"Түркі жазуы күнін" халықаралық деңгейде ресми бекіту керек

4879
Adyrna.kz Telegram

«Төрүк жазуы» күнін ұрпақ санасына сіңіре білгеніміз жөн.

Мұндай бастама «қазақтың төлтума жазу мәдениеті, тарихы жоқ» деп байбалам салып, жалған беделқұмарлық популизммен ұпай жинауға әуес жауларымыздың арам ниетіне тосқауыл болады.

Сондай-ақ ғалымдар «ата жазуды игеру, зерделеген идеяны қолмен синхронды қағазға таңбалау үдерісі мидың жасуша нейрондарын оятып, ой қызметін жақсартады» дейді.

1893 жыл 25 қараша. Бұл – төрүк руника жазуының [пішігінің] жұмбақ сырын ашқан тарихи маңызды дата. Осы мәдени оқиғаға байланысты ҚР тұңғыш Президентінің «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларына орайластырып Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьерасы университеті (ректоры академик, профессор Сабри Хизметли мырза), Күлтегін ғылыми зерттеу институтының ұйытқы болуымен және «ҰЛЫ БОДУН» тарихы, мәдениеті мен дәстүрін зерттеу ұйымы өкілдері, зиялы қауым қатысқан ғылыми мәжіліс ұйымдастырып отыр.

Ғылыми жиынды жүргізетін төрүктанушы Аманқос Мектеп-тегі, бағдарламаны үйлестіруші тарихшы, тележурналист Арман Нұрмұханбетов, алфавит жүйесін кирилден араб, латын, руника таңбасына немесе керісінше жедел аударудың арнайы бағдарламасын түзген мамандығы физик Әнуар Ақдәулет, докторант Арман Әубәкір, ізденуші Нұрлан Наурызалиев, тағы басқалар ғалымдар ғылыми пікір, пайымдарын ортаға салады.

1893 жылы 25 қарашада Дат ғалымы Вильгельм Томсен Дания Ғылым Академиясының кезектен тыс мәжілісінде Монғолияның Орқұн өзені бойынан табылған тасбітікке бәдізделген жұмбақ жазудың құпиясын ашып, дешифровкасын жасады. Бір ғажабы, ғалымның мағынасын ажыратып, алғашқы анықтағаны      [Тәңірі], одан кейінгі      [Төрүк] сөзі екенінде тылсым сыр бардай әсер қалдырады. Ғылыми ортада «фин-угор», герман жазуы деп сан-саққа жүгіртіп, пікірталас туғызған даулы мәселеге Вильгельм Томсен нүкте қойды. Осы ашқан жаңалығы арқылы ол бір кеште әлемге әйгілі ғалым, танымал тұлғаға айналды. Вильгельм Томсен Күлтегінге қойылған тасбітік ұстынды оқу арқылы төрүк тілінің төлтума жазуы мен өркениетін  адамзат қоғамына жария етті.

Жазу өркениеттің белгісі. Жазуы бар халықпен жазуы жоқ халықтың арасы жер мен көктей. Өзіне тән жазуы бар ұлт – жасампаз, ал біреудің рухани игілігін пайдаланатындар масыл халық саналады. Демек, Вильгельм Томсен төрүктің жасампаздық қуатын дәлелдеді.

...Ендеше, дат ғалымы Вильгельм Томсеннің төрүктекті ұлт пен ұлыстың рухани-мәдени кеңістігіндегі орны айрықша елеулі.  Сондықтан елімізде ғалым атын ұрпақ санасында мәңгі сақтайтын іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін Вильгельм Томсен есімін лайықты ардақ тұтып, төрүк жазуының құпия сыр-сипатын шар тарапқа мәшһүр еткен 25 қараша күнін жыл сайын атап өту парызымыз. Егер төрүктекті ұлт республикаларында Вильгельм Томсеннің ғылыми ісін жалғастырып, жалпы білім беретін орта мектептен жоғары оқу орындарында руника жазуының қыр-сырын түсіндіретін оқулықтар мен оқу құралдары, түрлі әдістемелік технологиялар арқылы арнайы пән жүретін болса, болашақ ұрпақтың жазу үлгісін таңдауы мен қалауы ата жазуға ойысары сөзсіз ақиқат.

Осыған орай бағдарламаға енген руника жазуына машықтанған шәкірт буынның флешмоб акциясы – жас өскін ұрпақтың отаншылдық сана-сезімін түйсінтетін аса тиімді әдіс. Өйткені зерделеген идеяны қолмен синхронды қағазға таңбалау үдерісі мидың жасуша нейрондарын оятып, ой қызметін жақсартады. Ата жазуды игерудің нәтижесі – тарихтың бұралаң жолында тарыдай шашылған төрүктекті ұлт пен ұлыстың рухани бірігуіне, тұтас саяси күшке, әлеуметтік кемелденген озық мемлекеттігінің кепілі.

Сондықтан осы салада жүрген ғалымдар «25 қараша халықаралық «Төрүк жазуы күні» ретінде ресми бекітілсе» деген ұсынысты да алға тартып отыр.

 

25 қараша күні Шет тілдер және іскерлік карьерасы университетінде өтететін шара туралы толық ақпарат алу үшін:

Байланыс телефон: 8777 282 -80-54

Мекен-жайы: Алматы қаласы, Қазыбекби көшесі, 168 (Исаев көшесінің қиылысы).

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер