Қазақстанда азаматтық және эксперименттік авиациядағы әуе оқиғаларын тергеумен айналысатын уәкілетті орган құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қатысуы 100% болатын акционерлік қоғам ретінде құрылатын бұл орган авиациялық апаттар мен оқыс оқиғаларды тергеуді ұйымдастырып, жүргізуге жауапты болады.
Жаңа органға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға әуе оқиғаларын тергеуге қатысты нормативтік-құқықтық актілер әзірлеуге жәрдемдесу, Қазақстан аумағында және шетелде тіркелген қазақстандық ұшақтардың қатысуымен болған апаттарды тергеуге қатысу және авиациялық оқиғалардың алдын алу және олардың салдарын азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттеледі.
Сонымен қатар, әуе оқиғаларының статистикасын жүргізу және халықаралық ұйымдармен деректер алмасу, тергеу барысында дәлелдерді сақтау және құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету, халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттары мен ұсыныстарын сақтау мониторингін жүргізу және ICAO-ға қазақстандық заңнаманың халықаралық талаптардан айырмашылығы туралы уақтылы хабарлау міндеті жүктеледі.
Жаңа орган 2025 жылдың соңына дейін құрылмақ. Бұл бастама Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру және халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.