Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ. 33 қыркүйек

5610
Adyrna.kz Telegram

Тар көшені бойлай орналасқан сыраханалар жұмыс күндері мәз-мейрам тойдан бос тұратын. Сенбі мен жексенбіде іші адамға лық толы болып, көк бұйра темекі түтіні мен сыраның ашқылтым исі аңқитын. Сыраханаға жұмыс күндері болса да қолым қалт еткенде бас сұғамын. Сырасы үшін емес, қуырылған балығы ұнайтын. 

  Аптаның екінші күні сыраханалардың біріне кіріп, қуырылған балық пен бір стакан суға тапсырыс беріп отыра бергенімде есік маңдайшасындағы қоңырауды сылдыр еткізіп ішке орта жастағы ер адам кірді. Киім ілгішке қолшатырын сабынан ілді де, цилиндр қалпағын шешіп, қайыра тараған шашын бір сипап өтіп менің қасыма келді. 

 - Бос па? - деп қасымда тұрған орындықты нұсқады.

  - Ала беріңіз,- дедім.

  - Алмаймын, осы орынға отырайын рұқсат болса,- деді де рұқсатымды алмастан жайғасып алды.

  - Айтатын әңгімеңіз болса қарсы орынға жайғасқаныңыз жақсы болар еді,- дедім жылы жүзді кісінің әңгімесіне қызыққан адамдай кейіп көрсетіп. 

  - Қатып кетер еді,- деді де, жылдам қарсы орынға ауысып алды. Қоңыр көзді момын кісі менің ескі танысымдай адалдық ұшқыны бар кейпі бұрыннан таныс секілді көрінді. Жұқа пальтосының ішкі қалтасынан ортасынан бір бүктеле жиналған газетті суырып алды да үстел үстіне тастады. Газеттің басқы бетіне біраз үңіліп отырды да:

  - Даяшы, тапсырыс берейін, маған келесіз бе?- деді. Даяшы келген соң бейтаныс дастархандасым қуырылған балық пен бір стакан суға тапсырыс беріп, газетін оқуға қайта кірісті. Анықтап қарасам пальтосы да, ішінен киген пиджагі де, ақ жағалы жейдесі де таза болғанымен өткен ғасырдың киім үлгісі секілді көрінді. Соңғы жылдарда шыққан үлгілерге ұқсамайды. Үсті-басын тінте қарап отырғанымды байқаған ол:

  - Киіміме тесіле қарағаныңызды қалай түсінсем болады? Бұл өткен ғасырдың киім үлгісі. Үйлеспейді ме?- деді қоңыр көзі күлімсіреп. 

  - Жарасып-ақ тұр, керісінше таңқалып отырмын. Қай дүкеннен тауып алдыңыз, қызықтырып барады,- дедім оның көңіліне кірбің түсіргім келмей.

  - Әңгімені неден бастарымды білмеймін. 

  - Қалауыңыз білсін мистер.

  - Менің атым Стив,- деді оң қолын созып.

  - Қуаныштымын! Ұзақ әңгіме болса тіпті керемет болар еді мистер Стив,- деп оған жауап күткен адамдай қадала қарап отырдым. Ол әңгіме айтуға құлшыныспен кіріскендей қозғалып қойды да, үстелге тым жақындап ыңғайланды. 

  - Асығыс емессіз бе?- деді газетін бүктеп.

  - Бастай беріңіз,- дедім.

  - Олай болса тыңдаңыз, бірнеше ай бұрын ойымдағы іс әрекеттерді өңімде өз қолыммен жасап көрдім,- деп әңгімесін бастады.

  Күз мезгілінің алғашқы күндері жадау көңілдің жыртығын желге желбіретіп мәнсіз басталды. Жауынды түндердің бірінде тұйық көшедегі үйді тінтуге әріптесім екеуміз барғанбыз. Полицейлік құжатымызды қолымызға алып жарық жанып тұрған бөлмелерге кіргенімізбен үйде ешкім болмады. Әріптесім үй ішін, мен ауланы қарамақ болып келістік. Артқы ауланы айнала бергенімде әлдекімнің тастақ жерді тасырлата басқан аяқ дыбысын естідім. Қашқыннан көз жазып қалмауым үшін лезде аула алдына жүгіре жеткенімше, қақпадан кішкене бойлы бала шығып барады. Күдіктінің артынан ере жөнелдім. Өзінен үлкен қара күрте жамылған балақай тұйық көшені кесіп өтіп, қараңғы көшелердің қою тұңғиығына сіңіп кетті. Сұлбасын тұман арасынан жоғалтып алмай ере бердім. Бірнеше минут жүрген соң балақай қараңғы көшеде орналасқан сыйлықтар дүкеніне кіріп кетті. Күндіз бұл көшелермен қанша жүрсем де сыйлықтар дүкенің алғаш рет көрдім. Шыны есіктен дүкен ішіне көз жүгірткенімде жауынға су тартқан қара күртесін балақай сілки шешіп жатты. Аңғарғаным шамамен алты-жеті жасар қыз бала екен. Дүкенге кіре бергенімде ойыншықтар жинап отырған қарт дүкенші бұрылды да:

  - Не қалайсыз?- деді. Жүзі суық ақ бурыл шашты қарт менің келгенімді жақтырмағандай кейіп танытты.

  - Полицияданмын, лаңкестер жасырып жатқан үйдің ауласынан мына кішкентай қыз қашып шықты,- деп күдіктіні нұсқадым. - Соңына түскенімде осы дүкенге қашып тығылды, сіздің немереңіз бе?- дедім. Қарт көзілдірігін шешіп, үстел үстіндегі ойыншықтарды қорапқа салды да:

  - Изобелла, полицейдің айтып тұрғаны рас па?- деді. Бейкүнә жүзіне үрей табы орнаған қыз:

  - Достарыммен ойнап отырғанымда тұйық көшедегі аулаға жасырынған едім. Олар мені таппаған соң дүкенге қайтып келдім,- деді аптығын баса алмай.

  - Көрдіңіз бе, қыз ойын қуып жүріпті. Енді барыңыз,- деп дүкеншінің мазасы қашты. Қараңғы көшеден тұйық көшеге қиып өтіп қылмыс болған орынға келсем, үй босағасында әріптесім сұлқ түсіп жатыр. Тапаншасын қолына алып үлгергенімен оққа ұшыпты. Кеуде тұсына тисе керек босағаны қан жуыпты. Бөлімшеге қоңырау соғып қажетті мамандарды шақырдым. Зертханадан, бөлімшеден келген мамандар түні бойы мазамды алып, әріптесіңді жалғыз қалдырып қайда кеттің деген сұрақтарды жаудырды. Қылмысқа қатысымның жоқтығын дәлелдеу оңайға соқпады. Нәтиежесінде жазықсыз болсам да жоғарыдағы бастықсымақтар өз еркіңмен жұмыстан кет деп бұйрық берді. Мәселелер мен келеңсіз кедергілер полицейлік карьерамның тым сәтсіз басталуына себеп болды. Өкінішті...

  Полицей әңгімесін осылай сабақтай бергенде тапсырысымызда келді. Ол балықтан бір-екі кесім жеді де, судан ұрттап әңгімесін қайта жалғады.

  - Қыркүйек айының алғашқы аптасы еді,- деп маңдайынан көзіне дейін сырғыған терін бір сүртіп қояды. Бөлімшеге қарулы шабуыл деген қоңырау келіп түсті. Бір командамен оқиға орнына жедел жеткенімізде әріптесім оққа ұшқан тұйық көшеге тап болдық. Өткен аптада қылмыс болған үй қарсы бетте. Бірнеше полицей үйге кіріп кеткенде мен аула сыртында күзетке қалдым. Әлден уақытта қарсы беттегі үйдің ауласынан кішкентай қыз жүгіріп шықты да, қараңғы көшеге қиып өтетін жолмен жүгіре жөнелді. Еріп келемін. Сыйлықтар дүкеніне кіре бергенде мен де қыздың соңынан  шыны есікті сыңғырлата дүкенге бас сұқтым. Қыз суға малынған қара күртесін сілкіп орындығына жайғасып алды.

  - Мен полицейденмін, сіздің қызыңыз қылмыс болған орыннан осы дүкенге қарай қашты,- дедім ақ бурыл шашты қартқа. 

  - Изобелла, полицейдің айтқаны рас па?- деді.

  - Достарыммен ойнап жүргенде тапаншаның даусы шықты. Біз бытырай жан-жаққа қаштық. Мен аулаға жасырындым да, айнала тынышталған соң дүкенге қайтып келдім,- деді кішкентай күдікті. 

  - Естіп тұрмысың, ал енді ештеңе сатып алмасаң шық дүкеннен,- деп шал зекіп тастады. 

 Қараңғы көшені қиып өтіп қылмыс орнына келдім. Офицерлер мен детективтер жұмыстарымен айналысып жүріп менің келесі көшеге барып келгенімді аңғармады. Қанша күнімізді түнімізді сарп етсек те тұйық көшеде болған қарулы қақтығыс жабулы күйінде қалды. Қылмыскерлер табылғанымен жариялауға болмайды деген бұйрық келіп, журналистерге ешкім ұсталмады, тәртіп бұзушыларды таппадық деп ақпарат бердік. Қарулы қақтығыс ұйымдастырған прокурордың, заңгердің, қалталы шенеуніктердің ұлдары мен әумесер інілерін босатып жібердік. Біздің қаладағы заң ұрылардың кішісі мен жазықсыз ұсталған адамдар үшін ғана қуатты. Заң қатаң болғанымен біз көп жағдайда "ағасы" бар қылмыскерлердің қаныпезер істеріне көз жұма қарадық. Аяушылықтан емес, шарасыздықтан қолымыздан ештеңе келмей жоғарыдан келген бұйрыққа бағындық. Осы әрекеттің бәріне қатысқаннан кейін қызметіме, мамандығыма деген сенім мен сүйішпеншілік жоғалды. Әділдіктің ұранын шырқайтын полицеймін деп ойласам мен барып тұрған қылмыскер екенмін, алданыппын. Күннен күнге көшедегі адамды тонайтын ұры, әлсізге қылмыс жаба салатын озбыр болып барамын. Қалағанымызша заңды өзгерте салып, өз құқығын білмейтін халыққа қойға шапқан қасқырдай тидік, тонадық, айыппұл салдық. Есеңгіреткен жүйенің әділетсіз әрекеттерін көре тұра бұл қызметтен опа таппасымды біліп, өз еркіммен жұмыстан кетуім жөнінде арыз жазып тапсырдым. Жұмыстағы сылбырлығымның пайдасы тиді. Қайда барасың, не үшін деп қыстап жатпай бірнеше күнде босатты. 

  Елдегі қызметім сәтсіз басталып жұмыссыз күндерім меңіреу қалыпта жылжи берді. Ұзыннан ұзақ шөлде бір тамшы суға зар болған адасқан жандай мен де қаладан тарыдай мейірімге шөлдеп, жаныма жағатын бір жылылық күттім. Үміттің тәттілігін сезінбесем де келер күнге деген сенімнен жамандық көрмеймін деп ойлап, жігерімді қайрай түстім. Шөлде адасқан адамның қарсы алдынан құдық не көл шыға келуі мүмкін ғой. Менің де сенімім ізгі қасиеттерді бойыма қайта қайтара алсам, жақсылыққа кезігерімді білді. Ғажайып болса қызығы басым ал қиындығы жоқ деп санаппын. 

  Айдың соңғы күндері. Дәлірек қыркүйектің жиырма сегізі. Қаланы күңгірт қараңғылық басып сүреңсіз күздің әккі әдісі тоқтаусыз желмен шатырларды шайқайды. Елдегі қиындықтар, заңсыздық пен қызметтегі келеңсіздік мені шет елге кетуге мәжбүр етті. Қандай қиындық келсе де, менің шет мемлекетте жағдайым жақсарып, ішкі жалғыздық күйзелісімді арылтады  деп есептедім. Қалған өмірімді шаттыққа толы өткізу үшін Норвегияның Тромсе қаласын таңдап жолға дайындалдым. Өзіме есеп бергенде ар алдында ұяла алмадым. Отанды сатып барамын, қоғамнан қашып барамын деген ой мені мазалаған емес, себебі адам болғандықтан бақытты болуыма қақым да бар. Әуелі ұзақ уақыт ой қамауына қалуға тура келді. Ертеңгі күнге деген сенімсіздігім мен өмірге құштарлығымның арасында ой майданы болып, нәтиежесінде қайратымды күшейте түстім. Құламай аяққа тұру алдымдағы міндет деп санадым. Қордағы ақшам мен акцияларымды сатып қосқанда Тромсеге жетіп жұмысқа орналасқан уақытқа дейін жететін қаржыны құрады. Қоныс аудару туралы ойымды нықтағанда мені ертеңгі күнге адастырмай апаратын, адам қалпымнан айырмайтын сенім мен еңбек екенін ескердім. 

  Үйдегі ескі-құсқы заттарды қоқысқа тастап, керекті құралдар алу үшін дүкен араладым. Әдеттегі сапарға шығатын адамдай жайбырақат жүріп көшеде самсай тізілген тұрмыстық дүкендерге бірінен соң біріне кіріп шықтым. Қалаға, қоғамыма қайтып келмейтінімді ойласам кеудемді қуаныш кернеп, көңілім жадырап сала береді. Бар күнәмді тастап барамын. 

  Әуе билеттерін сататын орталыққа барып Норвегияға ұшаққа билет алдым. Бірінші қазанға бұйырыпты. Жүрегім атқақтап қуанғанымнан қол соға секірдім. Күздей сүреңсіз көңілім шуаққа малынған жайлаудай болып жайнап шыға келді. Көкірегімде ән шалқып, адам құқығын таптаудан тартынбайтын қоғамға алғаш рет күле қарадым. Мен азатпын.

  Жиырма тоғызыншы қыркүйекте құжаттарымды реттеп үйге кештеу келе жатқанымда, тұйық көшеге бір соққым келді. Қарсы орналасқан екі үйдің арасынан өте бергенімде кішкентай қыз Изобелланы тағы кездестірдім. Кеш қараңғысында жалғыз жүруге болмайтынын ескерткім келді де:

  - Сенің атың Изобелла ғой?- дедім.

  - Иә,- деді де, сыйлықтар дүкеніне бағыт алды. 

  - Кешкі уақытта жалғыз жүруге болмайтының білесің бе? Үлкен қала әрі тұйық көше саған қауіпті,- дедім де онымен қатарласа жүрдім.

  - Мен жалғыз емеспін,- деді.

  - Жалғызсың,- дедім. Даусымды жұмсарта күле сөйлеуге тырысып келемін. Кішкене қыздың қорқынышын сейілтіп сыйлықтар дүкеніне дейін шығарып салуды ойладым. 

  - Жалғыз емеспін, жанымда анам бар,- деді. Бастыра киген бас киімінің астынан сығалап.

  - Ал мен анаңды көріп тұрған жоқпын,- деп үрейлене тіл қаттым. Изобелла жанына бұрылып әлдекіммен сөйлескендей күбірлеп тұрды да:

  - Сіз мені неге құтқармадыңыз,- деп шағымдана сөйледі.

  - Кімнен?

  - Жарайды құтқармасаңыз да мына күнтізбені анам сізге сыйлағысы келеді,- деп күртесінің қалтасынан алақандай әрі тығыз қағаз алып шықты. Оның мөп-мөлдір жанары озбырлардан жапа шеккен бейкүнә жанның момын бейнесін көз алдыма әкелді. Кішкентай қыздың жүзі әлде біреуден үнемі қорқып тұратын үркек әдетті дағды қылып алғандай. Айналаға қарағыштап уайымның тұманында қалған секілді. 

  - Анаң маған көрінбей тұр, сен көріп тұрмысың?- дедім, қорқынышымды жасырғым келсе де даусымның дірілі басымырақ болып кетті. 

  - Сыйлығымды алмаса өмірі мәнсіз өтеді, қабыл алса жанын жегідей жеген бар қайғы қасіреттен құтылады, азат болады  деді анам,- деп қыз менің алақаныма күнтізбені ұстатты. Менің ойымдағы сан сұрақты дөп басқан қаршадай қызға таң қалып тұрғанымда оның көзден қалай ғайып болғанын байқамадым да. Алақандай күнтізбені алып үйге кірдім. Парақ қағаз күнтізбені керуетімнің жоғарғы жағында орналасқан тартпаның үстіне шамға тіреп тігінен орналастырдым. Өзім Тромседе күтіп тұрған ғажайыптарды ойлап, қиял құшағында тербеліп ұйқыға жаттым. 

  Осы тұсқа келгенде Стивтің әңгімесін бөліп жібердім.

  - Күнтізбе уайым-қайғыдан азат етті ме?- дедім.

  - Шешусіз қалған бар жұмбақты айқындап берді,- деп Стив әңгімесін жалғастырды. 

  Ұйқымнан сергек ояндым. Орнымнан тұра бергенде көзім күнтізбеге түсіп, бір парағын аудардым. Отызыншы қыркүйек деген қызыл түсті қос цифр шыға келді. Таңғы асқа отыра бергенімде қоңырау сыңғырлады. Салық комитетінен келген хат екенін біле тұра есік аштым. Қарсы алдымда жұқа күрте киген көзілдірікті орта жастағы ер адам тұр. 

  - Салық комитетінен инспекторсіз бе?- дедім қол беріп амандасып жатып. 

  - Мистер Стив?

  - Иә, дәл өзі.

  - Үйге кірсем қарсы емессіз бе?- деді күлімсірей.

  - Әрине, төрлетіңіз.

 Қонақ бөлмеге жайғасқан инспекторға кофе апарып бердім де:

  - Айта беріңіз,- дедім.

  - Қызмет тарихыңызды білемін. Полицейлік жұмыстан өз еркіңізбен кеткеніңізді әріптестеріңіз айтқан болатын,- деп, кофеге ернін тигізді де үстелге қойды. 

  - Сәтсіз кезеңдер болғанымен менің енді жаңа өмірім басталғалы тұр. Полицей кезімді ойласам өкінген емеспін. Мен үшін маңызы жоқ,- дедім, өзімді еркін ұстап.

  - Жаңа өміріңіз сәттілікпен басталуына тілектеспін. Келген себебім сізгеқызмет ұсынғалы отырмын. Тұрмысыңызды түзейсіз, жақсы табыс табасыз, әрі өзіңіздің сүйікті ісіңіз. Қылмыс әлеміндегі шешусіз қалған жұмбақтардың жауабын табасыз,- деді.

  - Кешіріңіз, кешіктіңіз. Бірінші қазанда Тромсеге қоныс аударамын.

  - Бірінші қазан?- деді де селк-селк етіп күлді. 

  - Сізбен әзілдесіп отырған жоқпын,- деп шамданып қалдым.

  - Сандырақты қойыңыз мистер Стив. Мінекей, бұл менің телефон нөмірім және кеңсемнің мекен-жайы. Отыз екінші қыркүйек күні кеңсеме келіңіз,- деп нөмір жазылған есім хат қағазын үстелге қойды.

  - Отыз екінші қыркүйек? Бірінші қазан десеңіз де болар еді. Әзіліңіз күлкімді келтірмеді,- деп, оған салқынқандылық танытып, жаратпаған кейіппен шығарып салдым. 

  Сүйікті ісім қылмыс әлеміндегі шым-шытырық жұмбақты шешу болса да, Тромсеге қоныс аудару туралы ойымды өзгеріткен емеспін. Екі күннен соң күнделікті аударғанымда жасыл түсті отыз екі санын көрдім. Менімен жұмыс беруші емес Изобелланың сыйлығы да әзілдескен секілді. Жүк сөмкемді алып ұшақтың уақытына таяғанда әуежайға жеттім. Әуежайға кірген беттегі экран отыз екінші қыркүйек таңғы сағат онды көрсетіп тұр. Түсініксізі ұшақ кестесінде Норвегияға жолаушылар тасымалдайтын ұшақтың нөмірі көрсетілмепті. Тіркеушіге билетімді беріп:

  - Мен отыратын ұшақ кестеде жазылмапты,- дедім.

  - Билетіңізді тексерейін,- деп тіркеуші жол жүру құжатыма үңілді де, таңданысын жасырмай: - Сіздің ұшағыңыз алты жыл бұрын Норвегияға ұшып кеткен,- деп, терезені жаба салды. 

  - Мүмкін емес, билетті үш күн бұрын алдым,- деп терезені қаққыласам да жауап бермеді. Келесі терезедені тіркеушіге билетімді бергенім де:

  - Есіңіз ауысқан ба? Алты жыл бұрынғы билетті әкеліп бізбен ойнағыңыз келе ме? Бүгін отыз екінші қыркүйек,- деп айқайға басты. 

  Әуежайдан шыға таксиге отырып билет сатып алған кассаға тарттым. Үш күн бұрын маған билет сатқан қыздың орнында жуан қарынды еркек отыр. Алқынып бардым да:

  - Осы орындағы қыз қайда? Маған билет сатқан бойжеткен қайда?- дедім, демімді баса алмай. 

  - Мырза, тоқтаңыз. Қандай қыз? Бұл жерде жалғыз касса, менің жұмыс жасап жүргеніме алты жыл болды,- деді де, мелшие қарап отыра берді. Есім ауысқандай басымды қыса ұстап селкілдей бердім. 

  - Сізде бәрі жақсы ма?- деді кассадағы еркек.

  - Билетті көріңізші, пайдаға жарай ма?- дедім. 

  - Қане,- деп менің билетімді қарап шықты да: - Мұндай ескі билетті алғаш рет көріп тұрмын. Бірінші қазан дегені күлкілі екен. Мырза бүгін отыз екінші қыркүйек,- деп мені кассадан шығарып жіберді. 

  Көшені бойлай аяндап келемін. Кездескен адамның бәрі маған үрке қарайтындай, селк етіп шошына өтіп жатты. Үмітім күмәнға айналып, өзге әлемге түсіп кеткендей жалғызсырай бастадым. 

  - Мистер Стив?! Билеттің мерзімі өтіп кетті. Норвегияға жете алмадыңыз. Ал адамдар отыз екінші қыркүйекке ауысқанда сіз бірінші қазан деп ойладыңыз. Кейін не болды?- деп көкейімдегі сұрақты қойдым. Сыраханада екеумізден басқа жан қалмапты, еркін әңгімеге кірісіп кеттік.

  - Жұмыс беруші тастап кеткен қағазда жазулы мекен-жайға бет алдым,- деп әңгімесін жалғай түсті.

  Есімхаттағы нөмірге телефон соқтым. Жұмыс беруші тұтқаны бірден көтерді.

  - Мистер Стив?! Қоңырау соғатыныңызды білген едім, қайдасыз, көрісе аламыз ба?- деді.

  - Кеңсеңіздің алдында тұрмын,- дедім мең-зең күйде әрең тіл қатып. 

  Аз уақытта үстел басына екі шыны аяқ кофе әкелгеннен кейін жұмыс беруші сөйлей жөнелді.

  - Тұйық көшедегі елу сегізінші үй есіңізде ме?- деді жауапқа тартқалы отырған адамдай. 

  - Әрине, есімде,- дедім өзімді еркін ұстап. 

  - Қандай естеліктерімен есіңізде?- деді. Оның кофені сораптап отырғаны маған түк ұнамады. 

  - Әріптесім оққа ұшқан үй. Одан соң қарулы қақтығыс болған жер,- деп бар білгенімді айта бастадым. 

  - Тағы бір құпия жасырып тұрсыз, есіңізге түсіріп көрерсіз,- деді жайбырақат. Күтпеген сұраққа ашуым лезде келді де, қолымдағы стаканды үстелге сарт еткізіп тастадым.

  - Сіз жұмыс ұсынғалы отырсыз ба, мені тергеу үшін шақырдыңыз ба?- деп дауыс көтердім. Бірақ ол ұстамды қалпынан ауытқымастан сұрағын жалғастыра берді.

  - Алты жыл бұрын Норвегияға неліктен кетпек болдыңыз,- деді. 

  - Құдайым-ау, алты жыл бұрын емес, мен Норвегияға бүгін кетпек болды, тап бүгін. Билетімде қателік болып сапарыма кедергі жасады.

  - Жоқ, мүлде олай емес, ендеше мен баяндайын. Сіз осыдан алты жыл бұрын бірінші ұазанда Норвегияға аттанбақ болдыңыз. Ал бір күн бұрын отызыншы қыркүйекте тұйық көшенің елу сегізінші үйінде не болғанын білесіз. Есіңізге түсіріңіз, түнгі сағат он бірде қорғансыз жүкті әйелге қиянат жасап, буындырып өлтірдіңіз.

  - Тоқтат сандырағыңды!- деп айқай салдым. 

  - Жалғастырайын, жүкті әйелдің іштегі баласына қарамай қасақана өлтірдіңіз,- деді сабырлы қалпынан танбай. 

  - Мұндай айуандықты маған жаба салудың не керегі бар еді? Мен сіз ойлағандай қылмыскерге ұқсаймын ба? Қанішер деп есептесеңіз дәлелдер келтіріңіз,- деп ақылға салуға тырыстым. Жұмыс беруші дегенім тергеуші болып шығып мені қыспаққа алған сайын өзімді қылмыскер сезініп, маңдайымнан тер саулай бастады. Ол кінә артқан сайын бұлтарып шығатын жол таппай қинала түстім. Өткір көзі момындығымды пайдаланатын секілді, өңменімнен өтіп барады.

  - Иә, түнгі он бір... Қорлықпен өлтірдіңіз... Аямадыңыз... Ертесіне қашпақ ниетіңіз болды. Қылмыс орнын түні бойы сырттан бақылап байыз таппай жүргеніңізді көрдік. 

  - Сандырақ, сол сәтте неге құрықтамадың,- дедім. 

  - Ол қылмысқа көшеде сеңделіп жүрген нашақордың қатысы бар деп ұйғардық,- деп оқиғаны кеңірек аша түсті. Қанша ақталайын десем де тергеушінің суық жүзі мені кінәлап отырғандай.

  - Мені неліктен кінәлайсыз, қылмыскер табылған болса,- дедім. 

  - Сіз жабылған қылмысты қайта қозғап жараның бітеу аузын тырнадыңыз. Бүгін әуежайда сандырақтап алты жыл бұрынғы билетіңізді көрсетіп Норвегияға кетпек болғаныңызды арнайы өкілдер хабарлады.

  - Билетті бүгінгі күнге алған болатынмын. Әуежайдағылар мені есуасқа теліді. Кассадағы еркек те зекіп тастады. Көшедегі адамдар бүгінгі күн отыз екінші қыркүйек деуден басқа ештеңе айтпайды,- деп бар шындықты ақтардым. 

  - Ертең тағы осы мекен-жайға келіңіз. Қаладан кетемін деп ойламаңызда,- деді де, мені кеңседен шығарып жіберді. 

  Үйге келе жатып бүгінгі күннің қазан айына ауыспағанына таңданумен болдым. Алты жыл бұрынғы қылмысқа қатысың бар деп айыпталғанымды ойласам, көңілім сүреңсіз күздей құбылып, көңілсіздік басады. Бірінен соң бірі жоспарлы құрылған армандарым желге ұшты. Еуропа, Норвегия, азаматтық қоғам, бақытты өмір, бәрі бәрі елес күйінде жоғалды. Күйзеліс пен құлазу жігерімді бордай езді. Өткен күндерге деген мұнар сағыныш көз алдымда көлбеңдеп, суреттей кескінделе берді. Қандай мәнсіз болса да, әділетсіз болса да, қиянаты көп болса да полицей күндерімді алғаш рет аңсадым. Мені қылмыскер деп санағанда тұңғыш рет өзім жек көретін мамандығымды сағындым. Өткен күндер асыл қазынаға толы керуендей сырғып барады. Мен сол кезде бірінші рет сүйкімсіз мамандығымды сүйдім. 

  Бар кикілжің әлгі қарғыс атқыр күнтізбеде деп ойлап үйге жүгіре бастым. Қас қарайып төбет іңір төне бастаған уақыт еді. Қараңғылық басқан бөлменің жарығын жақтым да, күнтізбеге жармастым. Қоқыс шелегіне күнтізбені апарып оттықпен жағып жіберуге оқтала бергенімде, бөлме ішінен кішкене қыздың саңқ еткен даусы шықты.

  - Өртемеңіз мырза. Күнтізбені өртесеңіз бар мүмкіндіктен айрылып өзіңізді ақтай алмайсыз,- деді. Оттықты тастай салып дауыс шыққан жаққа бұрылғанымда керуертте отырған Изобелланы көрдім. Қара күртесін жамылған қыздың жүзі суық, үрейлі көрінді. 

  - Сен қайдан жүрсің, үйіме қалай кірдің?- дедім, қол-аяғым қалшылдап.

  - Күнтізбені өртемеңіз, өзіңізді құтқарыңыз. Сіз ұылмыскер емессіз, мен білемін,- деді қаршадай қыз.

  - Мен қылмыскер емеспін. Сол түн есімде болмағанымен мен ешқандай әйелге тиіскен емеспін,- деп кішкентай қыздың алдында қалай жылап жібергенімді білмей қалдым. 

  - Анамды буындырып өлтіргенде мен оның құрсағында едім,- деді Изобелла маған тік қарап. Сенер сенбесімді білмей тілім күрметілді. 

 - Күнтізбені не үшін бердің?- дегеннен басқа аузыма сөз түспеді. 

  - Анам екеумізді өлтірген қылмыскерді сіз ғана табасыз, сіз ғана оны көре аласыз. Сондықтан да анам күнтізбені сізге сыйлады,- деді орнынан қозғалмаған қалпы.

  - Жоқ, Изобелла, сен өлген болсаң мына күйің шынайы емес, өлгендер менің көзіме көрінуі мүмкін емес,-деп көзімді тарс жұмып алдым. 

  - Күнтізбені дәл қазір отызыншы қыркүйекке аударыңыз да тұйық көшедегі елу сегізінші үйге барыңыз. Есіңізге сақтаңыз " қоңыр бұта жасыл жапырақ жамылып, малынып нұр сәулеге. Қоңыр күзді ұмытар, тек мәңгілік көктем орнап бар тіршілік көгерер, бар тіршілік бүр жарар"- деп Изобелла көзден ғайып болды. Бірнеше секундта өзіме келіп, күртемді қолыма алдым да көшеге жүгіріп шықтым. Күнтізбені отызыншы қыркүйекке ауыстыра бергенде жаңа дүкендер, жаңа ғимараттар алты жыл бұрынғы ескі қалпына түсіп шыға келді. Мен алты жыл бұрынғы уақытқа түскенімді сездім. Таңқалғанымнан айқайлап жібердім. Маңымдағы адамдардың біреуі де менің даусымды естіме де, мені көрмеді де. Назар аудармастан өз тірлік соқпақтарымен кете берді. Тұйық көшедегі елу сегізінші үйдің ауласына кіріп үй тұтқасын қанша бұрасам да есік ашылмады. Жарық жанып тұрған терезеге жүгірдім де үңіліп қарасам, жүкті әйелді қара бетперде киген біреу буындырып жатыр екен. Айқайға басып терезені қаққылап едім, құлағына да ілмеді. Менің бар екенімді байқамады. Амалсыз қылмыстың қалай жасалғанын қарап тұрудан басқа қолымнан ештеңе келмеді. Қара бетперделі еркек әйелді буындырған сайын іштегі нәрестесі бүлкілдеп ажалмен арпалысып жатқаны көрініп тұрды. Көз алдымда қос адамның ақырғы демі, жан тапсырғаны кино легіндей жүріп жатты. Көмейіме тас тығылғандай ауа өтпей өзімді жайсыз сезіндім. Арқамды қабырғаға тіреп терезеге тағы қарағанымда әйел жан тапсырған екен. Қимылсыз еденде жатыр. Қан ішер аулаға шыға келді. Ізіне түспек болып үйді айнала сыртқы қақпаға қарай бергенімде, кісі өлтіруші көшеден тәлтіректеген әлдекімді аулаға кіргізді де, өзі жоғарғы көшеге қарай жөнелді. Аулада тәлтіректеп ес жия алмай жүрген адамды нашақор екені есіме түскен соң аялдап тұрудың қажеті жоғын түсіндім.Дереу қанышердің ізіне түстім.Ол тұйық көшені қиып өтті де,Изобелла қашып тығылатын сыйлықтар дүкеніне кіріп кетті.Дүкеннің шыны есігінен ішке қарасам,кісі өлтіруші бетпердесін шешіп қалды.Оны көргенде көзім шарасынан шығардай болды.Ол айнаға қарады да ақ бурыл шашын ретке келтірді.Дүкенге кірдім де:

-Сен кісі өлтірушісің,-дедім.Ол менің кіргенімді көрмей,айтқанымды естімеді.Амалым таусылғаннан кейін,бар шындықтың куәсі болып үйге қайттым.

Жарық әлемде адам мен адамның бауырмалдылығы ғаламды одан әрі сұлуландыра түсері анық.Құндылықтар,ізгі қасиеттер адамзат арасына сүйіспеншіліктен басқа орнатары жоқ. Ал,қылмыс ше? Қылмыс қашан,неден пайда болды? Адам үшін қан төгудің қандай маңызы бар. Өмір сүру үшін біреуді өлтіру шарт па?Айуанға тән істер мен жағымсыз,сүйкімсіз қылықтарды адам баласы неге жасайды екен. Жүкті әйелді буындырып өлтіруге қандай жүректілік, қандай батылдық керек. Ол әрекеттерді батылдық,жүректілік дейміз бе?Жоқ, қанышерлік, айуандық деп бағалаған дұрыс болар. Дүние жаралар сәтте уаты есепсіз жарылыс болып, тіршілік пайда болғалы айуан мен айуан арасында тіршілік үшін күрес басталғанымен, адамдар арасында бірлесу, тату өмір сүру қалыптасқан жоқ па? Қанішерлік қайдан шықты? Кім ойлап тапты? Түні бойы осындай жауапсыз сұрақтарды өзіме қойып, көз алдымда болған қылмыстың елесінен арыла алмай, ішкі түйсігіммен арпалысып жаттым.

  Ертеңіне үстелдегі күнтізбеге қарасам, отыз үшінші қыркүйекиі көрсетіп тұр. Келесі айға ауыспайтын күндерге бойым үйрене бастады. Маған ай мен айдың күн мен күннің айырмашылығы жоқ секілді. Себебі барлық адамның өмірі біркелкі еді. Отыз үшінші қыркүйек болсын, мейлі үшінші қазан болсын, көршім сол баяғы жолымен сол баяғы таңнан кеш батқанша бел жазбастан жасайтын жұмысына кетіп бара жатты. Аялдамадағы адамдарға да күннің маңызы жоқ, күнделікті мінетін автобустарына отырып іңір қараңғылығына дейін жасайтын еш нәтиежесіз жұмыстарына асығып тұрды. Күн мен күннің ұқсастығы сондай көршінің иті де әдеттегідей ағаш түбін иіскелей жүріп шаруасын бітірді де, тілін салақтатып қоқыс жәшігіне асықты. Күнтізбемнің ерекшелігі байқала қоймады. Күні өзге демесең, адамдардың қимыл қозғалысы, тіршілігі өз қалпында. Айтылған уақытта есім xаттағы мекен жайға бардым. Тергеуші кеңсесінде отыр екен . Кешегі күнгідей маған тағы да айып артса, түнде көрген бар шындықты баяндап , сыйлықтар дүкеніндегі қылмыскерге ертіп баруды ұйғардым. Кеңсеге кіріп орналаса бергенде тергеуші екі кофе алдырды. Менімен амандасқан соң ұзақ телміріп қарап отырды да:

  -Я, мырза шаруаңызды айта беріңіз, екеуміз таныспыз ба?- деді.

  -Кеше ғана менен жауап алып бүгін қайтадан келіңіз деген болатынсыз, немесе әлде біреуге ұқсатып отырсыз ,-дедім.

  -Кешіріңіз мырза, бірақ кеше мен ешкімді жауапқа тартпаған едім, - деді, мені танымайтын кісідей кейіп танытып.

  -Жақсы онда, мен қаладан кете беремін,- дедім жауаптан құтылғаныма қуанып.

 - Қайда ?

- Норвегияға.

- Сізді біреуге ұқсатып тұрмын. Сірә , менің алдымда тергеуде болған шығарсыз , - деп есіне түсіре бастады .

- Иә , 58 - ші үй тұйық көше , жүкті әйелдің өліміне қатысың бар деп мені әбігерге түсіріп едіңіз , - дедім.

- Міне , міне дәл өзі . Керемет , қазір қайда жүрсіз , немен айналысасыз , әңгімеңді айта отыр , - деп кофесін ұрыттады .

- Қайда жүрсіз дейсіз бе ? Құдайым-ау, мырза, кеше ғана алдыңызда жауапқа тартылдым деймін . Отыз екінші қыркүйек күні , -деп мән жайды анық түсіндіре бастадым . Тергеуші кешегі күні емес бірнеше жыл бұрын көрген адамдай маған бажырая қарады да :

- Бірінші қазан күні , ия бірінші қазанда осыдан тура алты жыл бұрын сені күдікті ретінде ұстадық , - деді . Өзінің есте сақтау қабілетіне мәз болып қос қолын бір-біріне соқты .

- Түсінбедім . 

- Түсінбейтін несі бар , алты жыл бұрын елу сегізінші үйдің маңынан сені байқаған куәгерлер болып , күдікті деп санадық . Есіңде жоқ па ? -деді таңырқап .

- Есімде жоқ , мүмкін болса жалғастыра бересіз бе ? - дедім тергеушінің сөзіне құлақ түріп .

-Қылмысқа қатысты деп жауапқа тартқаныңызбен толық дәлел келтіре алмай , сол аулада жүрген нашақорға бар қылмысты жаба салдық . Бұл кісі өлімі жауапсыз қалған күрделі жұмбақ . Нашақордың оны өлтірмегені белгілі , Үй ішінде ізі де жоқ , сенің де ізің жоқ , сонда кім болғаны деп біз бас ауыртып та жатпадық , - деп өз тапқарлығына риза кейіп танытып , тіпті бұл қылмысқа қызықпайтынын да аңғартып қойды .

  Кеңседен шыға ой тұманына қамалдым . Кешегі түнде көргенімнің барлығы алты жыл бұрынғы көз алдымнан өткен бейне қайталау екен деген тұжырымға келдім . Түстей зулаған көріністердің арасында бір гәп бар екенін біліп едім , бірақ оны қайталап көрудің не үшін қажет болғанын түсіне алмай дал болдым . Бастысы тергеушінің кешегі қаһарынан құтылдым . Қылмысқа қатысым мүлде жоқ екен . Бір жағы қуанып енді өмірімді қайта бастауға шешім қабылдап , әуежай кассаларының біріне соқтым . Кассада отырған жуан қарын еркекке Норвегияға билет тауып беріңіз деп өтіндім .

- Бірінші қазанға бір орын бар , - деді .

- Аламын , -дедім де , құжатымды қолына ұстаттым . Компьютерге әлгі еркек ұзақ телміріп отырды да , маған тесіле қарап таң қалысын жасыра алмай : 

- Не? Сіз кімсіз? - деп орнынан қалшылдай түре келді . Оның селкілдегенінен үстел үстіндегі кеңсе заттары , компьютер де қозғалысқа түсті . Мен түк түсінбеген қалпымда : 

- Не болды сонша қорқып ? - дедім .

- Не көргенімді өзімде білмей тұрмын . Бірақ сіздің құжатыңыз базада жоқ , тіркеуден алынған.

  - Алынғаны қалай? Билет ала алмаймын ба?- деп ашуға булықтым. 

  - Сіз осыдан алты жыл бұрын отызыншы қыркүйекте қайтыс болғансыз. Әлде өлген адамның құжатын әкеліп менімен әзілдесіп тұрсыз ба?- деп өз-өзіне келе алмады. 

  - Өзімнің құжатым,- деп аты-жөнімді қайталадым да кассадан шығып кеттім. Шым-шытырық түсініксіз оқиғалар мен сұрақтар мені қараңғылыққа, құрдымға құлата берді. 

  Үйге кірген мезетте компьютерімді іске қосып, "GOOGLEден" аты-жөнімді теріп қарадым. Күттірмей укипедиядан бар мәлімет мониторға шықты. "Стив 1980 жыл 16- маусым, орта білімнен соң коледж, университет тамамдаған. Білікті заңгер, полицей. 2014 - жылдың 30- қыркүйегінде сыйлықтар дүкенінде оққа ұшып қаза тапты." Осындай ақпарат көз алдымда өз-өзімді тірілей жерге көмді. Мен алты жыл бойы өзімді тірімін деп есептеп келсем, мені құжат бойынша көміп те тастапты. Жүйкем сыр бергендіктен болар дегеніммен бәрі ақиқат секілді. Есеңгіреп отырып бар қазірет Изобелла сыйлаған күнтізбемен келді деп ойлап, күнтізбеден құтылуды жолын іздедім. 

 Мен шынымен википедияда көрсетілгендей өлген болсам ше ? Өлгеннен бергі өмірімнің бәрі өлім табалдырылдығындағы нәтижесіз әрекеттер ме ? Тірі , кеудесінде жаны бар адам болсам менің көзіме неліктен құрсақта шетінеген Изобелла көрінеді . Неге дәл сол күнгі қылмыс көз алдымда боямасыз көрініс табады . Расымен , мен өлік шығармын . Иә , мен өлікпін , тірі болсам мені адамдар елеуі керек еді , көріп даусымды естуі керек еді . Көрінген адамға жағы талғанша үретін көршінің иті мені байқаса үні өшеді де қалады . Үсті басыңды аяғына дейін тінте қарайтын аялдамадағы адамдар ше , неге мені көзге ілмейді ? Мен өлікпін ...Болашақұа үміт тұрмақ , өмір сәулесі санамнан өшті де қалды . Сізде мұндай күйзеліс осынша құлазу өміріңізде болып көрмеген шығар . Өзіңді өлікпін деп есептеу нағыз қасірет екенін сол күні ұқтым . Мен тірі адам емеспін .

  -Мистер Стив, кейін не болды?- дедім мен оның көңіл күйінің бұзылғанын байқап. Екі сыра алдырдым да суып қалған балықты алдымнан ысырып тастадым. 

  - Жалғастыра берейін бе?- деді де сырадан бір-екі жұтым ішті.

  Мен тірі емеспін, мен тірі емеспін деп қайталай бердім. Отыз үшінші қыркүйек сағат он бір күйінде тоқтады да қалды. Қол сағатым да желідегі сағат тілшесі де он бірді көрсетіп жылжымады. Не болғаның түсінбей күртемді киіп көшеге шықтым. Аяғым ырқыма көнбей мені тұйық көшеге апарды. Елу сегізінші үйдің алдынан таныс адамды кезіктірдім. Мен оны толық танитын секілдімін. Қарсы ұшырасты да маған көз аудармастан аула ішіне кірді. Тым жақын танысымдай, қасымда жүрген жандай. Аулаға соңынан кірдім де терезеге қарап тұрған танысымның жүзіне анықтап қарасам, құдайым-ау, ол өзім екенмін. Отызыншы қыркүйек күні түнде осы үйде болған оқиғаны шарасыз қарап шыққан өзімді көріп тұрмын. Оны барып түртпек болдым да ойымнан лезде айнып қалдым. Оған қарасам терезеге телмірген күйі жанын қоярға жер таппай қиналысқа түскенін аңғарамын. Тағы да шым-шытырық оқиғалар басталып, өң мен түстің арасында сеңделдім. Әлден уақытта үйден қара бетперде киген адам шықты да, теңселген нашақорды аула ішіне кіргізді. Өзі тұйық көшеден аулақ жоғарғы көшеге қарай асыға адым басады. Отызыншы қыркүйек күнгі бейнем қара бетперделі кісінің ізіне түсті. Екінші бейнем мен кісі өлтірушінің соңдарынан мен де келемін. Көп ұзамай бетперделі сыйлықтар дүкеніне кірді де, бейнем сыртта қалды. Менің ұға алмағаным қай болмысым, қай бейнем шынайы, қайсысы елес екендігі. Үш күн бұрын сыртта қалған бейнемнің санасымен ойлана алғаныммен, бүгін оның не істегелі тұрғанынан бейхабармын. Сыртта қалған бейнем сыйлықтар дүкенінің есігін аша бергенде мен де жүгіре басып шыны есікке қарап қалдым. Бетпердесін шешкен ақ бурыл шашты шал менің бейнеммен бірнеше минут сөйлесті де, күртесінің ішкі қалтасынан қару алып шықты. Жанжал ушығып барады, бейнем оны әлденеге кінәлағандай сұқ саусағын шошайта терісіне сыймай ашуланды. Ақ шашты шал болса өзінің шарасыз екенін түсіндіре алмай дал болуда. Шыдамы таусылған мезетте шал қару қолдануға мәжбүр болып ,менің екінші бейнеме бірнеше мәрте оқ атты. Тапаншадан ұшқан оқ оны екі бүктеп түсірді. Шал өлікті сүйрей дүкеннің екінші бөлігіне өтіп кетті. Өлгеніме көзім анық жетті. Сыйлықтар дүкеніне шалдың ізіне түскен менің шынайы бейнем, ал сыртта мән-жайды бақылаған елесім. Шынымен мен оққа ұшып қаза болыппын. Тірі адамдар бірінші қазанға ауысқанда мен отыз екінші, отыз үшінші қыркүйек деп жарық дүниені тастап кетуге қимай жерде қалыппын. Өмірді аяқтаған рухпын ба, елеспін бе, өзімнің кім екенімді білмей тұйық көшеге тағы тірелдім. Елу сегізінші үйдің жанынан өтіп бара жатқанымда әлдебір әуенді құлағым шалды. Әуен бойға еніп үрей мен мазасыздықты қыздыра түсті. Жаным қатты қиналып сол түні көз жұмған әйелді, оның ішінде шетінеген Изобелланы көрдім. Қараңғы ауладағы әткеншекте тербеле ән салып отырған әйел, жанында секіре билеп ойнап жүрген қызына қуанышты жүзбен қарайды. Әйелдің иығына төгілген шашы бұл әлемнің адамы емес екендігін көрсетіп тұрғандай, тым үрейлі. Мұңсыз қамсыз бәрінен азат рухтың иесіндей. Мен оларға жақын барып сөйлескім келді. 

  - Қоңыр бұта, жасыл жапырақ, малынып нұр сәулеге,- дей бергенімде әлгі әйел:

  - Қоңыр күзді ұмытар, тек мәңгілік көктем орнап, бар тіршілік жаңарар, бар тіршілік бүр жарар,- деп, орнынан тұрып қолын соза маған қарай жақындай түсті. Изобелла болса күлімсірей әнді жалғастыра шырқады.

  - Сен кімсің, менің әнімді қайдан білесің?- дедім әйелге.

  - Стив, бұл біздің әніміз, екеуміздің әніміз. Ұмытқаның ба?- деп жақындай берді. 

  - Менің танысымсың ба?- дедім, есіме ештеңе түспей.

  - Стив, бізді неге құтқармадың? Сол түні неге кешіктің? Кешікпегеніңде біз мәңгі осы әнді шырқап өтер едік,- деп солқылдап жылап жіберді. 

  - Сен кімсің?- деп оның екі қолынан ұстап жүзіне үңілдім. 

  - Стив, бұл мен Мартамын, өзіңнің Мартаңмын, бізді неге құтқармадың?- деп еңкілдей түсті.

  - Жоқ, Марта, сен шынайы Марта емессің, елессің. Оны нашақор өлтірген,- деп Мартаны сілкілей бердім. Жанарымнан тоқтаусыз сырғыған жас бетімді жуып жатты.

  - Стив, дүниеге қыз әкелсем атын Изобелла қоямыз деген едік, сен қызымызды да құтқара алмадың. 

  - Міне, келдім ғой, енді бізді ешкім де екіге бөле алмайды. Жаныңдамын Марта,- деп оны құшағыма қыса жерге отыра кеттім. 

  Марта сол түні кешкі ас әзірлеп жұмыстан кеш қайтатын мені күтіп отырған болатын. Біз тату тәтті отбасы болып, тұйық көшедегі елу сегізінші үйде тұрдық. Отызыншы қыркүйекте жұмыстан кеш шығып үйге келгенімде Мартаның еденде жатқан жансыз денесін көрдім. Мен әйелім мен қызымнан айрылғаннан кейін өзімді өлдіге санап адам санатынан шығарылдым. Әр түн сайын қылмыскерді іздеп, қиялмен тауып алып, оның қолынан өзімнің де мерт болатынымды ойлай бердім. Аяғы осы оқиғаларға тап болып, ақ бурыл шашты шалдың қолынан оққа ұштым. 

   

  - Мистер Стив, сіз тірі адамсыз ба, әлде өзіңіздің айтқандай елессіз бе?- деп тоқтаусыз күлдім. Сырахананың іші жаңғырыққа толып, менің даусымнан у-шу болды. 

  - Өзің кім деп есептейсің? Мен солай болайын. Қалаған уақытымда қалаған жеріме барып келе аламын. Мендегі ерекшелік осы болғанымен жаным күйзелістен жай таппады,- деді менімен дәмдес болған Стив.

  - Одан әрі жалғастырыңыз мистер Стив,- дедім әңгімеге құныға түсіп. 

  - Менің тірілгім келмеді,- деп қайта жалғады. 

  Мартаның әні құлағымда жаңғырып бойымды шалғай жаққа әкетіп бара жатқандай. Тарс жұмған көзімді ашсам, ауладағы мүсінді құшақтап отырғанымды көрдім. Бос тербелген әткеншек шиық-шиық етіп, босаған бұрандаларының даусы жүйкеме тиді. Изобелла да көзден ғайып болды. Өлім мен жарық әлемнің арасында жүргенімді сезіп, екі әлемнің біріне өтуді ойладым. Мені қос әлемнің қос мекендісі еткен тағдырға өкпе-реніш артпадым. Тағдырға жала жапқаннан қолымнан келгенше әрекет қылуды көздедім де, жазмышыма не жазғанын білу үшін қалтамнан күнтізбені тауып алдым да, бетін парақтап отызыншы қыркүйекке тіредім. Қол сағатымды көшеден түскен жарыққа тоссам түнгі сағат он бірді көрсетіп тұр. Аулаға қара бетперделі қылмыскер кіріп, үйдің есігіне жақындап барады. Бұл жолы бар күшімді жинадым да оған тап бердім. Күтпеген жерден шыға келгенімде бір сәт қозғалыссыз қалды да, көшеге қарай қаша жөнелді. Тірі екенімді сездім, оған көріндім, даусымды естірттім, мен тірі екенмін. Сыйлықтар дүкеніне қашып тығылған оның соңынан мен де кіріп бардым. Бет пердесін шешкен ақ бурыл шашты шал маған қару кезеп тұра қалды. 

  - Менің отбасымда қандай кегің бар еді, кәрі ит,- дедім ашулана тіл қатып.

  - Жазықсыз әйелің өлім құшқанша сенің өлгенің әлдеқайда жақсы,- деп тапаншасын нығарлай ұстады. 

  - Атсаң мені ат, кегің менде ме?

  - Менің ұлыма не істедіңдер? Оның жанын қалай алдыңдар? Айт, мен де сені солай жаһанамға аттандырайын,- деп түтігіп кетті. 

  - Сен мені өзге біреуге ұқсатып тұрсың,- дедім.

  - Жоқ сенсің, жазықсыз ұлыма айып артып ең ақырында бесінші қабаттан лақтырып жібердіңдер,- деп шалдың екі көзіне ызадан жас толды. 

  - Сабыр ет, мен сенің ұлыңды танымаймын да, менің отбасымнан аулақ жүр,- деп дүкеннен шығуға ыңғайлана бергенімде ол мені бірнеше рет атты. Бүктеліп түсіп көз алдым қарауытып болғанша күнтізбені алып отыз үшінші қыркүйекті ашып үлгердім. Тұйық көшеден жарақатсыз сау күйімде бір-ақ шықтым. Мен өлдім де тағы да елеске айналдым деп ойладым. Ендігі әрекеттерімнің бәрі маңызсыздығын біліп үміт үздім. Елеске үміттің, келер күннің, өмірдің, тіпті отбасынын не керегі бар? 

  Тірі адамдар жайында ойлансам, тұңғиық қара түнектен мені қылт еткен бір нәзік сәуле іздеп табардай көңілім жер беті тұрмақ ғарышты кезіп кетеді. Тіршіліктің ағымына ілескен адамдар ешкімнен мүлде жапа шекпейтін сыңайлы. Олар өмір сүруге дағдыланған, өте бейім, жігерленіп қайратына қайта міну деген түсінік жай адамдарда болмайды. Себебі олар сүрінбейді, сүрінбеген соң қайраттанудың не керегі бар? Тірі жандар ағаштың сарғайғаның, жапырақтың жерді жапқанын, күн бетін бұлт перделегенің, таңдағы мөп-мөлдір шықтың тазалығын, табиғаттың қайталанбас картиналарын неге көрмейді?  Көктемнен үміт күте суық желге шыдас беріп үйеңкіде ілінген соңғы жапырақ неге көкейлеріңе ой салмайды. Егер мен тірі болсам әлемнің құбылмалығы мен ішкі сырларына үңіліп өле-өлгенше таңқалып өтер едім. Өлмегенімде Марта мен Изобелланы бақытқа бөлеп, тамаша әке болатын шығармын. 

  Тірілер?! Ертелі-кеш жұмыстан бас алмайтын шарасыз бейбақтар. Сендерге өлілердің атынан жаным ашиды. Көретіндерің тас жол мен көше бойында орналасқан жылтырақ дүкендер ғана. Көзіңді биік үйлерден асырып жоғары қарасаң аспанды көрер едің. Аспан шексіз ғалам, бар қиялдың, арманның бастау бұлағы. Бізді шексіздікке , мәңгілікке қанат бітіріп самғататын да сол аспан. Кіршіксіздікті, тазалықты адамнан емес аспаннан үйрену парасаттылықтың шыңы шығар. Егер мен өлмегенімде күш жігерімді жинап мына қоғамды тастап кетер едім. Әлсіздердің жаны күштілердің тырнағында кететін ізгіліктің шамы өшкен қоғамнан безінер едім. Заңы әлсізге қысым көрсететін, қаруы бар қалаған асыл адамды, ардақтыны ата салатын , адалға қас болатын, білімдіні жек көретін қоғамды... Уа, тірілер, қалайша сүюге болады?!

  Өлі денемді ауладан кім алып кетеді деп күтіп жатқанда кенет орнымнан қозғалып көрсем бе деген ақырғы үміт санамды тілгілей өтті. Жатқан жерімнен тұруға ыңғайландым да, денем ауырсынбай орнымнан оңай көтерілдім. Аяққа нық тұрған соң ендігі әрекетім не болады дей бергенімде аулаға қара бетперделі қылмыскер келіп кірді. Одан кейінгі оқиғалар әдеттегідей өрбіді. Мені көрді де, тұра қашты. Дүкенге ізінен қуып барып кірдім. Атып тастайтынын білсем де үрейленбестен қылмыскерді қабырғаға соққылап құлаттым. Ол есін жиғанша ішкі қалтасынан қаруды суырып алдым. 

  - Отбасымнан аулақ жүр,- дедім қаруды кезеп.

  - Менің ұлымды сен өлтірдің,- деп ашуға булығып жатты. -Ұлымды ұрып соғып бесінші қабаттан лақтырып жібердіңдер.

  - Қайғыңа ортақпын, бірақ менің отбасымнан аулақ жүр, кегіңді менен даулама,- дедім де, қаруды үстел үстіне қалдырып дүкеннен шығып кеттім. 

  Алты жыл бұрын Мартадан айрылғаннан соң тұйық көшеден көшкен болатынмын. Үй, үйдегі заттар, фото суреттер өткен күндердің елесін көз алдыма әкеліп тыным бермейтін. Мен соңғы рет тұйық көшедегі үйіме бір соққым келді. Үй жанынан өте бергенде ән естілді. Кіргенімде жарық бөлмелер, сондай ыстық сезілді. Ән естілген бөлмеге кірсем, кешкі астын қамымен жүрген Мартаны көрдім. Бір қолында кофе демдеген құманы, бір қолында стакан. Оның жүзінде нұр ойнап, жанары жалын шашатындай. Сағынғанымды жасыра алмай көзіме кептелген ыстық жастың қалай аққанын байқамай да қалыппын. Ол да мені көрді.

  - Кешіктің Стив. Үнемі кешігесің де жүресің, тағы жұмысты сылтау қылмақсың,- деп ұрса жөнелді. Құрсағындағы нәрестеміз де өсіп, Мартаның іші үлкейе түсіпті. Мен қуаныштан күліп жібердім де:

  - Келдім Марта, енді кетпеймін,- дедім.

  - Стив, білесің бе? Сен алты жылға кешіктің, алты жылға,- деп кофені үстелге сарт еткізіп қойды. Мен бақыттан ұшып кете жаздап әрең тұрдым. 

  - Марта, бүгін сендерді кісі өлтірушіден қорғап қалдым,- дедім, ашуланып тұрған әйеліме. 

  - Алты жыл бұрын қорғауың керек еді, енді кеш, бәрі кеш,- деп көңіл күйімді түсіріп жіберді.

  - Қалайша, енді бәріміз де өлгенбіз бе, сен де, мен де, Изобелламыз да,- деп оған жақындай түстім. 

 Ол менің соңғы сұрағымды естімесе керек, лезде жүзіне шаттық үйірілді де:

  - Кел, кофеңді іш. Мен саған ән салып берейін,- деп кофені алдыма қойды да, өзі билей жүріп біздің әнімізді шырқады.

 " Қоңыр бұта, жасыл жапырақ,

 Малынып нұр сәулеге, қоңыр күзді ұмытар...

 Тек мәңгілік көктем орнап, бар тіршілік жаңарар...

 Бар тіршілік бүр жарар..."

 

  Ұйқымнан қоңыраудың сыңғыры оятты. Еріне басып есікті ашсам салық комитетінен қызметкер келіп тұр екен. Дайындап қойған қаржыны қолына ұстатып құжаттардың бір-екі парағына қол қойдым да:

  - Бүгін айдың нешесі ?- деп сұрадым.

  - Бірінші қазан мырза,- деді де, құжаттарды жинап кетіп қалды. 

 Билетімді, жол сөмкемді алып әуежайға барсам, ұшақтар кестесінде Норвегияға аттанатын ұшақ бар екен. Міне осылай Тромсеге де жеттім деп Стив әңгімесін аяқтады.

  - Керемет! Стив мырза, әңгімеңіз маған қатты ұнады,- дедім таңқалысымды жасырмай. 

  - Ұнайтының білгенмін, ал енді мына сыраханадан кетейік,- деп қалпағын киіп орнынан тұрды. 

  - Тоқтаңыз, күнтізбе қайда қалды Стив мырза?- деп сұрадым. Ол ішкі қалтасынан алақандай күнтізбені алып шықты да:

  - Саған сыйлаймын. Тірі кезіңде бағалай алмаған адамыңмен жолық. Күнтізбе саған мүмкіндік береді, шыдай біл, мықты бол,- деп сыраханадан шығып кетті.

  Көшеге шықсам Тромсе жастары солтүстік шұғыласын көру үшін қала шетіне асыға басып барады.

  Қолымдағы бір жапырақ күнтізбені қарасам 41- қаңтарды көрсетіп тұр.

Пікірлер