“Бостандық” мүсіні АҚШ-та қалады. Бұл туралы 17 наурызда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Еуропарламент мүшесі Рафаэль Глюксманның ескерткішті Францияға қайтару туралы талабына жауап бере отырып айтты, деп хабарлайды “Адырна”.
«Бүгінгі таңда француздардың неміс тілін білмейтіні Америка Құрама Штаттарының арқасында», - деп атап өтті АҚШ президентінің өкілі.
AFP хабарлағандай, мұндай түсініктемемен Левитт Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияны нацистік басқыншылықтан азат етудегі АҚШ-тың рөлін еске түсіргісі келді. Рафаэль Глюксманды Ақ үйдің баспасөз хатшысы "ешкімге таныс емес, төмен дәрежелі француз саясаткері" деп атады.
16 наурызда Еуропарламент депутаты Глюксман АҚШ әкімшілігі мен президент Дональд Трамптың шешімдері еркіндік құндылықтарына жақын еместігін айтып, “Бостандық” мүсінін Францияға қайтару керегін мәлімдеген.
"Біз оны сіздерге сыйладық, бірақ көріп тұрғанымыздай, сіздер оны менсінбейсіздер", - деп айтты ол америкалықтарға арнап.
Украинаға белсене қолдау көрсететін Глюксман Вашингтонды Мәскеумен жақындасқаны үшін айыптады. Оның айтуынша, АҚШ "қиянатшылардың жағында тұрды". Сонымен қатар француз саясаткері Трамп әкімшілігін ғылыми еркіндікке қатаң талап қойған ғалымдарды жұмыстан шығарғаны үшін сынға алды.
”Бостандық” мүсіні - Францияда мүсінші Огюст Бартольдидің жетекшілігімен жасалды. Ол АҚШ-қа Францияның тәуелсіздік соғысындағы қолдауын құрметтеу үшін сый ретінде ұсынылған. 46 метрлік мыс мүсін 1886 жылы Нью-Йорктегі Либерти аралында ашылған. AFP мәліметінше, бір кездері мүсін АҚШ-қа кіреберіс рұқсатын күтіп тұрған иммигранттар үшін жақсы өмірге үміттің символы болды.