Үш айдың шамасында болу керек, көп жыл жолдас болған кемпірінен айрылып қалды. Сол кезде телефон соқты, «Әй, Берік, айналайын, жеңгең кетіп қалды ғой» деп. Жер шалғай, амал қанша, сол кезде де жете алмағанмын.
Жақында, бір айдың шамасында болу керек, тағы телефон шалып еді, «Олай-бұлай болып кетсем келерсің, ағаңның басында боларсың, шаруаның қалғаны өзіңе белгілі ғой» дегенді айтып. Шамасы, «жұрт қатарлы жерлей салмасын, ең болмаса қаралы жиын жасап, азды-көпті еңбегімді ескерсін» дегені болу керек. Біраз сөйлесіп, қоштасарда кемсеңдеп қалған. Жалпы біз жиі хабарласып тұратынбыз. Көбіне өзі телефон соғатын. Осыдан екі жыл бұрын арнайы барып, сәлем беріп, көкірегіндегі сөз-қазынаны екінші мәрте үнтастаспаға сарқа хаттап, қасында бір күн болып, келісі күні жолға қамданғанымда: «Ағаң олай-бұлай болып кетсе міндетті түрде кел, өзің шығарып сал» деп еді-ау, жарықтық. Кеше, таң алдында немере келіні Айзада телефон соқты, «Атамның халі нашар. Есі өзінде кезде ақырғы рет «Сіздің есіміңізді атады, хабарлас, жағдайымды айт. Намазыма келер, қалғанын өзі біледі» депті. Бүгін таң алдында суық хабар сумаң етті. Жалма-жан Қызылордаға, ұшаққа билет алып, Жалағашқа – Тұрақ Ахетов досыма хабар салып, әкімдіктегі жігіттердің құлағын көтеріп, Мұхтар Ниязов ініме телефон соғып, Сырдағы мәдениет пен руханият саласында жүрген бас көтерер азаматтарға айтып, «ертең қонағасы шығар, арғы күні шығаратын болар» деген үмітпен дайындық қамына кірісіп кеткенмін. Қалай дегенмен соңғы аманат сөзі бар. Сөйтіп, бір өңірдің сөз ұстаған қазыналы қариясын жұрт алдында жария жиын жасап, шығарып салатын болармыз деген ізгі ойым адыра қалды. Ағайын-жұрт ылдым-жылдым ойласа келе, күні ертең жерлеуге шешім қабылдап жіберіпті. Қарияның ақырғы сөзін айтып, Құдайдың зарын қылдым. Басқаны білмедім, Мақпалкөлден телефон соққан молда Күмісбек інімнің уәжі солай, ойластық кезінде келіні ештеңе демепті-міс. Бұл не қылған асығыс тірлік? Денесі шыдамайды, күтуді көтермейді дейтіндей шіліңгір шілде болса бір сәрі. Әй, осы біз бар ғой...
Мейлі, енді амал жоқ. Екі жылдан бері айтып, қайта-қайта қақсап жүруінде, сөзін нығарлап, үстін-үстін телефон соғуында мән бар екен-ау. Іші сезген сияқты ғой, жарықтықтың. Осыншама қобалжудың мәніне бойлай бастағандаймын. Жерлеп қойғаннан кейін барғанмен сүйегін көріп, топырақ салып үлгере алмаймын, асыл ағаның денесі құм көрпесін қымтап алайын деп тұр екен. Амал қайсы, ұшаққа алған билетімді кері өткізерімді де, өткізбесімді де білмей, бет сипап отырған жайым бар. «Аға, өзім хабарласамын, бір дерегін айтамын» деген молдекем де қарасын көрсетпей кетті. Басқа – басқа, тап осы Өміртай қарияның жерлеуіне асығыстық танытпау керек еді. Мен бұл кісінің көкірегіндегі қазынаны 2014 жылы, марқұм Қаһарман Бабағұлов дүниеден өткен соң, марұмның «Өмір жыры» деректі романының желісі бойынша, менің жетекшілігіммен режиссер Кенжебай Дүйсенбай түсірген фильм-портрет жобасы барысында толық қаттай бастадым. Сол сапарда көзім жеткен, оның ересен даңғылдығына. Арада он жыл өткенде, 2024 жылы Гүлфайруз екеуміз Жалағашқа – Мақпалкөлге арнайы іздеп барып, қасында бір күн болып, арқайым әңгімелесіп, білетін әңгімелерін тағы бір мәрте жазып алғанмын.
Жарықтықтың жады баяғыдай, мөлдіреп тұр екен. Өзі жайында бірнеше мақала жазғанымды қалады. Мен 2024 жылы тамызда «Сен кімнің гөй-гөйі едің, Күмісай?» деген көлемді мақала жазып қана үлгердім. Кешегі сарыбай Сәдір мен Бекіш билердің жұрағаты Өмекеңнің – Өміртай Кемелұлының білгені мен түйгені көп еді. Әттең, көнекөз қариялардың әңгімесіне мән беру, сарқып тыңдау мәдениетінен жұрдай заманға тап болып, бойындағы өте сирек кездесетін әңгімешілдік өнері өз деңгейінде бағаланбады. Ақыр аяғы, міне, бір асығыс, екі үсігіс тірлік арасында «жиын» жасап, салтанатымен шығарып салуға да мұрсат берілмегені ғой. Марқұм, өзі соның жайын білгендей-ақ тықыршыған екен. Амал қанша, Өміртай-дәуірдің қоңыраулы көші мәңгілікке бет түзеді. Абырой — тірілер үшін. Енді оған ештеңенің де қажеті жоқ. Тек «қап-ай» деп қалғанымыз болмаса. Қош аға, қош қазыналы қара нар, Алла ақырыңды абат еткей!
Ұқсас жаңалықтар