долылықты қоздыратын қояншық дертіне шалдыққан.
«Дерт – көп, денсаулық – біреу». Бір басына жазушылықтың азабы аз уайым әкелгендей, енді оған денсаулықтың дерті қосылды. Дәрі-дәрмекке тәуелді болып, оны уыстап ішемін деген ой Флобердің өңі түгіл, үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін. Амал нешік, басқа түскеннен кейін пешенеңе жазылған тағдырыңның әміріне көнбеске айлаң кәне?
Туған-туыстары жанын күтпейтін, шығармашылықтан басқа ештеңені де ойламайтын Флобердің қиын жағдайға ұшырауы мүмкін екенін, іштерінен сезіп жүрген-тұғын. Моппасанның айтуына қарағанда, бала кезінен--ақ Флобердің денсаулығы аса жақсы болмаған. Ұлының өміріне алаңдаған әкесі жаны сергіп қайту үшін, қасына дәрігер қосып, оны саяхаттап қайтуға жібергені белгілі. Дәулеті тасып бара жатса да шет аймақта өмір сүретін байлардың бәрі де шетінен тиын-тебен санап қалған сараңдар. Сондықтан да емтиханды жақсы тапсырғаны үшін ғана әкесінің жүрегі елжіреп, ұлын ел көріп, жер көріп, көңілін сергітіп қайтуға жібергеніне сену қиын.
Ұмытпасаңыз, жастық шағында француз классигінің көңіл-күйі болмай, сарыуайымға жиі салына беретін жігіт болып өскенін бұдан бұрын айтқанбыз. Гюставтың жаны жабырқап, көңілі құлазып, торығушылыққа жиі-жиі ұшырай беруінің басты себебі денсаулығына байланысты еді.
Түндегі оқиғадан кейін қауіпті дертінің асқынып кеткеніне көзі жеткен Флобер жақсы табыс әкелгенімен, денсаулығы көтермейтін заң саласындағы жұмысын біржола тастап, енді тек жазушылықпен ғана айналысуға белін бекем буды. Бірақ, сөз өнерінің азабы мен дертінің қаншалықты ауыр болып, қалай қиналатынын ол білген жоқ. Дертінің қаншалықты қауіпті екеніне көзі жеткен ол үйленбеуді ұйғарып, көзі жұмылғанша өнерге адал қызмет етуге серт берді. Дүниенің басқа ләззаты оны қызықтырған жоқ.
1845 жылы Гюставтың әкесі өмірден өтті. Дүние саларының алдында ол Сена жағалауынан үлкен үй сатып алған еді. Болашақ жазушының ендігі қалған өмірінің бәрі осы жерде өтті. Үйдің бірінші қабатында Флобердің шығармашылықпен айналысатын ат шаптырым бөлмесі болды. Жаңа қонысқа көшіп келе салысымен «талант дегеніміздің төзімділік пен табандылық» екеніне мойынсұнған ол бойын да, ойын да, жүріс-тұрысын да қатаң тәртіпке бағындырды.
Тәртіп жоқ жерде шығармашылықта береке болмайды. Өнерде шабыттың құдіретіне ғана сену барып тұрған ақымақтық. Ұлы дүние туғызу үшін мұрныңнан қан кеткенше тыным таппай еңбектену керек.
Таңертең тұра салысымен Флобер түске дейін кітап оқыды. Сағат бірден бастап шығармасын жазуға отырып, түн ортасына шейін орындықтан құйрығын көтермей, күніне 12-14 сағаттан тапжылмай жұмыс істеді. Шығармашылықтың қызығына қатты берілген уақытта оның ешкімді көруге зауқы соқпады. -
Әкесінің өлімі аздай, бірнеше айдан кейін жалғыз қарындасы Каролина да кенеттен көз жұмды. Өнерден басқа құндылықты мойындамаған және сүймеген, жан-тәнімен оған берілген Флобердің тасжүректігі таң қалдырады. Қарындасы қайтыс болғанда бір туындысын бастап қойып, шығармашылық дерттің сиқыры оның бүкіл ерік-жігерін, ақыл-ойын билеп, сезімін жаулап алған-тұғын. Каролинаның қазасы туралы естелігінде, ол сол күні оны бір ойлардың жанына тыныштық бермей қайта-қайта мазалап қоштасу мен жерлеу рәсімінің аяқталып, жазу үстеліне тезірек жетуге асыққанын айтады.
Флобердің аса көп досы да болған жоқ. Өмірде араласқан ат төбеліндей азғантай достарын да ол өз мақсатына тиімді пайдалануға тырысып, қаламының сиясы әлі кеппеген жаңа шығармасын олармен бірге талқылауды үйреншікті әдетіне айналдырды. Пікірлеріне құлақ асып, шынайылығына күмән келтірсе шығармасын жыртып тастап, оны қайтадан жазып шығудан ерінбеді.
Негізінен оның жақсы араласқан үш досы болды. Біріншісі Альфред Лепутавеннің жасы жазушыдан біраз үлкен, екіншісі Максим дю Канмен ол жоғарғы оқу орнында жүргенде танысты. Үшіншісі Луи Буйле латын және француз тілдерінен сабақ беріп, нәпақасын тауып жүрген мұғалім. Үшеуі де әдебиетті жақсы көретін, ал, Луи Буйле кейде өлең де шығаратын.
Каролина қайтыс болғаннан кейін қарындасының мүсінін жасатуға тапсырыс беру үшін белгілі мүсінші Прадьеге жолығу үшін Флобер Парижге аттанды. Тағдыр дегенді қарасайшы. Атақты мүсіншінің шеберханасында ол Луизе Колемен танысып, уақыт өте келе ол әйел де жазушының шығармашылық қиялына шабыт берген музасына айналды.

(Жалғасы бар)

Пікірлер