Бұрынғы кеңесші Болтон Украина келіссөзі сапасыз жүргізіліп жатқанын айтты

154
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5W9tNwG2QGb7OWvtD7kp05KVnOyddfWCC6Ah8AMR.webp

Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресеймен арадағы бейбіт келіссөздерді нақты нәтижеге жеткізудің жолын толық түсінбейді. Олардың келіссөз жүргізу тәсілі мен ұстанымдарына АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон сын айтты. Бұл туралы ол «24 Каналға» берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Болтонның пікірінше, келіссөз жүргізіп отырған тараптардың ұстанымдары бір-бірінен тым алшақ. Сондықтан қазіргі дипломатиялық талқылаулардан нақты нәтиже күту қиын.

«Тараптардың ұстанымдары бір-бірінен соншалықты алшақ, бұл келіссөздер ешқайда апармайды. Бұл – Трамптың келіссөз жүргізу стилі мен оның өкілдеріне тән негізгі кемшілік. Олар бейбіт келісімге қол жеткізгеннен кейін болатын жағымды өзгерістер туралы айтады. Алайда мұндай келісімге нақты қалай қол жеткізуге болатынын толық түсінбейді немесе оған мән бермейді», – деді Джон Болтон.

Сонымен қатар ол америкалық келіссөз жүргізушілерді Ресейдің ұстанымына еріп кетті деп айыптады. Әсіресе олардың Еуропадағы болашақ қауіпсіздік архитектурасын талқылауға келіскеніне наразылық білдірді.

Болтонның айтуынша, АҚШ тарапынан мұндай маңызды келіссөздерді Мемлекеттік хатшы Марко Рубио жүргізуі керек. Оның пікірінше, дипломатиялық үдерісте кәсіби тәжірибе мен нақты стратегия маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Трампқа тікелей бағынышты екенін атап өтті.

«Кушнер мен Уиткофф – Трамптың толықтай айтқанымен жүретін өкілдері. Олар президент не тапсырса, соны орындайды. Трамп мұны жақсы біледі. Сондықтан Ресей, Иран, Газа және басқа да ірі дағдарыс аймақтары бойынша келіссөздерде дәл осы екеуі негізгі өкіл болып отыр. Өйткені олар тек Трамптың алдында ғана есеп береді», – деді Болтон.

Осылайша, Джон Болтон АҚШ әкімшілігінің келіссөз жүргізу тәсіліне күмән келтіріп, бейбіт келісімге қол жеткізу үшін нақты дипломатиялық стратегия мен кәсіби келіссөз жүргізушілер қажет екенін алға тартты.

Пікірлер