Маңғыстау облысындағы Маңғышлақ станциясынан Ақтау теңіз портына дейінгі магистральдық теміржол желісі мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
Бұл шешімді Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 14 наурызда қабылдады.
Прокуратураның мәліметінше, «Каскор-Транссервис» АҚ аталған теміржол желісін иелігінде заңсыз ұстап келген. Қазақстан заңнамасына сәйкес, магистральдық теміржол желілері мемлекеттік меншікте болуы тиіс. Осыған байланысты көлік министрлігі сотқа талап арыз беріп, оны толық көлемде қанағаттандырды.
«Бұл шешім – еліміздің көлік инфрақұрылымын тұрақты дамыту және теміржол жүйесінің стратегиялық нысандарын мемлекет бақылауына алу үшін маңызды қадам», – деп мәлімдеді Бас көлік прокуратурасы.
Аталған компания Нұртай Әбіқаев пен Жақсыбек Күлекеевке жақын адамдарға тиесілі. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, компанияның аффилиирленген тұлғалары қатарында 2010 жылдан бері Нұртай Әбіқаевтың ұлы – Марат Әбіқаев бар. Ал Жақсыбек Күлекеев 2021 жылдан бері компанияның директорлар кеңесінің мүшесі.
Жақсыбек Күлекеев – Еуразия ұлттық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы және Президент жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды мониторингтеу және талдау орталығының мүшесі. Бұрын ол жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған.
2008 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті болған кезде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бойынша айыпталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Ол мемлекеттік сатып алу тендерлерінде заңбұзушылықтар жасағаны, теміржол құрылысына қажетті материалдарды қымбат бағаға сатып алғаны және қызметтік көлік ретінде Lexus LX 470 автокөлігін жоғары бағамен иеленгені үшін сотталған.