"Қазақтан мықты дәрігер шықты-ау!" - дәрігер жазбасы жұртты жылатты

3119
Adyrna.kz Telegram
Адам өміріне араша болып, абзалдық ұстаныман айнымай қызмет етіп келе жатқан нейрохирург, қазақшыл дәрігер өз оқиғасымен бөлісті. Иненің көзіндей кішкене "тіршілік талшықтарын" тарқатып, көп жанның бетін бері қаратқан дәрігердің кәсібилігіне құрмет танытып жатқандар көп. Дегенмен дәрігер өзінің азаматтық өкінішін де ішіне бұғып қалмады. "Адырна" ұлттық порталы дәрігердің сәулелі сәттері мен ішкі қынжылысын баяндайды. 
“3 желтоқсан. Демалыс күні. Көпшіліктің жанұясына уақыт бөлетін күні. Біз болсақ, адамдардың өміріне арпалысудамыз. Таңертеңнен бір-екі шаруаларымды бітірген соң, түске таяған шақта, оңтүстік өңіріміздің беделді жазушысы Мархабат Байғұт ағамыздың жеті күндік асына қатысып, құран ішінде болдық. Содан үйге кіргенім сол еді телефоным шырылдады. Кезекші дәрігер, мидың тамыры бітеліп, инсультпен түскен науқас жөнінде баяндады. Басталған уақытынан 1 сағат өткен екен, сол жақ қол-аяғы сал болып қалыпты. Миды құтқаруға үлгеріп жатырмыз.

Команданы жинап, отаға дайындасын деген тапсырма беріп, жұмысқа жинала бастадым. Отаға алдық. Отамыз сәтті өтті, мидың тамыры ашылды. Науқастың істемей тұрған қол-аяғы ота үстелінің үстінде қалыпқа келді. Шықсам туыстары тұр екен. Жағдайдың барлығын ашып айттым. Қуанып қалды.
Сол мезетте телефоным қайта шырылдады. Кезекші дәрігер миға қан құйылумен науқас түсіп жатыр деді. Астына түсіп томографияда жасалған суреттерді қарап шығып, аневризмасы жыртылған деген болжамға келдік. Отаға дайындаңыздар дедім.
Туыстарына мән-жайды түсіндіріп, науқасты отаға алдық. Науқаста ойлағанымыздай ақ аневризмасы жыртылып кеткен екен, бірақ одан да бөлек артериовенозды-мальформациясы бар екен. Бұл ақау мида қалыпты жағдайда кездеспейтін шимақталған тамырлардың ақауы, аневризманың пайда болуының себебі де содан болса керек. Ота сәтті өтті. Жыртылған аневризмасын жауып тастадық. Туыстары қуанып қалды.
Бірақ өмірде барлық ота ойлағандай сәтті өтпейді. Кейде бізге байланысы жоқ асқынулар да болып жатады. Ондай кезде науқастардың туыстары үшін сен жек көрінішті боласың.
Түсінетіні бар, түсінбейтіні бар. Кәсібіміздің бар қиындығын сол мезетте түсінесің. Жүрегің қынжылып тұрса да, туыстары қарғыс айтып жатады. Амал қанша, өмірде ондай мезеттер сирек те болса, өкінішке қарай, болып тұрады”.
Дәрігердің өзі баяндаған оқиғаны оқып, жүрегі елжіреп жатқан жандар көп:
"Бәрекелді, қазақтан мықты дәрігерлер шықты", "Оңай емес. Білікті, мықты Қазақтар жасай берсін!",  "Адам жанына араша түсер ақ халатты абзал жандар аман болсын!",  "Бауырымның басына амандық тілеймін!", - деп жазды қалың көпшілік.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер