Дауыс клондау технологиясы. Мектеп мұғалімі шетелдік бейнені қазақша сөйлетті

291
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ATJCXwQcBnvrJqRZltRpKfKd4SQdyKK7A9vzzafI.jpg

Математика пәнінің мұғалімі Дәуіт Сұраған шетелдік YouTube видеоларын қазақша тыңдауға мүмкіндік беретін DybysDub жобасын әзірледі. Жас педагогтің бастамасы қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейтіп қана қоймай, білім алуға деген жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып отыр.

Қазақ тіліндегі сапалы білім мен танымдық контенттің аясын кеңейту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Әлемдік ақпарат кеңістігінде ғылым мен технологияға қатысты құнды материалдар мол болғанымен, олардың басым бөлігі өзге тілдерде ұсынылады. Бұл қазақтілді аудиторияның халықаралық білім қорына қол жеткізуін белгілі бір деңгейде қиындатады. Шетелдік бейнежазбаларды қазақша қабылдауға мүмкіндік беретін DybysDub жобасы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.

Жоба авторы – 24 жастағы математика пәнінің мұғалімі Дәуіт Сұраған. Ол 2019–2023 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Математика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алған. Қазір Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылындағы IT мектеп-лицейінде еңбек етеді. Педагогикалық жолының 4-жылына қадам басқан жас маман үшін ұстаздық пен технология – бір-бірін толықтыратын екі бағыт.

«IT саласы мен үшін хобби ретінде басталды. Студент кезімде графикалық дизайнмен, Photoshop бағдарламасымен және видеомонтажбен айналыстым. Кейін ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдары пайда болғанда, бағдарламалау мен цифрлық жобаларға деген қызығушылығым күрт артты. Менің түсінгенім – қазіргі заманда IT-өнім жасау үшін міндетті түрде кәсіби бағдарламашы болу шарт емес. Жасанды интеллект көмегімен кодтың логикасын түсініп, қателерін жөндеп үйренуге болады», - дейді маман.

DybysDub жобасын жасау идеясы Дәуіттің ойында біраз уақыттан бері жүрген.

«Бұл идея бір күнде туған жоқ. Кезінде Яндекс браузері видеоларды автоматты аудару мүмкіндігін шығарған кезде, оның қалай жұмыс істейтіні маған қатты қызық болып, содан шабыт алған едім. Оған қоса, өзім мұғалім болғандықтан, сабаққа қажет шетелдік ғылыми-танымдық видеоларды үнемі қараймын. Десе де, олардың көбі шет тілінде екенін жақсы білесіздер. Ал нақты DybysDub жобасын жасауға Назарбаев Университетінің ISSAI институты әзірлеген ISSAI Voice Studio платформасындағы дубляж бөлімі тікелей түрткі болды. Сол мүмкіндікті көрген сәтте «Бұл өте мықты технология, бірақ адамдар видеоны жүктеп алып, бөлек сайтқа салып әуре болмай, тікелей YouTube-тың өзінен бір батырмамен қазақша тыңдай берсе қандай ыңғайлы болар еді» деген ой келді. Сөйтіп сол технологияны халыққа қолжетімді ететін көпір ретінде DybysDub кеңейтімін жасап шықтым», - дейді ол.

Алғашқы демо-нұсқаны Дәуіт небәрі 2–3 сағаттың ішінде әзірлеген.

«DybysDub-тың ең алғашқы жұмыс істейтін демо-нұсқасын өзім жалғыз отырып, небәрі 2–3 сағаттың ішінде жинап шықтым. Әрине, бұл кездейсоқтық емес. Соңғы үш жылда түрлі IT жобалар жасап, тәжірибе жинағаным және ЖИ құралдарының көмегі жұмысты айтарлықтай жеделдетті», - деп түсіндірді математик.

Бастапқыда жоба тек жеке тексеруге арналған қарапайым прототип болған. Кейін ISSAI институты оның бастамасына қолдау білдіріп, кеңейтім Chrome Web Store дүкеніне ресми түрде жарияланған.

«Алғашқы нұсқа тек өзім тексеріп көруге арналған, көпшілікке ашық емес қарапайым прототип еді. Қазіргі нұсқасы әлдеқайда кең мүмкіндіктерге ие. DybysDub YouTube видеолары мен Shorts-ты қазақ, орыс, ағылшын, түрік, өзбек және қырғыз тілдерінде дыбыстай алады. Сонымен қатар пайдаланушылар түпнұсқа дыбыс пен дубляж дауысын бөлек реттеп, дайын аудионы жүктей алады.  ISSAI аккаунты арқылы әр қолданушыға айына 40 минут тегін беріледі. Қазіргі таңда жобаны одан әрі дамыту мен жаңарту жұмыстары ISSAI институтының әзірлеушілерімен бірлесіп жүргізіліп жатыр», - дейді автор.

Қазіргі таңда сервисті Android құрылғыларында, сондай-ақ ноутбук пен компьютерде пайдалануға болады. Компьютерде DybysDub Google Chrome және Яндекс браузерлері арқылы жұмыс істейді. Ал Android қолданушылары кеңейтімді Kiwi Browser арқылы іске қоса алады.
DybysDub-тың жұмыс істеу алгоритмі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен пайдаланушы ISSAI Voice Studio платформасындағы аккаунты арқылы кіріп, браузердегі YouTube видеосының жанынан «DD» батырмасын басады.

«DybysDub кәдімгі YouTube қосымшасының ішінде болмайды, ол – браузерге бөлек орнатылатын кеңейтім. Ең алдымен, жүйе видеодағы сөйлеушілерді анықтап, әрқайсысының дауысын ажыратады. Сөйленген сөздер мәтінге айналып, қажетті тілге аударылады. Соңында аударылған мәтін қайта дыбысталады. Жүйе видеода қанша адам сөйлеп жатқанын және әрқайсысының дауысын ажыратады», - деп түсіндіреді Дәуіт.

DybysDub-тың басты ерекшелігі – дауыс клондау технологиясын қолдануы.

«Аударылған мәтін кәдімгі робот дауыспен емес, түпнұсқа видеодағы сол кейіпкердің өз дауыс тембрі мен интонациясына салынып, қайта дыбысталады», - деп атап өтті ол.

Осылайша дайын қазақша аудио бастапқы видеоның үстіне синхронды түрде қосылып ойнайды. Қазіргі нұсқада видео екі есе жылдамдықпен өңдеуге жіберіледі. Бұл аудионы дайындау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба авторының сөзінше, алдағы уақытта аударма мен дыбыстау жылдамдығын арттыру жоспарланған. Әсіресе, ұзақ видеоларды өңдеуді жеңілдетіп, дайын аудионы жылдам алу мәселесіне басымдық берілмек.

Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер