Қазақ киімдерінің арғы тегі

9603
Adyrna.kz Telegram

Қазақ киімдерінің арғы тегі сонау сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі дәуірлерінен сабақталады. Тарихи жазбаларға негізделсек, сонау Қола дәуірінің өзінде ақтардың малды қолға үйретіп, оны артыс, мініс көліктері ретінде айдаланумен бірге, терісінен киім жасап, етін, сүтін азық ретінде әртүрлі тұтыну бұйымдарын жасағандығы айтылады.

«Ханнаманың» 94-бума ғұнбаянында: «...Ел басыларынан тартып қарашаларына дейін ет жеп, теріден киім киеді, тон жамылып, киіз төсенеді...» делінген («Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», 432-бет).

Бірақ сол кездің өзінде-ақ бұлар тері өңдеп, киіз басып, осыдан өздеріне лайық киім дайындаумен бірге Батыс пен Шығыстың дамыған елдерінен әртүрлі бұйымдарды алдырып, оларды да пайдалана білген.

Соғыс, яки тарту немесе саудаласу арқылы олардың асыл заттарын алып, өзінің киім мәдениетін дамытып отырған. Біздің заманымыздан бұрынғы 174-жылы Хан әулеті ғұн тәңірқұтына жолдаған хатында «Тәңірқұты ақылгөй абыз, жаршы Жян арқылы айрықша сәлемдеме ретінде Көктің ұлы Кюге арналған торғын астарлы зер шапан, зер бешпет, қамқа тысты желбегей, алтын тарақ, алтын кісе, алтын тоға, 10 орам торқа, 20 орам қамқа, 40 орам қызыл батсайы, 40 орам көк торғын жібердім» делінген (бұл да сонда, 452-бет).

Қазақстан ғалымдары Кеген өзенінің бойындағы Ақтас қонысына жүргізген археологиялық қазындыларға жасаған зерттеуінде: «Үйсін отбасының тағамы – ет, сүт және түрлі өсімдіктер болған. Ерлер, әйелдер және балалар жүннен,
теріден және жібектен тігілген киімдер киген. Жібек және басқа бөтен ел бұйымдары не сауда арқылы әкелінген, не үйсін шонжарлары соғыс шапқыншылығы кезінде қолға түсірген», – деп жазған.

Одан берірек дәуірге оралар болсақ, тарихи естеліктерге VII ғасырдың бас шенінде өткен батыс түрік қағаны Ябғұның және оның төңірегіндегілердің киімі туралы будда монахы Шуанзаң былай деп жазады: «Қаған жасыл жібек желбегей киген, оның қасына ерген 200-дей тарханы бар. Олар қамқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаз - дары аң терісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сәйгүлік. Түйе, ат мінген адамның көптігінен көз сүрінеді...». Одан ары қағанның киіз үйі туралы айтқанда: «Оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті көз қаратпайды...» («Қазақстан тарихы», 1- том, 301-бет).

Міне, біздің ата-бабаларымыздың киімдері, киім мәдениеті бұрыннан, сонау арғы заманнан таяу жылдарға дейін өзінің сәнділігі, көркемдігі және жинақы, реттілігі жағынан сондай тамаша әрі көз сүріндірерлік дәрежеде сәнді болған. Мұны басқа ежелгі халықтардың шұбалаңдаған, сиықсыз, жалбажұлба киім үлгілерімен салыстырып көрсеңіз, әлдеқайда сәнді екенін, біздің қыздарымыздың желбірлі көйлегі, үкілі баскиімі көптеген елдердің осы заманғы сахна киіміне айналып бара жатқанын жұрттың бәрі де көріп-біліп отыр.

ҚАЗАҚ КИІМДЕРІНІҢ ТҮРЛЕРІ МЕН ЖАСАЛУЫ

Қазақ киімдері баскиім, белкиім, бұткиім, аяқкиім, т.б. түрлерге бөлінеді. Баскиімге – қалпақ, тымақ, тақия, шаршы (балалардың басына тартылатын шаршы шыт), сәукеле, кимешек-шылауыш, жаулық, салы, желек, т.б. кіреді. Белкиім қатарына қысқа тон, күрті, бешпет, күрмек, жейде, көйлек, кәзекей сияқтылар кіреді. Бұткиім тобына – шалбар, сым, дамбал, тізеқап, аяқкиімге саптама етік, етік, шақай, байпақ, мәсі, кебіс, кәлош, т.б. кіреді. Бұдан сырт қаптал шапан, қаптал ішік, қаптал тон, күпі, шекпен, қайырма жағалы шапан, желбегей, кебенек сияқты ірі тұрпатты киімдер «сырт киімдер» деп аталып, қалған жеңіл киімдер ішкиім тобына кіреді. Қазақ киімдері негізі қазақ даласының өзінен өндірілетін. Халық өзі жергілікті әдіспен дайындайтын аң терілерінен, мал терілерінен, мал жүнінен иірілген жіптерден, мал жүнінен басылған әр алуан киіздерден жасалып дайындалады. Ел ішінде әртүрлі үлгіде киім пішетін, оны мәнеріне келтіріп тіге алатын әрі әртүрлі өрнек салып кестелеп, тамаша ұлттық мәнер кіргізетін шеберлер болады. Кейін келе тоқыма бұйымдар дүниеге келді. Соған сай өрнекті тоқыма киімдер де тоқылатын болды. Әсіресе жібек кездемелер, жүннен тоқылған сан алуан шұғалар, мақтадан, кендірден тоқылған кездемелер пайда болған соң қазақ шеберлері осылардан пайдалана отырып, тері киімдерді сан құбылған кездемелермен тыстап, астарлап немесе сыздықтап ою-өрнек пен кестенің не алуан түрлерін дүниеге әкелді. Анығырақ айтқанда қала киімі мен дала киімін – осы екі түрлі үлгі, екі түрлі шикізатты пайдаланып әрі оларды шеберлікпен ұштастырып, киім үлгісінің жаңа формасын шығарды. Сол себепті қазақ сахарасында тымақтың, сәукеленің, тақияның, шапан мен ішіктің, бұткиім мен аяқкиімнің сан алуан түрі, сондай-ақ жергілікті халықтың салт-санасына үйлескен, солар ұнатып киетін жергілікті үлгідегі немесе рулық-тайпалық үлгідегі киімдер – қыпшақ тымақ, найман тымақ, керей тымақ, түлкі ішік, орман ішік, құндыз ішік, пұшпақ ішік, т.б. дала сәулетін арттырып, халық тұлғасын биіктетіп тұратын, көрген жанның көзін сүйсіндіретін нағыз ұлттық үлгідегі тамаша киімдер дүниеге келді.

Бұл күндері біздің ата-бабаларымыз әлдеқашан киіп, қызығын көріп болған сол қасқыр ішік, қабылан ішік, сілеусін ішіктерді қаланың қолы жеткен ұлықтары тапса киетін болып жүр.

Жазушы, этнограф, баспагер Зейнолла Сәніктің көп томдық еңбегінің 280-294 беттерінен алынды.

Мақаланың жалғасын оқу үшін сілтемені басыңыз.

Пікірлер