Естен кетпес есім

1013
Adyrna.kz Telegram

Қазақ киносы – ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Кино арқылы қоғамның тарихи кезеңдері, ұлттық болмыс пен заманауи үрдістері көрініс табады. Осы бағытта киноның теориялық негіздерін зерттейтін кинотану ғылымының маңызы зор. Республикамыздағы кәсіби кинотану мектебінің бастауында тұрған Нөгербек Бауыржан Рамазанұлы 1993 жылы Алматының Темірбек Жүргенов атындағы Театр және Кино институтында алғаш рет өзінің шеберханасын ашып, отандық жас түлектерді қанатының астына жинап, болашақ кинотанушыларды даярлауға қадам басады. Сол алғашқы мұзбалақ кинотанушылар қатарында Наурызбекова Гүлжан Құрманғалиқызы да болды.

Қазақ кинотану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өмірін кино педагогикасына арнап, жас кинотанушыларды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірген Гүлжан Құрманғалиқызы туралы сөз қозғау – қазақ мәдениеті мен өнеріне деген құрметтің белгісі. Ғибратты ғұмырында Гүлжан Құрманғалиқызы – білім мен ғылым саласында өзіндік орны бар ұлағатты ұстаз, тәжірибелі басшы, әрі терең зерттеуші бола білді. Оқуын тәмамдағасын білім алған ошағында педагогикалық қызмет жолын бастап, ұстазының ізгі жолын жалғастырды. Ол шәкірттеріне сапалы білім мен тәлім-тәрбие беруді басты мақсат етіп, білімімен де, адами қасиеттерімен де үлгі бола білген құрметті тұлға. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және ТВ» факультеті мен «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасындағы басшылық қызметінде ұжымдық басқарудың озық үлгілерін енгізіп, ұйымшылдық пен кәсібилікті үйлестіре отырып, білім беру үдерісін жоғары деңгейге көтерген бірегей жан. Кәсіби ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу ордасының дамуына елеулі үлес қосуымен қатар бірнеше жыл Халықаралық деңгейде өткен Еуразия кинофестивалінің «алтын кезеңінде» жаңашыл бастамаларға жетекшілік еткені әлі күнге санамызда сайрап жатыр.

Біз білетін Гүлжан Құрманғалиқызы қазақ киносының тарихын, оның теориялық негіздерін терең зерделей отырып, ұлттық кинотанудың ғылыми-әдістемелік негізін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Әр зерттеу мақаласы қазақ киносының ерекшеліктерін, оның тарихи дамуы мен эстетикалық құндылықтарын жан-жақты талдауға бағытталды. Ұлттық кинематографтың даму үрдістерін, режиссура мен сценарий өнерінің қалыптасу кезеңдерін, кино тілі мен оның эстетикалық ерекшеліктерін қаламына тиек етті. Кино өнеріне деген шынайы құштарлығы оны әрдайым жаңа ізденістерге жетелеп отырғаны хақ.

Кинотанушының Мұхтар Әуезов шығармашылығына және оның кинематографиялық бейнеленуіне қатысты жүргізген зерттеулері отандық кинотану ғылымында ерекше орын алады. Ол Әуезовтің қазақ кино өнеріне ықпалы, оның прозасынан экранға көшкен шығармалардағы көркемдік ерекшеліктері туралы кеңінен талдау жасады. Әуезовтің әдеби мұрасы мен ұлттық кинематографтың өзара байланысын зерттей отырып, қазақ киносының тарихи-мәдени негіздерін терең ашуға үлес қосты. Оның «Әуезов және кино» еңбегі Мұхтар Әуезов шығармашылығы мен оның экрандық интерпретациясына терең кинотанушылық талдау жасауымен ерекшеленеді. Зерттеуші Әуезов шығармаларындағы характерлік кейіпкерлердің экранда бейнелену ерекшеліктері, олардың көркемдік және режиссерлік интерпретациясы зерттеу нысанына айналған.

Абай бейнесінің биографиялық жанр аясында сомдалуы – ұлттық кинематографиядағы маңызды құбылыс. Бұл тұрғыда Гүлжан Наурызбекова Абайдың экрандық тұлғасын талдап, оның әдеби мұрадағы және кинодағы көркемдік табиғатын салыстырады. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің деректі кино кейіпкері ретіндегі бейнесі – оның мәдени-ағартушылық және әдеби мұрасының кино өнері арқылы насихатталуын айқындайтын маңызды аспектілердің бірі. Зерттеушінің еңбегі Әуезов шығармалары мен оның кино өнеріндегі бейнесіне аналитикалық тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді. Бұл зерттеу ұлттық кинематография мен әдебиет байланысын, сондай-ақ тұлғаның экрандағы репрезентациясын түсінуге септігін тигізеді.

Ұстаз ретінде кино педагогикасында Гүлжан Құрманғалиқызы жаңа оқыту әдістерін енгізіп, студенттерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Көптеген дарынды кинотанушылардың қалыптасуына ықпал етті. Оның дәрістері тек теориялық білім берумен шектелмей, кино өнеріне деген сүйіспеншілік пен кәсіби шеберлікті сіңіруге негізделді. Студенттеріне әрдайым шығармашылық ізденісті, сыншыл ойлауды және ұлттық кино мұрасын терең түсінуді үйретті. Ұстаздық жолында ол көптеген шәкірттерінің ғылымға, кино зерттеу ісіне бет бұруына себепкер болды. Оның тәлімін алған шәкірттері бүгінгі таңда қазақ кино өнерінің, қазақ телевизиясының, кино педагогикасы, сыншылық сынды  әртүрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Шәкірттерінің жетістіктері ұлағатты жанның еңбегінің маңыздылығын айшықтай түсері анық.

Гүлжан Құрманғалиқызы еселі еңбек жолында ұлттық кинематографтың дамуына белсенді араласып, жаңа толқын режиссерлерімен, сценаристермен шығармашылық байланыс орнатты. Ол қазақ кинотануын шетелде танытуға зор үлес қосып, көптеген халықаралық біліктілікті арттыру, академиялық ұтқырлық бойынша өзге елдердің кино зерттеушілерімен тығыз байланыс орнатты. Қазақ кинотану ғылымының дамуы үшін оның ғылыми және практикалық базасын нығайту маңызды екенін ұғынған және соның жолында белсенді қызмет атқарған аяулы жан. Бұл бағытта арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу, кино зерттеушілерін даярлау, кинотану еңбектерін басып шығару және халықаралық ғылыми байланыстарды арттыру қажет екендігін үнемі алға тартып отырды. Осы орайда, кинотанушы мамандардың рөлі арта түспек. Өйткені, қазақ киносының кешегісі мен бүгініне баға беріп қана қоймай, болашағына да ықпал ететін негізгі сарапшылар – кинотанушылар екенін ескеріп, соны жадымызға құя білген Гүлжан Құрманғалиқызының әр ақылы мен кеңесі көкейімізде жатталып қалды.  

Қазақ кинотану ғылымында өзіндік сара жолын қалыптастырған кинотанушы Раушан Оспанова, Роза Абдуллахатова, Қатеш Әлімбаева, Күлшара Айнағұлованың ізін басып, жолын жалғаған Гүлжан Құрманғалиқызының есімі кино педагогикасы мен қазақ киносы тарихында мәңгілікке сақталары анық. Ардақты ұстазымыз қазақ киносының жанашыры, білікті педагог және терең ойлы ғалым ретінде кино өнерін сүйер жандардың жадынан өшпейді.

Қадірлі Гүлжан Құрманғалиқызы – бойына терең адамгершілік қасиеттерді сіңірген, айналасына құрмет пен жанашырлық таныта білетін ерекше тұлға. Оның үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруі – тек әдеп қана емес, рухани кемелділіктің белгісі деп түсінемін. Ұлттық мәдениет пен өнерге жанашырлық танытып, оның дамуына үлес қосу жолында ол өзінің әділеттілігімен, кең жүректі болмысымен ерекшеленеді. Кафедрадағы үлкен классик ақсақалдардан бастап, өнер мен ғылымға енді ғана қадам басқан өрімдей жастардың басын бір арнаға тоғыстыру – үлкен шеберлік пен ептілікті қажет ететін іс. Бұл қасиет кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ал Гүлжан Құрманғалиқызы осы жауапкершілікті өз мойнына алып, әр буынның өзара үйлесімді қарым-қатынаста болуына ықпал ете білді. Оның әділетті көзқарасы мен жанашырлығы айналасындағы адамдарға демеу болып, әркімнің өз жолын табуына мүмкіндік берді. Парасатты тұлға үлкендерді сыйлап, олардың тәжірибесі мен даналығын бағалай білсе, жастарға сенім артып, олардың бойындағы талант пен жігерді қолдауға әрдайым дайын тұратын. Көзі тірі болғанда биыл мерейлі 65 жасқа толар еді... Гүлжан Құрманғалиқызының адамгершілік болмысы, мейірімі мен еңбекке деген талапшылдығы – айналасындағы адамдарға үнемі үлгі болып қалары хақ. Оның тек өз ортасында ғана емес, киногерлер үшін де қадірлі тұлға ретінде танылып, рухани үндестіктің, шығармашылық сабақтастықтың жарқын көрінісін қалыптастырудың озық үлгісін көрсете білгені жанға медеу...

 Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,

кинотанушы

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Девушка из г Рединг опозорилась на всю Беларусь! Видео ошеломит
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Позвали Таню, и жены начали уводить мужей. Не стесняется стыдобы
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец на выпускном взорвал сеть: смотреть без детей
Пікірлер