Хас шебер Қазым

3071
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың қанында бар қолөнер Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттiк университетi қабырғасында оқытушы Балзия Баешованың ұйымдастыруымен қол өнер шеберi, мүсiншi, Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi Қазым Аманқосовпен атаулы оқу орынның болашақ журналистерi кездесу өткiзген болатын. «Хас шебер қапаста отырып та ағаштан түйiн, топырақтан тас мүсiн тұрғыза алады» деген жазушы Мұхтар Мағауин. Ұстаның ұсталығын танытқан бiр туынды — «ортеке» аспабы. Домбыра ойналғанда, саусаққа iлiнген жiп арқылы ойнақтай билейтiн ағаш ортеке студенттердi қайран қалдырды. Желдiбаевтың «Ерке сылқым» күйiн шерткен ол ортекенi де орғыта билеттi. Темiрден түйiн түйген, ағаштан адырна иген, таспен тасты қашаған «сегiз қырлы, бiр сырлы» ағамызды кездесуден кейiн әңгiмеге тарттық.

- Бойыңызға бiткен өнер ата қанымен тараған ба, әлде жүре жетiлдi ме?

- Атам арба жасаушы шебер болған. Ол кiсi Түркiменстандағы «Большевик» деген ауылда тұрған деседi. Шеберлiгi сонша соғыс басталғанда «мұндай шебер ауылға қажет» деп әскерге жiберiлмептi. Ата-бабаларым әу баста Ақтөбе облысы аумағында көшiп-қонған. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық тұсында олар Түркiменстанға қарай қоныс аударыпты. Өзге қазақтардың басым бөлiгi Ауғанстан, Иран жерлерiне үдiре көшкендiгi көпшiлiкке аян. Атам дүние салғаннан кейiн әкем осы Таразға ат басын тiреген екен. Әкемiз қарапайым шаруа адамы. Ол аттың, ер-тоқымдарын жасай бiлетiн. Әкемнiң қолында атамның бiр қорап ағаш жонитын, темiр кесетiн, тағы басқа асай-мүсей, құрал-жабдықтары қалған-тұғын. Бәрiн балалықпен шашып алдым. Соны ұқыптап жинақтамағаныма әлi күнге өкiнем. Сосын, бұл өнер маған нағашы жұртымнан да қонуы ықтимал. Әжемдi көзiм көрдi. Ол кiсi Таразға келiп қайтыс болды. Көзiлдiрiк тағып алып, саусақтарын майыстырып, сырмақ тоқып отыратын. Бұл да көненiң көзi ретiнде заманның ағымынан кейiн қалып бара жатқан қастерлi iс. Бұрын техниканың дамымай тұрған уақытында кез келген қазақ өзiне қажеттiсiн өзi жасай бiлсе керек. Сондықтан қолөнер қай қазақтың болса да қанында бар.

- Қазiргi қызметiңiз не?

- Осы ТарГУ-дың мұражайында жұмыс жасаймын. Оқу орнының басшылығы маған университет ғимаратынан бiр бөлменi әзiрлеп, арнайы шеберхана ашып берiп отыр. — Бүгiнге дейiн қолыңыздан шыққан iрi туындыларды санамалап берсеңiз… — Менiң жасаған қылқобызымды Иманғали Тасмағамбетовтың анасы арнайы келiп алды. Ол кiсi маған өзi жазған «Тәрбиелiк туралы толғаныс» деген кiтабын сыйға тартты. Домбыраны жасаймын да, тартамын да. Ожау, торсық сынды дүниелер өз алдына. Шимен, қой жүнiмен сырмақ, кiлемдер тоқуды қолға алған кезiм де болды. Салған суреттерiм ұлттық тақырыптарды қаузайды. Студенттiк кезде дипломдық жұмысыма Жамбылдың экологиясын тақырып етiп алған едiм. Ендi сол тақырыпқа қайта оралдым. Мүсiн қашауға да бiршама күш-жiгер жұмсадым. «Қазақстанның қолөнер шеберлерi» атты кiтапқа менiң де бiраз заттарым енген екен. Осыдан он бiр жыл бұрын жасаған «ортеке» атты бұйымымды өз басым ерекше құрметтеймiн.

- Ортекенi қалай жасадыңыз?

- Халық арасында осындай дүниенiң бар екенiн естiгенiммен, көрген емеспiн. Ендеше, «неге жасап байқамасқа» деген ой сап ете қалды. Шынымды айтсам, бұл ертегiдей елестейтiн. Басында ортеке аяқтарын жiппен қозғалтамын ба деп топшыладым. Осыған қатысты көптеген сызбаларым бар. Бұдан түк шықпады. Бiрде Өмiрғали деген музыкант жолдасым механизмiн шамамен бiлетiнiн жеткiздi. Әлбетте, түсiндiрдi.

Ортеке физиканың тепе-теңдiк заңымен қозғалысқа түседi екен. Әрмен қарай жұмысым жеңiлдеп сала бердi. Бiр-екi нұсқасын бажайлап көрдiк, ақырында үшiншiсi мынау алдыңызда тұрған (ортекенi нұсқап) нұсқаға тоқтадық. Бұрынғыларға қарағанда бұл жолғы нұсқасына аяқтың астынғы буынына қозғалыс енгiздiм, яғни үш буынды еттiм. Артқа қарай айналып кетпейтiндей етiп мейлiнше табиғи бiтiмiн қалпына келтiрдiм. Артық қимылдар би ырғағын бұзбауы үшiн арнайы кедергiлер де есептелiнген. Мұның ерекшелiгi — өздiгiнен тұрады, айналады, шалқаяды, жатады. Сондай-ақ, әр түрлi күтпеген қозғалыстарға да икемдi. Алғашқы ортекелерден тағы бiр артықшылығын тiлге тиек етсек, мойын да, бас та еркiн қимылдайды. Осылайша тепе-теңдiк екi есе ұлғайтылып тұр. Ортекенi өмiрге әкелуiме үш жылдай уақытым сарп етiлдi. Оны одан әрi жетiлдiре түсу қажет.

 - Байқау, көрмелерге қатысып тұрасыз ба?

 - 1993 жылы Алматыда өткен республикалық деңгейдегi фольклорлық фестивальда лауреат атандым. Моңғолиядан келген бiр әйел кiсi кiлемнен тоқылған портретi үшiн бiрiншi орын иелендi, ал екiншi орынға Абай атындағы педагогикалық университетiнiң қолөнер кафедрасы (Дәркембай Шоқпарұлының жетекшiлiгiндегi) қол жеткiздi. Сосын ойда жоқта барып қалған менiң сыбағама үшiншi орын бұйырды. Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған жеке қолөнер көрмесiн өткiздiм. Онда домбыра, қылқобыз, ортеке аспаптарымен қатар, мол ыдыс-аяқ, көптеген мүсiндерiм көрермен назарына ұсынылды. 1987 жылдан бастап 30-дай көрмеге қатыстым. Орайы келгенде айта кетейiн, Шымкент қаласында болған қолөнер шеберлерiнiң семинарында қырғызстандық шеберлердiң жүннен сақина, бiлезiк басқандарын көрiп аңырап қалдым. Бiзге жүннен киiз, сырмақтан басқа ешнәрсе жасау мүмкiн емес секiлдi. Жүннен жасалған түрлi-түстi құстар, аңдар көздiң жауын алады. Ал байпақтарының өзi неге тұрады? Кетер кезiмiзде бiзге естелiкке бiр-бiрден жүн сақиналар тарту етiлдi.

- Қолөнер шеберлiгiне оқыту мәселесi қалай шешiлiп жатыр?

- Жамбыл облысында қолөнер бұйымдары да, шеберлерi де жетiспейдi. Бұрын өнер колледжi бар едi, қазiр ол гуманитарлық колледж болып өзгердi. Осы күндерi өнер ордасын қалпына келтiремiз деп талпынып жүргендер де бар. Бiздiң де тiлегiмiз – сол.

- Туындыларыңыз мұражайларда сақталған ба?

- Тараздағы мұражайда екi картинам бар. Ақтаудағы мұражайда екi картинам сақталған. Астанада он шақты картинам тұр. Шет елге кеткен жұмыстарым да жетерлiк.

 - Қаншалықты тапсырыс түседi?

- Тапсырыс түседi. Бiрақ мен өзiм қалаған нәрсемен айналысқанды ұнатамын.  Астанадағы мұз қалашығында ортеке, жылан, «Астана аруы» атты қыздың сұлбаларын мұзбен соққан едiм. — Суретшiлерге қаржылық көмек жасала ма? — «Мен ұрлыққа түскенде, ай жарық болыпты» демекшi, бiзге ондай бақ бұйырмады. Кеңес үкiметi тұсында Суретшiлер одағына әжептәуiр қаржылық жағдай жасалғанға ұқсайды.


Арман СЕРІКҰЛЫ,

Тараз қаласы,

«Дала мен қала».

 

 

Пікірлер